meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Бірдің кесапаты - мыңға, мыңдікі - түменге.
Жамандық көрмей, жақсы болмас.
Патша залым болса жұрт тозады,
Патша алым болса жұрт озады.
Мұзға сүйенбе, жауға сенбе.
Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат.
Көрінгеннің алысы жоқ,
Көтергеннің ауыры жоқ.
Жауды сынасып ұрыспақ жоқ.
Ұлың тентек те болса зор болсын.
Баста ми жоқ болса, екі аяққа күш келер.
Күнің бір күн болса да жорға мініп өт.
Өнер - қанат, білім - санат.
Еңбек - ердің санаты,
Білім - ердің қанаты.
Жастықта жиған білімің - қарттыққа жұмсар мүлігің.
Бала тәрбиесі басынан, еңбекке баулу жасынан.
Ащы мен тұщыны татқан білер,
Алыс пенен жақынды жортқан білер.
Бай болмақ ініден,
Биікке шықпақ баладан.
Сөз мәнісін білмеген сөзді өзіне келтірер,
Көш мәнісін білмеген көшсе көлік өлтірер.
Батыр аңқау келер,
Балуан өктем келер.
Өтірік айтып пайда тапсаң, ақырында залал табарсың,
Рас айтып, залал тапсаң, ақырында пайда табарсың.
Ер егіз, еңбек жалғыз.
Құдай малыңды алса да бейіліңді алмасын.
Батыр мақтанса бір оқтық,
Бай мақтанса бір жұттық.
Жетесіз батыр тез өлер.
Туған жердің жері де көрікті,
Елі де сүйікті.
Бақа көлінде патша,
Балық суында патша,
Жігіт елінде патша.