Филология | Мемлекеттік тілдің бүгінгі таңдағы көрінісі

 Филология | Мемлекеттік тілдің бүгінгі таңдағы көрінісі

Мазмұны

Кіріспе
1 "Мемлекеттік тіл" ұғымы және оның анықтамасы
1. 1 Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қалыптасу жолдары, кезеңдері
1. 2 Мемлекеттік тілдің әлеуметтік қырлары
1. 3 Еліміздегі қазіргі кездегі тілдік жағдайдың әлеуметтік мәселелері
1. 4 Қазақ тілінің қоғамдық қызметі мен қолданыс аясы жайында
1. 5 Мемлекеттік тілмен басқа ұлттардың арақатынасы, қақтығыстар мен келісімдер
2 Мемлекеттік тілге байланысты қабылданған заңнамалық құжаттардың сипаты және олардың жүзеге асырылу деңгейі
2. 1 Тіл саясаты мен ондағы негізгі ұсыныстар
2. 2 Мемлекеттік тіл мәртебесін сақтауға байланысты жүзеге асырылуға тиіс іс – шаралар
2. 3 Мемлекеттік тілдің Қазақстандағы аймақтық дамуына ұсыныстар
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы: Тіл – қоғамдық құбылыс. Ол адам баласының ғана келбетін, даму сипатын көрсетіп қоймайды, сонымен бірге қоғамның да ілгерілеуін, алға қадам басуын, көркеюін көрсетеді. Тіл – адам баласының ғана емес, ұлттың, халықтың, қоғамның болмысын көрсететін құбылыс. Адамзаттық құндылықтар қатарында тіл – ғылымнан да, мәдениет пен өнерден де бұрын аталады. Ғылым да, мәдениет те өнер де материалдық игіліктер де, саясат та тілдің қатысуымен жасалады. Тілдің адамның жан – дүниесіне өлшеусіз әсер ете алатын құдіреті саяси тетік ретінде ертеден – ақ пайдаланылған.
Ғалым – ұстаз Ш. Бектұров тілдің қызметі туралы төмендегідей ой – пікір айтады: «Жалпы тілдің қоғамдық қызметімен қатар, ойды жарыққа шығару қасиеті де бар. Әрбір адам өз ойын басқа біреуге тіл арқылы айтып жеткізеді, біреудің ойын тіл арқылы түсінеді. Сонымен тілге анықтама беруде, тілдің әлеуметтік, яғни адам қоғамына қызме етуі және ойлаудың, ойды жүзеге асырудың құралы екендігі негізге алынады. Тілдің қатынас құралы болу қызметін қарым – қатынас коммуникативтік қызметі десе, ал оның ойды жүзеге асыру қызметін көркемдеуші, бейнелеуші экспрессивтік қызмет дейді».
Тілдің бұл екі қызметі – қарым – қатынас коммуникативтік қызметі мен көркемдеуші бейнелеуші экспрессивтік қызметі - өзара бір – бірімен тығыз байланысты, бірі екіншісін тудыруға себепкер. Мысалы, басқа тілді үйрену үшін адам, ең алдымен, сол тілде сөйлейтін адамдармен қарым – қатынас жасау әрекетін бастайды. Әбден үйреніп алғаннан кейін ғана сол тілде ойлап, ойын жарыққа шығарудың құралына айналдырады.
Әрбір құбылыстың өзінің шығу және даму тарихы болатыны тәрізді тілдің де шығу тарихы бар. Кейбір тілдер ерте туып, бірақ кейіннен келе – келе қолданудан шығып жатса, енді бірқатары ілгері басып дамиды. Осындай қолданудан шығып қалған тілдерді өлі тілдер немесе көне тілдер деп атайды.
Бүгінгі таңда, күнделікті өмірде қолданылып жүрген тілдерді тірі тілдер немесе қазіргі тілдер дейді. Әр мемлекеттің өз ішінде көбірек қолданылып, мемлекеттік маңызы бар іс қағаздары негізінен осы тілде жүргізілуі тиіс тілдерді – мемлекеттік тіл дейді. Мәселен, бұған қазіргі қазақ тілін жатқыза аламыз.
Бітіру жұмысында қазақ тілінің әлеуметтік қырлары, қолданылу аясы кеңінен сөз болады. Қазақ тілінің саласында тер төгіп жүрген ғалымдардың нақты тұжырымдарына сүйене отырып, мемлекеттік тілдің заңдық тұрғыда қолданылуын бағдарладық.
Жұмыстың көкейкестілігі: Мемлекеттік тіл тақырыбы қазіргі таңда ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Өйткені мемлекеттік тіл – біздің бүкіл халқымыздың ортақ тілі, тарихы талай ғасырлардан бері келе жатқан құбылыс. Мемлекеттік тіл бірақ дәл қазіргі кездегідей бұрын – соңды мүшкіл халді бастан өткеріп көрмепті. Ана тіліміздің бүгінгідей жағдайға түсуі қазақ халқының ұлттық, отаншылдық сана – сезімінің қандай деңгейде екенін көрсетеді. Бірақ мемлекеттік тілдің құлдырауы бұлай жалғаса беретін болса, қазақтығымызды, елдігімізді мүлде жоғалтарымыз ақиқат. Сондықтан бұл жұмыстағы негізгі ой қазақ тілінің өткір мәселелерін жан – жақты ашып талдау болатын.
Зерттеудің пәні: Қоғамымыздағы мемлекеттік тілдің қолданылу, жұмсалу аясы. Мемлекеттік тілдің қызметін ретке келтіруге бағытталған іс – шаралар жиынтығы.
Зерттеудің мақсаты: Мемлекеттік тілдің бүгінгі таңдағы көрінісін, бет – бейнесін анықтау. Мемлекеттік тілді нығайту жолында жасалып жатқан жұмыстарға баға беру.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы: Мемлекеттік тілдің қалыптасу тарихы тұңғыш рет ғылыми деректермен дәлелденді. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қызметі нақтыланды. Тіл саясатының негізгі тұжырымдары айқындалды.
Жұмыстың құрылымы: Бітіру жұмысы кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер, қосымша әдебиеттер тізімінен тұрады.
Зерттеудің дерек көздері: Бақытжан Хасанұлының әр жылдары жарық көрген мемлекеттік тілге байланысты еңбектері, энциклопедиялар, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мақалалары, басқа да ғалымдардың баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары.

1 "Мемлекеттік тіл" ұғымы және оның анықтамасы

Алдымен «мемлекеттік тіл» деген ұғым шеңберін қалыптастыру үшін оның анықтамасына мән беріп кетейік. Әрі мемлекеттік тіл ұғымы кеңес одағы кезінде бізге көп таныс бола қойған жоқ. Мұның да астарында бір саясат жатқаны анық еді. Сол себептен, ең алдымен, кеңес одағының басылымдарында «мемлекеттік тіл» ұғымы қандай мағынада қолданылды, соған үңілеміз.
"Мемлекеттік тіл" ұғымы жарты ғасырдан астам уақыт бойында кеңестік республикалардың не конституцияларында, не заң ғылымдарында, не лингвистикалық әдебиеттерінде жете зерттелмегені былай тұрсын, ол өз мәнінде де қарастырылмады. Қарастырылғанның өзінде де ол бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда, қарама-қайшы мағынада түсіндірілді.
Мемлекеттік тіл идеясының өзі кеңестік идеологияға жат, қанау, кіріптар ету немесе күштеп ассимиляциялаудың басты айыпкері ретінде ұғындырылып, оны шет елдерге тән адамды алдымен қанауы, бір ұлттың екінші ұлтқа билік жүргізу құралы деп түсіндірілді. Мысалы, Үлкен кеңестік энциклопедияда оған: "Мемлекеттік тіл дегеніміз - бұл заңды түрде мойындалған, сол елде міндетті болып табылатын және мекемелерде іс жүргізу саласында, мектептерде сабақ өтуде қолданылатын тіл. Державалық мемлекеттерде мемлекеттік тіл басқа қалған кіші ұлттардың өкілеттігін шектеу арқылы және оларды ығыстыру арқылы үстем ұлттың өз тілін күштеп енгізуі нәтижесінде іске асады ",– [ 1, 485 ] деп анықтама береді.
Бұл анықтамадан көріп тұрғанымыздай, кеңес үкіметі құрамындағы ұлттар тіліне жасап отырған өз үстем саясаттарын дәл берген сияқты. Анығында олар капиталистік елдердегі мемлекеттік тілдерді сипаттауға ұмтылған, бірақ өздерінің жүргізіп отырған әрекеттерін жасырып қала да алмаған.
Осылайша біртіндеп мұндай анықтамалар арқылы "мемлекеттік тіл" терминін кеңестік өмір саясатына сыйыспайтындай етіп көрсетуі өрши түсті. Бұл сөз жүзінде тілдер теңдігін мойындаған, ал іс жүзінде орыс тілінің үстемдігін жүргізуге бағытталған кертартпа тіл саясатының бүркеншігі еді. Сондықтан мемлекеттік тіл проблемасын қозғауға батылы жетпеушілік немесе бұл ұғымның осындай түсініктемелеріне үнсіз бас изеушілік түрлі саладағы мамандардың (социолингвистер, тарихшылар, құқықтанушылар т.б.) еріксіз оны аса маңызды қызметтік мәнін зерттеу аясынан шығарып тастады. Сол себептен кеңес үкіметінің тұсындағы заң құжаттарында «мемлекеттік тіл» термині кездеспейді деп айтылады. Мұның өзінің бір айқындалған себептері болды. Төңкерістен кейінгі бірінші бесжылдықта Одаққа қараған республикаларда мемлекеттік іс-қағаздары заңды түрде оларды мемлекеттік тіл деп арнайы жарияламай-ақ, орыс немесе республиканың байырғы халқының тілінде жүргізіліп отырды. Бұл кезеңдерде тілдердің еркін қолданылуы мен дамуына біршама жақсы жағдайлар жасалды. Мысалы, бұған Қазақстан көлемінде қабылданған мынадай заңды құжаттарды атауға болады:
1. 1919 жылғы шілденің 10-да Бүкілресейлік Атқару комитеті (ВЦИК) мен Халық Комиссарлары кеңесінің (СНК) декреті негізінде қабылданған "Қырғыз (қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы" (1920, 6- тамыз) декреті; 2. Қазақ КСР- і кеңестерінің 1-ші құрылтай съезі қабылдаған ҚАЗССР еңбекшілер правосының декларациясы (1920ж,6- қазан); 3. 1921 жылы ақпан айының 2-сінде Қазақ АССР Халық комиссарлар Советі қабылдаған "Қазақ, орыс тілдерінің мемлекеттік мекемелердеқолдану жөніндегі" декреті; 4. 1923 жылы қарашаның 22- сінде қабылданған "Қазақ тілінде іс-жүргізу туралы" деп аталатын Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің декреті; 5. 1924- жылы ақпанның 18-нде қабылданған Қазақ АССінің Орталық Атқару комитеті қабылдаған Қазақстанның 1-ші Конституциясы.
Мұнан кейінгі жылдарда да, яғни 1924 жылы КСРО-ның жаңа Конституциясы қабылданып, онда тілдердің мәртебелері айқындалды, бірақ мұнда "мемлекеттік тіл" емес одақта республикаларда жалпы қолданылатын тіл туралы айтылады, ал оның қандай мағына беретіндігі, қолдану аясы түсіндірлмейді.
Соңғы жарты ғасырлық уақыт (1938-1987) аралығында "мемлекеттік тіл" ұғымы республика жұртшылығының өмірінде заң жүзінде көрініс бермейді. Бұл тіл теңдігі мен ұлт тілінің дамыту мәселесі сөз жүзінде сақталған, ал іс жүзінде саналы түрде тежеуге бағытталған саясаттың күш салған тұсы болды. Осы кезеңде заңды түрде мемлекеттік тіл ретінде жарияланбай-ақ, орыс тілі КСРО аумағында барлық өмір салаларында жеке дара "ұлы" тіл болып шыға келді. Бұған белгілі дәрежеле түрткі болған 1938 жылдың 13 наурызындағы КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі мен БК(Б)П Орталық комитетінің "Ұлттық Республикалар мен облыстардағы мектептерде орыс тілін міндетті түрде оқыту" жөніндегі қаулы болды. Қаулының текісін көріп отырғанымыздай не жергілікті тілдерге қысымшылық көрсету жөнінде, не орыс тілінің нақтылы мәртебесі туралы ештеме айтылмаған. Алайда оның күнделікті өмірде, білім беру саласында өзге тілдердің қызметінің жарты ғасырға тежелуіне және онымен байланысты қалған өмір саларында да күйзеліске түсуіне әкелді. Осының ізімен дәл осндай, яғни орыс тілді үйренуді міндеттеген арнаулы қаулылыр 1948, 1961, 1978, 1983 жылдары қабылданып, іс жүзінде іске асырылды. Бұл ұлттық тілдердің өз сөйлеушілері үшін тастанды тілге айналуына, тіпті кейбіреулерінің мүлдем тіл ретінде жойылуына әкеп соқтырды. Мысалы, Кеңес үкіметі орнаған кезде РСФСР- да тұратын халықтар 193 тілде сөйлесе, 1937 жылғы көрсеткен көрсеткіш- 90. Ал 1998 жылғы дерек бойынша КСРО-да оқу процесі небәрі 39 тілде жүргізіліпті. Сонда арадағы 51 жылда 51тіл жойылыпты.
Осындай қатты күйзеліске түскен тілдердің бірі – қазақ тілі. Қазақ тілі бұрынғы Одақтағы өзге тілдер сияқты өзінің қызметін көптеген өмір салаларында қысқартылды, өз сөйлеушілерінің екінші тіліне айналып, тұрмыстық жанұялық қатынасқа дейін ысырылды. Оған тағы бір себеп, бір сөзбен айтқанда, Кеңес үкіметі мен Компартия жүргізген зорлап ұйымдастыру саясаты кезіндегі халықтың аштан қырылуы мен жөн-жоқысыз өзге ұлт өкілдерінің Қазақстанға жаппай қоныстандырылуы еді. Соның кесіріне қазақ тілі өз этникалық Отанында көпұлттылық жағдайға душар болды. Ұлтаралық қатынас құралы ретінде қазақтардың ықтиярынсыз икемделген орыс тілі өз өктемдігін жұргізді. Ақырында қазақ тілінің табиғи ортасы бұзылды. Қазақ жерінің солтүстігі мен орталығында, күллі қалаларда қазақтың азайуы желеу етіліп, ана тілі шет қақпай көрді. Мысалы, 1938-1985 жылдар аралығында қазақ мектептерінің саны 4391-ден 2400-ге дейін азайған, басқаша айтқанда елу жылға толар-толмас уақытта 1901 мектеп жабылған екен.бұл қазақ халқының тілдік мүддесі тіпті де ескерілмегенін көрсетеді.
«Қазақ халқы есін жиып, 1986-1987 жылдардан бастап азаттық үшін ашық күреске шықты., ол тілден басталды десек болғандай. Орталықтың тегеурінінде әкімшілдігіне төтеп беріп, ана тілін дамыту мәселесі күн тәртібіне қойылды. Осыған орай қазақ халқының зиялыларының талап етіуі бойынша 1987 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ ССр Министрлер Советінің "қазақ тілін оқып-үйренуді жақсарту туралы" қаулысы қабылданды. Мұнан кейінгі жылдарда КСРО-ның ыдырауы мен бұрынғы Одаққа қараған республикалардың негізгі тілі мемлекеттік тілі болып жарияланды. Кейбір республикаларда өз тіліммен қоса орыс тілін ұлтаралық қарым-қатынас құрал тілі ретінде жариялады. Мысалы, Қазақстанның 1989 жылғы Тіл заңында: "Қазақ ССР-інде орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі болып табылады",–деп көрсетілсе, сол заңның екінші бабында: "Қазақ ССР-і орыс тілінің мемлекеттік тілмен бірдей еркін қолданылуын қамтамасыз етеді",– деп жазылды. Бірақ қабылданған Конституцияларда да, шыққан заңдарда да "мемлекеттік тіл" ұғымының түсініктемесі берілмеді. Айталық, сол тұстағы, яғни 1989 жылы өз тілдері мен орыс тілін қатар мемлекеттік тілдер ретінде жариялаған Прибалтика, Тәжікстан, Украина, Қырғыз, Өзбек, Қазақстан республикаларының Тіл туралы заңдарынан мемлекеттік тілдің анықтамасын табу қиын. Дегенмен олардың әрқайсысынан көмескі түрде болса да, мемлекеттік тілдің анықтамасын табуға болады. Мысалы, Молдавия Конституциясының 70-бабына сәйкес қабылданған. Тіл заңында Молдавия мемлекеттік тілі – молдаван тілі деп жазылғаннан кейін оның түсініктемесі ретінде мынандай сипаттама берілген: "Государственный язык действует политической,экономической, социальной и культурной жизни и функционирует на основе латинской графики",– делінген.
Орыс тілінің осы ресми тіл мәртебесі болуы кейінгі кезеңдерде егемен мемлекеттердің заң құжаттарында әлі күнге дейін қолданыстан қалмай келеді. Бұл қазіргі таңда өз тілін мемлекеттік тіл ретінде жариялаған республикаларда көпшілік жағдайда "мемлекеттік тіл" және "ресми тіл" дегендердің бір мағына беретіндігі ескерілмей, ара жігінің алшақтанып, бір-бірінің қайшы қойылуына себеп болып отыр. Мысалы, Қазақстан Республикасының Конституциясында "Қазақстан Республикасының мемлекеттілік тілі– қазақ тілі",– деп анық көрсетілген. Ал орыс тілі жөнінде: "мемлекеттік ұйымдардажәне жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады",– делінген» [2, 6].
Жалпы әлемдегі тілдік процеске назар аударсақ, онда "мемлекеттік тіл" және "ресми тіл" дегендер өзара синоним сөздер. әрине "ресми тіл" терминінің "мемлекеттік тіл" терминінен бөлек кездесетін сәттерде болады. Мұндайда ол бір мемлекеттен тысқары елдер, мемлекеттер арасындағы келісілген тіл қызметінде қолданылуы мүмкін. Мысалы, БҰҰ жұмыс тілі деген сияқты реттерде [3, 196] .
Мемлекеттік тіл– көптілді қоғам айналып өте алмайтын, ас қажетті құбылыс. Дегенмен, ол мемлекеттің саяси құрылымына өзіндік ұстаған ішкі, сыртқы саясибағыттарына байланысты әр қалай сиппатталуы мүмкін. Мәселен, Франция, Испания, Пакистан, Қытай сияқты елдерде мемлекеттік тіл– соны жариялаған ел азаматтарының барлығы бірдей білуге тиіс болса, Индонезия, Филиппинда мемлекеттік тіл– көпұлтты елдің түрлі халқын саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың тиісті құралы болып табылады. Сондай-ақ кей елдерде мемлекеттік тіл қарсы шығуға болмайтын тіл болып есептеледі, тілге қарсы шығу мемлекетке қарсышығу болып табылады (Пакистан).
Сонымен жоғарыдағыларды негізге алар болсақ "мемлекеттік тіл" ұғымынының мәнін былай түсіндіруге болады:
– Қандайда тіл болмасын, егер мемлекеттік тіл болып жариияланса, ол– сол елдің негізгі тілі. Сондықтан да, ол тіл әкімшілік-басқару органдарының қызмет бабында қолданылатын тіл. Сондай-ақ сан алуан өмір салаларында алдымен пайдалануға тиісті.
– Мемлекеттік тіл – оны жариялаған ел азаматтарының барлығы міндетті түрде білуге тиісті тіл.
– Мемлекеттік тіл – Ту мен Елтаңба сияқты мемлекеттің рәмізі.
– Мемлекеттік тіл – көпұлтты елдің күллі халқын саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың тілі.
– Мемлекеттік тіл – елдің лингвистикалық бірлігін білдіреді.
– Мемлекеттік тіл – мелекет қамқорлығына алынған тіл, оған қарсы шығуға болмайтын тіл.
Сонымен "мемлекеттік тіл" ұғымына нақтылай анықтама беретін болсақ:
Мемлекеттік тіл көпұлтты (көптілді) мемлекетте халықтың ұлттық құрамына қарамай іс қағаздарын, мектеп пен жоғары оқу орындарында оқыту, мәдениет, баспасөз бен байланыс (почта, телеграф т.б.) орындарында, құқық қорғау мен оның қолдану аясын (сфера) кеңейту үшін мемлекет тарапынан белгілі бір уақытқа жоспарланған жан – жақты бағдарламалар жасалады. Мемлекеттік тіл әрдайым мемлекеттің қорғауында және оның қамқорлығында болады. Демократиялық қоғамды белгілі бір тілге мемлекеттік мәртебе (статус) беру оның басқа тілдерге қысымшылық көрсету болып табылмайды. Бұл туралы Республикамыздың Тіл туралы Заңында (1997 ж.) анық айтылған. Кеңес заманында КСРО – ның Конституциясында және басқа да мемлекеттік құжаттарда ашық айтылмаса да, орыс тілі іс жүзінде (де - факто) Мемлекеттік тіл функцияларын орындады. Орыс тілінің осындай ерекше ролі геральдикалық әдіспен анықталады. Мысалы, КСРО – ның елтаңбасы мен ақша бірліктерінде орыс сөздер үлкен әріппен беріліп, басқа ұлттық тілдердегі лексемалар кіші әріппен берілгені дәлел бола алады. Кейбір көпұлтты (көпұлтты) мемлекеттерде тілге берілетін мәртебе басқаша аталуы мүмкін: ресми тіл, ресми түрде қолданылатын тіл, ұлттық, конституциялық және аймақтық тілдер. Осыған байланысты «көпұлтты» және «көптілді» деген терминдердің синоним сөздер ретінде қолданылуын сөйлеу тіліміздегі қателеріміздің бірі ретінде қараған жөн. Кезінде КСРО (Югославия) көпұлтты мемлекет болатын, себебі Одаққа өздерінінң белгілі бір территориясы, шекарасы, басқару органдары бар субъектілер енген болатын. Ал Қазақстан жайында ол басқаша, мұнда жоғарыда көрсетілген Одаққа тән ерекшеліктер болған жоқ, сол себептен де Республикамыз әлеуметтік тіл білімі тұрғысынан қарағанда көпұлтты емес, көптілді елдер санатына жатады деу шындыққа сәйкес келеді.
Көпұлтты елдердің қатарына жататын мемлекеттің субъектілері (ұлттық республика, облыс, аймақ т.б.) өздерінің ұлттық тілдеріне мемлекеттік мәртебе беруге құқылы болса, көптеген елдерде мұндай еркіндік жоқ. себебі көптілді елдің құрамына диаспора ретінде енген ұлт – ұлыстардың қалыптасуы солақай саясаттың, депортацияның т.б. нәтижелері болуы мүмкін., яғни бұл құбылыстардың тарихи мән – мазмұны жоқ. сол себептен Қазақстанда мемлекеттік қостілділік қабылданбай, қазақ тілі мемлекеттік тіл болып, орыс тілі ресми түрде қолданылатын тіл болып жарияланған [4, 37].
Мемлекеттік тіл – қоғамдық функциялардың көпшілігінде қолданылатын тіл, белгілі бір территорияға тараған және құқықтық мәртебеге ие болған, мағыналық тұрғыдан ресми тілге бара-бар бірақ құқұқтық жағынан кейбір елдерде ерекшеленеді [5, 3].
Мемлекеттік тіл – мемлекеттің басқа символдарымен (елтаңба, ту, әнұран) қатар мемлекетті билік және басқару органдары тарапынан қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорындар, білім беру, ғылым және мәдениет, саласы және тағы басқа тарапынан бекітіледі, қоғам өмірінің әр түрлі саласында интеграциялық қызмет атқарып, мемлекетті нығайтудың негізгі құралы болып табылады, елдің мәдени және шаруашылығын дамуын қамтамасыз етеді.....
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру