Қазақ тілі | : Ұлттық әшекей бұйымдардың тілдегі көрінісі.

 Қазақ тілі | :  Ұлттық әшекей бұйымдардың тілдегі көрінісі.

Мазмұны

КІРІСПЕ.....4
1 ҰЛТТЫҚ ӘШЕКЕЙ БҰЙЫМДАРДЫҢ ТАНЫМДЫҚ ТАБИҒАТЫ ....9
2 ЛЕКСИКОГРАФИЯЛЫҚ ДЕРЕКТЕРДЕГІ ҰЛТТЫҚ ӘШЕКЕЙ БҰЙЫМДАРҒА ТАЛДАУ. . . . . . . . . . . . . 25
2.1 Ұлттық әшекей бұйымдар – халық мәдениетінің көрінісі ...25
2.2 Ұлттық әшекей бұйымдардың фразеологиялық көрінісі...29
2.3 Ұлттық әшекей бұйымдардың мақал-мәтелдердегі көрінісі ……......35
ҚОРЫТЫНДЫ.....34
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ....43

КІРІСПЕ
Жұмыстың өзектілігі. Тіл – адамзат қоғамының белгілі бір кезеңінде туып, заңды түрде дамыған семантикалық жүйе. Тіл – адамзаттың бір-бірімен пікірлесуін, сөйлесуін қамтамасыз ете келіп, тілдік қарым-қатынасты іс жүзінде асырады.
Әлем бейнесінің небір құпия сырларын ұғынып түсінуге әрқашан қадам жасаған әрбір этностың ғасырлар бойындағы жеткен жетістіктері бүгінгі күнге жеткен мол қазына. Әр алуан халықтардың әлем күмбезін өзінше жүйелеп, өзінше жобалап, қияли-ой құдіретімен бейнелеуге талпынған жалпы кеңістік пен уақыт туралы танымы, наным-түсінігі, сенімі қазіргі антропоцентристік және этноцентристік ұстанымдардың өріс алып отырған тұсында өзекті мәселелердің біріне айналуда. Адам баласының өзіндік субъективті пікірі мен теориялық ойлау қабілеті күллі тіршілік-тынысының, мән-мағынасы ретінде көрінетін біртұтас таным үрдісі арқылы ғана дүние сырын жете ашуға мүмкіндік алады. Жаңа дәуір – XXI ғасырға аяқ басқан тұста мейлінше жетілген, кемеліне келген ғылым мен өркениет рухани жүдеуліктен бас тартып, халықтың ішкі рухының берік сақтаушысы – тіл мен мәдениетке арқа сүйеуді мақсат етіп отыр.
Лингвистика тілдің белгілі бір дәуірдегі статикалық қалпын да, әр дәуірді қамтитын динамикалық күйін де зерттейді. Тілдің тарихи дамуы, диахрондық қалпы сол тілді туғызған, оны қатынас құралы ретінде қолданған қоғам табиғатымен тығыз байланыста қарастырылады. Осы тұрғыда тіл білімінде халықтың рухани және материалдық мәдениетінің шындық- болмысын тілдік жүйе арқылы анықтайтын – лингвомәдениеттану саласы қалыптасқан.
Табиғи шындық, ой мен сана тіл формасы түрінде іске асатын болғандықтан, адамзаттың таным үрдісі, өзін қоршаған дүние әлемді, ғарыш пен кеңістікті қабылдауды тілде қалай көрінеді деген мәселені ғылым ескерусіз қалдыра алмайды. Мәдениет пен тілдің ара жігі туралы алғаш сөз еткендердің бірі, американдық ғалым Эдуард Сепирдің пікірінше, "мәдениет – халықтың ойлауының, іс-әрекетінің көрінісі, ал тіл – қалай ойлаудың көрінісі".
Тіл мен мәдениет – бір-бірінен ажырамайтын екі бірдей әлеуметтік құбылыс. Қоғамның өзі адамнан, ал адами жеке тұлғаның қалыптасуы тіл мен мәдениет бірлігінің тұтастығынан тұрады. Әр ұлт өз мәдениетін, ұлттық болмысын және тұрмыс тіршілігінің бейнесін тілінде сақтайды, тілі арқылы келер ұрпаққа жеткізеді. Тіл – мәдениеттің жемісі және оның құрамды бөліктерінің бірі, мәдениеттің қолданылуының бірден-бір шарты.
Қазақ тіл білімінде тілдік бірліктердің этнолингвистикалық табиғатын зерттеу – бірнеше ғылым түрлерінің басын біріктіретін күрделі, ерекшелегі мол зерттеу салалрының бірі. Әлем бейнесінің небір құпия сырларын ұғынып түсінуге әрқашан қадам жасаған әрбір этностың ғасырлар бойындағы жеткен жетістіктері бүгінгі күнге жеткен мол қазынасы – тілдік бірліктердің этнолингвистикалық сипатын айқындаудың, яғни қазақ тіл білімінде этнолингвистикалық зерттеулердің қазіргі жағдайы, кейбір лексика-семантикалық топтар этномәдени семаникасының жүйелі ғылыми-теориялық тұжырымдамасын жасау қажеттігін дәлелдейді.
Диплом жұмысы тілдің мәдени лексикасындағы әшекей бұйым атауларының тілдегі көрінісін лингвомәдени, этнолингвистикалық аспектіде қарастыруға арналған.
Диплом жұмысында әшекей бұйымдар атауларына, олардың тіл және мәдениет, тіл және этнос тұрғысынан, фразеологизмдердегі, мақал-мәтелдердегі көрінісіне талдау жасалынады.
Осымен байланысты ұлтымыздың тілін, дүниетанымын, материалдық және рухани байлығын т.б. зерттеу жұмысы жандана түсуде. "Тіл мен ұлт біртұтас" деген қағиданы басшылыққа алатын, "этностың болмыс-бітімін оның тілі арқылы танып білу" мақсатынан туындаған бітіру жұмысының этнолингвистикалық бағыты қазіргі ғылыми сұраныспен өзектес сипатта анықталады. Дегенмен, ұлттық әшекей бұйымдардың рухани мәдениетпен тығыз байланыстылығын, атап айтқанда, қазақтың салт-дәстүрлері, наным-сенімдері, тыйымдары күнделікті тұрмыста қолданылатын қолөнер бұйымдарына қатыстылығы ұлт мәдениетін танудағы өзекті мәселе екенін атап өткен жөн.
Ұлттық әшекей бұйымдар атауларының тарихи халықтың таным дүниесімен тығыз байланысты, сондықтан халық мәдениеті мен тілінің кеңдігін, тереңдігін танытуда әшекей бұйымдар атауларының лингвомәдени және этнолингвистикалық, фразеологиялық, мақал-мәтелдердегі көрінісін тілдік тұрғыдан зерттеу бітіру жұмысының өзектілігін айқындайды.
Диплом жұмысының нысаны. Қазіргі тіліміздегі ұлттық әшекей бұйымдардың тіліміздегі көрінісі.
Диплом жұмысының пәні. Ұлттық әшекей бұйымдардың тілдік танымдық табиғатын, фразеологизм мен мақал-мәтелдердің көрінісіндегі тілдік деректер.
Диплом жұмысының мақсаты. Қазақ халқының рухани мәдениетімен сабақтас қалыптасқан материалдық мәдениеті, қолөнеріне қатысты ұшан-теңіз қазынасының тілдік табиғатын лингвомәдени, этнолингвистикалық, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер
зерттеу негізінде ұлттық болмыс мазмұнын анықтау.
Алға қойған мақсаттардан төмендегідей жұмыстың міндеттері туындайды:
• ұлттық әшекей бұйымдардың танымдық табиғатын анықтау;
• ұлттық әшекей бұйымдардың фразеологиялық көрінісін ашу;
• ұлттық әшекей бұйымдардың үлгілері мен олардың нұсқаулық атауларын анықтау, олардың суретін және қысқаша анықтамаларын беру;
• ұлттық әшекей бұйымдардың мақал-мәтелдердегі көрінісін сипаттау;
Диплом жұмысының әдістері. Жұмыстың барысында жаппай сұрыптау, жүйелеу,баяндау, түсіндіру, талдау әдістері қолданылды.
Жұмыстың материалдары ретінде жалпы іріктеу негізінде жинқталған халық тұрмысындағы әшекей бұйымдар мен олардң атаулары пайдаланылды. Жиналған материалдың жалпы саны – 200 – ге жуық әшекей бұйымдар жұмыстың талдауын негіз болды.
Жұмыстың дереккөздері ретінде ұлттық әшекей бұйым атауларының лингвомәдени, этномәдени табиғатын жан-жақты қарастыру негізінде лексикографиялық еңбектерден, он томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігінен (1974-1986), Қазақ тілінің сөздігінен, І. Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» (1977), Қазақ ұлттық энциклопедиясынан (1-8том), Р.Н.Шойбековтың "Қолөнер лексикасы" атты автарефератынан, диссертациялардан алынды.
Сондай-ақ қазақ халқының материялдық мәдениетіне байланысты жазылған тарихи-этнографиялық, өнертану сипатындағы Ә.Х.Марғұланның «Казахское народное прикладное искусство» (1-3 том, 1986,1987,1994), С.Қасимановтың «Қазақ халқының қолөнері» (1969,1994), Ә.Тәжімұратовтың «Шебердің қолы ортық» (1977), Х.Арғынбаевтың «Қазақ халқының қолөнері» (1978), С.Кенжеахметұлының «Жеті қазына» (2000), Р.Н.Шойбековтың «Қазақ зергерлерінің сөздігі» (1987ж.), Д.Шоқпарұлының «Қазақтың қолөнері» (2005ж.) атты еңбектері пайдаланылды.
Диплом жұмысының нәтижелері. Жұмыстың нәтижелері негізінде қазақ тіл біліміндегі лингвомәдениеттану, этнолингвистика теорясына, сондай-ақ мәдени лексиканы, соның ішінде әшекей бұйым атауларын арнайы сөз ететін іргелі зерттеу жұмыстарына жүгіндік. Тілі білімі теориясында тіл мен мәдениет, тіл мен этнос ара-қатынасы жөніндегі В.Гумбольдт, Г.Пауль, А.Потебня, Ф.де Соссюр, Э.Севортян, Ф.Филлин, В.Ярцева, Е.Кубрякова, Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, Ә.Қайдаров, Р.Сыздықова, Е.Жанпейісов, Т.Жанұзақов, Қ.Хұсайынов, М.Копыленко, Ж.Манкеева, І,Кеңесбаев, А.Салқынбай, А.Сейсенова, С.Қасиманов, М.Өмірбекова, Р.Шойбеков, еңбектері бітіру жұмысының теориялық өзегі етіп алынды.
Ұлттық әшекей бұйым атауларының тілдік бірлік ретінде лингвистикалық талдау жасау бұл мәселеге жаңаша көзқараспен қарауға септігін тигізді. Соңғы жалдары тілі білімінің шектес ғылымдар тоғысуындағы пайда болған бағыттарына орай әшекей бұйымдар этнолингвистикалық лингвомәдениеттану және танымдық тұрғыдан сипаттау ұлттық менталитеттің ажырамас бөлігі мен көрінісі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

1 ҰЛТТЫҚ ӘШЕКЕЙ БҰЙЫМДАРДЫҢ ТАНЫМДЫҚ ТАБИҒАТЫ

Тіл тарихы - сол тілді жасаушы және сол тілді қолданушы халықтың тарихының бір саласы. Сондықтан белгілі бір тілдің тарихын сол тілді жасаушы, қолданушы жене оның иесі — халықтың тарихына байланыссыз қарауға болмайды. Тіл тарихы мен халық тарихының байланысы - екі жақты байланыс.
Халықтың ерте кездегі әдет-ғұрпы, тұрмысы жайындағы этнографиялық ұғымдардың атаулары сөздіктер мен тарихи шығармаларда сақталып, олар жайында мағлұмат береді.
Этнографтар, мәдениеттанушылар халықтың замандар бойындағы тұрмыс-салты, әдет-ғұрпына байланысты жайлар мен халық жасаған материалдық байлық, рухани мәдениетке қатысты жайларды зерттегеңде тіл фактілеріне соқпай өте алмайды. Өйткені тіл - солардың бәрін ұзақ замандардың бойында ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген және сақтап қалған құралдардың бірі.
Тіл білімі тілдің белгілі бір дәуірдегі статикалық қалпын да, әр дәуірді қамтитын динамикалық күйін де зерттейді. Тілдің диахрондық қалпын зерттеу - сол тілді туғызған, оны қатынас кұралы ретінде қолданған қоғам табиғатымен тығыз байланысты. Сондықган тіл білімінде халықтың материалдық мәдениетінің тарихын қарастыратын - лингвистикалық мәдениеттану және этнолингвистика салалары қалыптасқан.
Белгілі ғалым Э.Бенвенисттің "тіл, мәдениет және жеке адам үштігі (триада)негізінде басқа бір лингвистика тууы мүмкін" деген ойы XX ғасырдың соңғы онжылдығында қалыптаса бастаған жеке дербес лингвистикалық мәдениеттану пәнінің пайда болуына жол ашты[1, 52].
"Орта ғасырдың соңғы бөлігінде, ғасырлар тоғысқан тұста әлемдік озық лингвистика тілтанымның теориялық бағыттарын имманентті, структуралық лингвистикадан өзгешелеу жаңа арналарға - яғни тілді жеке адаммен, оның ойлау өрісімен және рухани-практикалық қызметімен байланыстыра қарауға қарай бет бұрып отыр. Когнитивті, антропологиялық лингвистика деп аталатын мүлде жаңа салалардың қатарында соңғы жылдары "лингвокультурология" деп аталатын бағыт та аталып келеді. Бұлардың қай-қайсысы да - қазақ тіл ғылымы төселе қоймаған соңғы салалар".
Лингвистикалық мәдениеттану - лингвистика мен мәдениеттану пәндерінің тоғысуында пайда болған халықтың мәдениетінің тілге әсер етуін зерттейтін ғылым. Лингвистика ғылымында ұлттық мәдениет пен ұлттық тілдің өзара байланысы туралы көптеген
пікірлер кездеседі. Орыс тіл білімінде бұл мәселе жөнінде "тіл -мәдениетті жеткізудің құралы", "мәдениеттің компоненті", "мәдениеттің бір құрамдас бөлігі" [2, 103] делінген бағыттарда біршама зерттеу жұмыстары бар. Сонымен қатар тіл мен мәдениеттің парадигмасындағы жеке тұлға аспектісіне назар аудару қажеттілігі айтылып келеді. Мұнда мәдениеттің феномені мен тілді тұтынушы тұлға арасындағы байланыс зерттелуі қажет. Ал бұл мәселе кез-келген халық өмір сүретін қоғамда болып жататын әлеуметтік-қоғамдық өзгерістерге байланысты. Тіл мен мәдениеттің өзара байланысын зерттеушілер, яғни лингвомәдениеттанушылар осы мәселені жан-жақгы, ауқымды түрде қарастыруға талпыныс жасауда.
"Лингвокультурология - это наука, возникшая на стыке лингвистики и культурологии и исследующая проявления культуры народа, которые отразились и закрепились в языке" [3, 14]. Тіл мен мәдениеттің өзара әсері және өзара байланысы процесін қарастыратын ғылым саласы жоғарыда көрсетілген анықтамамен берілгенімен, аталған меселе бүгінгі күннің жаңа бағыты емес. Этностың тілі мен мәдениетінің ерекшеліктері соңғы кезде жаңаша көзқараспен қарастырылғанымен, бұған дейін ғалымдар бұл мәселені психология, әлеуметтік лингвистика, этнопедагогика, этнолингвистика тағы басқа пәндердің негізінде зерттеп келді.
Тіл мен мәдениеттің өзара байланысы мәселесін алғаш рет көтерген ғалымдар Я.Гримм, Р.Раск, А.А.Потебня. Бұл мәселелердің қайнар көзі - Ф. фон Гумбольдттың ғылыми еңбектерінде мынандай ғылыми ой-тұжырымдар жасалады:
• материалдық және рухани мәдениет тілге әсер етеді;
• кез келген мәдениет ұлттық нышанға ие, бұндай сипат тілдік
жүйеде айқын көрінеді;
• тіл - адам мен қоршаған ортаны жалғастырушы буын;
• тілге "халықтық рух" пен мәдениетгің белгісі - ішкі форма тән[4, 15].
В. фон Гумбольдттың ізбасарлары Г.Штейнталь мен М.Лацарус этностар психологиясының тілге әсерін қарастырса, ал В.Вундт тілдің әлеуметтік сипатын зерттеді. Белгілі ғалым А.А.Потебня тіл халықтың мәдениетінің негізгі қайнар көзі екендігін дәлелдеп, халық ауыз әдебиетіндегі аңыз-әңгімелердің ерекшеліктерін анықтады. Лингвист Ф. де Соссюрдың теориясы бойынша халықтың мәдениеті, салт-дәстүрлері мен менталитетінің тілге әсері мәселелері этнолингвистика пәні түрғысынан зерттелген. Тіл мен мәдениет ара қатынасы американдық ғалымдар Э.Сепир мен Б.Уорфтың лингвистикалық салыстырмалы болжам гипотезасында қарастырылған, бұл теория бойынша:
• тіл халықтың ойлау қабілетіне әсер етеді;
• күнделікті өмір мен дүниені тану амалдары субъектілерді тілде ойлауына байланысты болады [5, 174].
Осы гипотезаның негізгі қағидаларын Л. Вейсгербер жалғастырды. Лингвистикалық салыстырмалы болжам теориясы шетелдік және ресейлік ғалымдардың бірде қарсы пікірлеріне тап болса, бірде зерттеушілер оның тіл мен мәдениеттің өзара қатынасындағы орасан қызметін бағалап, негізгі ойды жалғастырып отырды. Соңғылардың қатарына Н.И.Толстой мектебінің этнолингвистикалық еңбектері жатады.
Қандай да болмасын жаңа ғылымға қатысты түйіндеулердің болжам айту, бағыт сілтеу тұрғысынан әртүрлі болатындығы сияқты ұлттық тіл мен ұлттық мәдениет арасындағы байланысты, мәдениеттің тілге және тілдің мәдениетке әсерін пайымдайтын анықтамалық тұжырымдар да әрқилы. Алайда осы ғылым саласының объектісі турасындағы тұжырым біреу, ол - ұлттық менталитеттің, ұлттық мәдениеттің және рухани құндылықтардың тілдегі көрінісі, тіл арқылы берілуі.
Әр ұлт өз тілінде дүние, әлем туралы түсініктерін түрлі тілдік фактілер арқылы кесіп-пішеді, қоршаған әлемнің тілдік әлемі, негізінен алғанда адамдар санасындағы дүниенің логикалық бейнеленуі жағынан ұқсас болып келеді. Құбылыстар арасындағы ұқсастықтар ұғым категорияларын жасайтын лексемалардың толығуына әсер етеді. Сол ұғым түрлерінің тұтастай алғандағы атаулары тілдің негізін құраса, әлемнің, ондағы құбылыстардың тілдегі бейнесінен ұлт ерекшеліктерін танып білуге болады.
Орыс тілінің фразеологиялық жүйесінің ұлттық менталитетке қарым-қатынасын зерттеген В.Телия ұлттық мәдениет пен этностың ұлттық-танымдық сипатын фразалық тіркестермен қатар халық мәдениетінің рәсімдік нысандары, паремиологиялық қор, образ - эталондар жүйесі, символ сөздер және символды таныта алатын сөз тіркестері, теологиялық атаулар, қанатты сөздер мен орамдар арқылы ажыратуға болатынын дәлелдейді [6, 239-247]. Лингвомәдениеттану саласындағы басты бағыт - ұлттық тіл мен ұлттық мәдениеттің бір-біріне өзара ықпалы, бұнда "мәдениет" ұғымы "... рассматривается применительно к аспектам взаимодействия с языком и языковой личностыо". Лингвомәдениеттану саласының объектілері, бірліктері мен пәні жайындағы орыс тіл біліміндегі алғашқы көзқарастар В.Телияның, В.Воробьевтің еңбектерінде аталған.
Тіл мен мәдениеттің ұлттық ерекшеліктері, этнопсихологиялық болмысы, қарым-қатынастың әр лингвомәдени қауымдастықтағы өзгешеліктері мен коммуникациядағы бейвербалды компоненттердің қызметі және т.б. мәселелер көптеген монографиялар мен мақалаларда қарастырылған.
Мәдениеттің тілдегі көрінісі, ұлттық мәдени сипаттардың тілдік құралдар арқылы белгіленуі қазақ ғылымында ретроспективалық ыңғайда этнолингвистика аясында қарастырылып келгені белгілі. Сонымен қатар, ғасыр соңындағы жаңа ғылыми бағыттарда қоғам, қоғамдық құрылым, жеке адамның қоғамдағы мінез-құлқы, табиғат құбылыстары, қоршаған табиғи орта, өсімдік, жан-жануар ерекшеліктері, сондай-ақ адамның антропологиялық келбеті, ішкі жан-дүниесі белгіленетін, осыларды концептуалды немесе образды түрде атайтын тілдік құралдардың қай-қайсысында да лингвомәдени сипат, мәдениет пен тілдің қарым-қатынасы керінетінін дәлелдеуге ұмтылыс бар.....
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру