Қазақ тілі | Символдық мағынаның берілу тәсілдері

 Қазақ тілі | Символдық мағынаның берілу тәсілдері

Мазмұны

КІРІСПЕ ...........................................................................................................4
1 СИМВОЛДЫҢ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ СИПАТЫ....................................9
2 ТІЛДЕГІ СИМВОЛДЫҚ МАҒЫНАНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ...................25
3 СИМВОЛДЫҚ МАҒЫНАНЫҢ БЕРІЛУ ТӘСІЛДЕРІ.............................32
ҚОРЫТЫНДЫ ................................................................................................43
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ...............................................45

КІРІСПЕ
Бүгінгі күнде халықтың алтын тұғыры, рухани-мәдени қазынасы ретіндегі тілді зертеудің жалаң түрдегі лингвистика ғылымының зерттеу ауқымы кеңейіп, өркені өсіп отыр. Оған себеп, тілдің өз бойында бүкіл тарихты, төл мәдениетті, ұлттық талғамды, мінез бен көзқарасты, сана мен салтты, дәстүр мен даналықты, сенім мен нанымды сақтап, берік тұтуында. Басқаша айтқанда, әр тіл – өз ұлтының бойтұмары іспетті тұнып тұрған қасиетін белгілейтін таңбалық жүйе. Осымен байланысты тілдік жүйенің құрылымдық бірліктері тек дәстүрлі лингвистиканың ғана емес, этнолингвистика, социолингвистика, лигвомәдениеттану, психолингвистика, когнитивтік лингвистика т.б. ғылым салаларының зерттеу нысанына айналып отыр. Мұның өзі тіл табиғатына терең бойлап, жан-жақты қарастыру нәтижесінде тілдік жүйе құрылымының сипатын айқын тануға жол ашты. Сондықтан да тілді қарапайым таңбалық жүйе деп қарастыру ол туралы түсінікке әсер етеді және зерттеу мүмкіндіктерін шектейді. Тіл, көнеден айтылып келе жатқандай, таңбалар жүйесі ғана емес, ол осы жүйені көмкерген мәдениет. Сондықтан да қазіргі тіл білімінің антропоцентристік бағытына сәйкес, ол – әр халықтың ұлы мұрасы, ұлттың тарихи жетістігі. Тіл – мәдениетті тану кілті, рухани және материалдық мәдениеттің қалыптасуына қатысатын үлкен күш, мәдениет ескерткіші, ұлт өмірінің айнасы. Ол мәдениеттің жалпы сипатын анықтайды, негізгі ақпаратты жинайды, сақтайды және жеткізеді. Осыған сай тіл әрбір этностың мәдениеттің өзгешелігін, екінші жағынан, тіл шеңберінде мәдениеттің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуын қамтамасыз етеді. Тіл қазіргі, келер ұрпақты үлкен бір тарихи арнаға, бүтіндікке байланыстырады.
Символдардың әмбебап категория екені белгілі, дегенмен, біздің жұмысымызда тілдік көріністер ретіндегі символдың табиғаты мәдениет шегінде қаралады. Бұл көзқарас бойынша, символ – кез-келген мәдениетке тән әмбебап құбылыс. Ол халықтың дүниені түйсінуінен хабар беретін қойма, яғни ғаламның тілдік бейнесі ретінде ұлттың эстетикалық таным-талғамын, шаруашылық кәсібін, мінез-құлық, ырым-наным, салт-дәстүрін, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухты тек тілде ғана жан-жақты танытады. Осыған сай белгілі бір халықтың материалдық және рухани мәдениет элементтері тілде эстетикалық символдар ретінде қалыптасады. Мұның негізінде „әлемді тіл арқылы танытудың” әр ұлт тілінде түрлі сипатқа ие екендігі туралы шешімге символдың лингвистикалық сипатын ашу арқылы және ұлттық болмысын таныту негізінде келуге болады. Сондықтан да қазақ тіліндегі атаулардың символдық мәнін қарастыру бүгінгі күн талабынан туған, яғни тіл мен таным, тіл мен сол тілді қолданушының тығыз байланысынан туған өзекті мәселелерідің бірі деп айтуға болады.
Қазақ тілінде символдық мағынаның қалыптасу жолдары, символдық мағынаның берілу тәсілдерін анықтау – жұмыстың негізгі мақсаты. Осы мақсатқа сай төмендегідей міндеттер қойылады:
– символдың әмбебап категория ретіндегі зерттелу жайына шолу жасау;
– тіл мен таңба арақатынасын айқындау;
– тілдік таңба және сөз-символдың айырмашылықтары мен ұқсастықтарын ажырату;
– тілдік жүйеде символдың қалыптасуының когнитивтік құрылым ретінде айқындау;
– символдық мағынаның тілдік негіздерін ашу;
– символды өзімен тектес метафора және фразеологизмдермен салыстыру, сол арқылы өзара ұқсастығы мен айырмашылығын анықтау.
Символдық мағынаның қалыптасуына әсер ететін экстралингвистикалық факторлардың (көне дүниетаным, наным-сенім, этностың салт-дәстүрі т.б.) негізінде құнды рухани қазына – мәтіндердің танымдық мазмұнын қысқа да нұсқа түрде сақтап жеткізетін тілдік құралдардың бірі – символдар екені, тілдегі когнитивтік модель ретіндегі символдың түрлері символдық мәні нақты тілдік деректер арқылы анықталады.
Диплом жұмысында сипаттау, салыстыру, семосиологиялық, этнолингвистикалық талдау, топтау, жүйелеу әдістері қолданылды.
Символ мәселесі ғылым нысанасына ежелден-ақ енген. Әр кезең зертеушілері „символ” табиғатын өзінше зерделеп, оның сипатын айқындауда жітілік танытқан. Мұның өзі „символ” ұғымының күрделілігімен, ерекшелігімен де байланысты. „Символды” тану ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде дүниеге келген „символизм” ағымынан әлдеқайда ерте туған. Символ мәселесін анықтауға ерекше көңіл бөлген зертеуші В.В.Мантановтың сөзіне жүгінсек, „Символ ұғымы ғылым тарихы мен мәдениет тарихы көрсеткендей, әлдеқайда терең және жан-жақты ұғым, оны Гельгольцтей таза интуитивті үстіртін таныммен де, орыс символистеріндей мистикалық сипатпен де айқындауға болмайды” [1,131].
Символ туралы ой қозғау, тұжырым айту Аристотель мен Платоннан бастау алса да, ғылыми тұрғыдан анықтама берген неміс философы И.Кант. Себебі классикалық антика дәуірі мәтіндеріндегі символ – ешқандай объектіге қатыссыз, өзімен-өзі, өзінің таза заттық образдылығында кездеседі. Ал немістің классикалық философиясында „символ” екі бағытта танылады: экспрессивті-көрнекті (Шлегель және Шеллинг) және бейнелі-объективті [2,16].
Канттың түсіндіруінде символ – эстетикалық идея, бейнелеудің арнайы түрі. „Көрінбейтінді, мүмкін еместі жеткізуге тырысатын бейнелеудің арнайы түрі, анығында ақылдың идеяларына сәйкес келетін пайымдау” [3,273].
Гегель символ туралы былай дейді: „Символ өзі үшін өмір сүрмейтін, барынша кең жалпы мағынада түсінілуді қажет ететін, пайымдалатын сыртқы болмыс” [4,351]. И.Кант, Д.В.Шеллинг, Г.В.Гегель, И.В.Гете символды ақиқат құдіретін тану жолы деген көзқараста болды.
Әрине, символ табиғатын талдап түсіндіргенде көне ғылыми таныммен, пікір-тұжырымдармен шектелмеуге тиіспіз. Бүгінде символдың теориялық мәселелері А.Ф.Лосев, Л.В.Уваров, В.В.Мантанов, Н.Н.Рубцов, А.А.Потебня, Ю.М.Лотман, А.Белый, В.Тэрнер т.б. еңбектерінде сөз етіледі.
Ал қазақ ғылымында символды біздің мақсатымызбен байланысты зерттеулер өз бастауын Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Ә.Марғұлан, М.Әуезов, С.Мұқанов еңбектерінен алса, осыған жалғас ғылыми көзқарастарды тілші-ғалымдар І,Кеңесбаев, Ә.Т.Қайдаров, Е.Н.Жанпейісов, К.Ш.Хұсайынов, Т.Жанұзақов, Н.Уәлиев, Р.Сыздықова, Ж.А.Манкеева, Г.Н.Смағұлова, Р.Авакова, А.Қ.Сағидолда, Қ.Ғабитханұлы, С.Е.Жанпейісова, Б.Ақбердиева, Қ.С.Дүсіпбаева, А.Қ.Сейілхан еңбектерінен көруге болады. Ал этнограф-ғалымдар Х.Арғынбаев, Ө.Жәнібеков, С.Қасиманов, А.Сейдімбек еңбектері тілдік деректердің уәждемесін анықтауға көмектесіп қана қоймай, қазақ мәдениетіндегі ұлттық символдар табиғатын тануға, саралауға жол ашады. Бұл еңбектерде символ сөзінің орнына кейде белгі, нышан, рәміз сөздері қолданғандығын, осылайша әрбір таным-түсініктің символдық мәнін көрсетіп отырғанын айта кеткен жөн. Біз де өз зерттеуімізде символ сөзінің орнына ара-тұра осы сөздерді қолдандық. Алайда бұл зерттеулердің көпшілігінде дерлік символ табиғатына арнайы теориялық талдау жасалынбаған, тек символдың жеке түрлеріне қатысты сөз қозғалады. Мәселен, алғаш рет қазақ тілінің дыбыс символикалы сөздері фоносемантика тұрғысынан К.Ш.Хұсайыновтың „Қазақ тіліндегі дыбыс бейнелілігі” еңбегінде зерттелінсе, қазақ тілі дыбыстарының символикалық мәнін ашу мәселесі С.А.Өткелбаеваның „Қазақ тіліндегі дыбыстық символиканың құбылысы” еңбегінде қарастырылады.
Академик І.Кеңесбаевтың „Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі” еңбегінде, бұған жалғас Қ.С.Дүсіпбаеваның „Қазақ ескіліктеріндегі сандар жүйесі” атты кандидаттық диссертациясында сан атауларының символдық мәні көрсетілсе, Р.Авакованың „Фразеологиялық семантика” монографиясында символ мәселесі арнайы сөз етіліп, символдағы әлемнің тілдік бейнесі, сандық символдар туралы сөз қозғалады. Ал этнолингвист-ғалым Е.Жанпейісовтың „Этнокультурная лексика казахкого языка” еңбегінде рухани мәдениет пен материалдық мәдениетке қатысты этнографизмдердің символдық мәні айқындалса, материалдық мәдениет лексикасына қатысты символдық сипаттағы этноатауларды Ж.А.Манкееваның „Қазақ тілінің заттың мәдениет лексикасы” атты монографиясынан көруге болады. Сонымен қатар академик Ә.Қайдаровтың „Қазақ тілінің өзекті мәселелері”, Б.Өмірбековтың Э.Т.Ақтанбердиевамен авторлық бірлестіктегі „Түр-түстердің тілдегі көрінісі” және басқа да көптеген еңбектерінде кейбір этнографизмдер мен түр-түс атауларының символдық мағынасы айқындалған. Көптеген этномәдени атаулар мен символдық мәнге ие фразеологизмдер сипаты Р.Сыздықованың „Сөз құдыреті”, „Көркем мәтінді лингвистикалық талдау” т.б., Н.Уәлиұлының „Фразелогия және тілдік норма” және т.б. еңбектерде көрініс табады. Сол сияқты осы мектепті жалғастырушы Г.Смағұлованың „Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық мәдени аспектілері” еңбегінде символдық мәнге ие фразеологизмдер сипаты, Б.Қ.Ақбердиеваның „Лексика-фразеологиялық жүйедегі мифтік-танымдық құрылымдар” атты кандидаттық диссертациясында мифтік танымға негізделген символдар А.Қ.Сейілханның „Қазақ тіліндегі энтнографизмдердің лингвомәдениеттанымдық мәні” кандидаттық диссертациясында халықтық эстетика мен сұлулық символизмдері сөз етіледі.
Ал символдың когнитивтік сипаты Қ.Ә.Жаманбаеваның „Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана” атты монографиясында айқындалып, теориялық тұрғыдан анықтама беріледі. Ғалымның көрсетуінше, „ішкі терең қажеттіліктер символдар арқылы оянады. Бұл процесс санаға эмоция арқылы белгілі болады. Енді өз кезегінде сана ішкі қажеттілікті қанағаттандыру үшін қайтадан символдар дүниесіне жүгінеді. Сөйтіп, терең негізі бар қажеттіліктердің сипаты символдар арқылы анықталады. Яғни, сана сыртқы факторларға таңдаулы түрдегі тәуелділігін немесе ішкі өсу, жетілу қажеттігін белгілі бір модельдің, форманың бойына жинақтау арқылы шешеді” [5,8].
Заттар мен құбылыстардың семиотикалық мәні, ұлттық символдар сипаты, мәдениеттің этнотаңбалық мәні туралы барынша тұжырымды көзқарастарды этнограф-ғалым М.С.Мұқанов еңбектерінен көруге болады. Бұл бағыттағы зертеулер өз жалғасын К.Ш.Нұрланованың „Человек и мир – казахская национальная идея” монографиясынан, Ж.К.Каракөзова, М.Ш.Хасановтың „Космос казахской культуры” еңбектерінен табады. Символдың көркем әдебиетте қолданылуы, оның орыс тілінен аударылуы мәселесіне Б.А.Жетпісбаеваның, А.Т.Бақтыбаевтың, А.С.Айкулованың т.б. кандидаттық диссертациялары арналады.
Символдың зертелу жайына шолу жасай келе, символды әр ұлт мәдениеті тән ерекше құбылыс ретінде қарастыру әлі де толыққанды сипатта емес деген қорытынды жасауға болады. Сондықтан бұл бағыттағы зерттеу жұмыстарының болашағы зор. Мұның өзі символдың күрделі табиғатын жан-жақты және терең зерттеуге мүмкіндік жасайды.

1 СИМВОЛДЫҢ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ СИПАТЫ

Адам санасының дамуымен байланысты, дүниетанымның тереңдеуінің нәтижесі болып табылатын ерекше танымдық белгі символ екені белгілі.
Символ – грек сөзі (symbolon) – таңба. Алғашында бұл сөз құпиялы, шартты мағынаға ие кез-келген заттық белгіні білдірген. Сонда көне дәуірдегі символ „жеке куәлік” ретінде қолданылған. Қазақстан энциклопедиясында символға: „Символ – белгілі бір нәрсені өз қалпынан өзге жанама сипатында алып көрсетуден туатын эстетикалық категория. Символданған образ көбінесе айқындықтан айырылып, бұлдыр түсінік береді. Символ жалпы адам санасының даму тарихына сай өрбіген көне категорияның бірі. Алғашқы қиялдау, болжау, ертедегі түсініктер, наным-сенімдер – символдың шығуына әсер еткен құбылыстар” – деген анықтама беріледі [6,157]. Яғни, символдың шығу төркіні тереңде жатқанын аңғаруға болады. Алайда символдың қалыптасу тарихы тым арыда жатса да, бүгінгі күні „символ” ұғымының ауқымы кеңейіп, лингвистика, философия, семиотика, психология, әдебиеттану, мифопоэтика, фольклористика, мәдениеттану т.б. ғылым салаларының негізгі нысанасына айналған. Мұның өзі әмбебап категория ретінде „символ” табиғатын ашуда бір ғана ғылым саласының жетістігіне сүйенудің жеткіліксіздігін танытады. Яғни, символды қай қырынан қарастырсақ та, өзге ғылым тұжырымдарымен де санасуымыз керек, сонда ғана толыққанды нәтижеге қол жеткіземіз.
Осыған байланысты символды тануда бір-біріне тәуелсіз түрлі көзқарастар бар: 1) символ – таңбаға тепе-тең ұғым (жасанды қалыптасқан тілдерде); 2) өмірді өнермен образды түрде игеруді білдіретін әмбебап категория (эстетика мен өнер философиясында);
3) мағынасы шартты басқа нысан мағынасында (мәдениеттануда, әлеуметтану мен гуманитарлық ғылымдарда); 4) символ өзінің алғашқы мазмұнын басқа бір мазмұнға форма беруде қолданатын таңба ретінде (бұл көптеген гуманитарлық ғылымдар – философия, лингвистика, семантика т.б.) кездесетін символды кең түрде түсіну [7]. Біз де осы төртінші бағытты ұстанамыз. Яғни, символ – күрделі әрі әмбебап категория. Символдың әмбебап сипатын түрлі ғылым салаларына қатысты зерттеулерден анық байқаймыз. Мәселен, философ және филолог А.Ф. Лосов „Проблема символа и реалистическое искуство” еңбегінде: „Аталмыш терминді анықтамайынша, көптеген эстетикалық теориялар өз дәрежесінде терең ұғынылмайды және мейлінше нақты көрсетілмейді” [8,5] десе, Ю.М. Лотман „кез келген, тіпті өмір сүріп отырған дәуірдегі мәдениет те, тіпті кез-келген лингвосемантикалық жүйе де символға өз анықтамасын бермейінше, өзінің толыққандығын сезбейді. Символ бейнелеу тұрғысынан да, мазмұн тұрғысынан да, әрқашан семантикалық контекстен анық ажыратып мүмкіндік беретін, белгілі бір өзіндік тұйықталған мағынасы және анық белгіленген шекарасы бар мәтіннен тұрады”, – дейді [9,147].
Психосоциологтар символдық тұлғаларға адамның өзін-өзі және барлық құбылыстарды тану кілті ретінде баға береді. Мәселен, философ әрі психолог А.Г.Спиркин: „Адам өмірінің барлық саласы көптеген сансыз символға толы, біз бейне бір „символдар әлемінде шомылуындамыз”, – дей келе: „Символ дегеніміз не? Ол өзінің артында өзге бір затты не өзге құбылысты жасыратын, мағынасы белгілі бір нәрсені символдаумен байланысты болатын белгілі бір нысан, сөз, әрекет. Символ өзінен өзге бір нәрсеге нұсқайды. Символ – сананың түсіндіру (талдап беру) әрекеті. Символға символданған құбылыстың мазмұнынан тысқары шығатын идеялдық мазмұн тән”, – деп тұжырым жасайды. Ю.М.Лотман символды мәдениетке тән тұрақты құбылыс деп таниды: „Символ ешқашан белгілі бір мәдениет кезеңіне тән емес, ол әрқашан бұл өткелді кешіп өтіп, өткеннен болашаққа сапар шегеді, басқаша айтсақ: символ – мәдениеттің тұрақты элементі” [9,47]. „Символ көрінбейтін, белгісіз, тек сезім арқылы сезілетін, болжанатын, әлі танылмағанды образды түрде бейнелейді”, – дейді К.Юнг [10].
Символдық ұғым кең мағынасында белгілі бір мазмұнды басқаша (таңбалық) формада бейнелеу деп түсінеді. Бұл орайда ол кодирование процесімен сәйкес келеді. Ал, тар мағынасындағы символды мән дегеніміз жалпыланған мәнді, дерексіз мазмұнды көрнекті модель, сезімдік бейне арқылы беру. Сөйтіп ол негізінен, танымның „ішкі тектерін”, яғни, эвристикалық қырларын (қиял интуиция) сипаттайды. Ал Л.В.Уваров: „Символизация в познании” кітабында: „Адамның танымдық қызметі, іс-әрекеті, қарым-қатынасы мен тәртібі, этникалық және мәдени құндылықтары өзі жасаған табиғи және жасанды белгілер символдармен тығыз байланысты”, – деп түйіндейді [11,78].
Символдық философиялық табиғатына талдау жасаған неміс философы Кассирерге тоқталсақ, тіл, миф, өнер және дін – адам тәжірбиесінің берік те орам арқауы символдық жүйені тоқиды [12,85].
Ағылшын этнографы, фольклорисі В.Тернер символдың теориялық мәселелеріне байланысты келелі тұжырымдар жасай отырып, былай дейді: „Мәдениет” өлкесіне символдық негізді өрнектейді және символдардың бір-бірімен өрілуі тек қана табиғи орта туралы хабар бермей, сонымен бірге этникалық, эстетикалық ұғым, түсінік, тәрбие жайында бай мәлімет берерліктей қойма болып табылады. Әрбір символ – ақпар қазынасы”[13,40].
А.В.Луначарский: „Өнердегі символика – кең ұғым. Суретші толассыз сезімдер мен сансыз идеяларды бейнелі, сезімдік түрде бергенде, абстрактілі ойлау арқылы емес, сіздің елестетуіңіз бен жүрегіңіздегі образға әсер ете суреттейді”, –дейді [14,335].
Э.Бенвенист: „Символдандыру қабілеті – адамзатқа тән нағыз сипат және символды қолдану белгілі бір объектінің өзіне тән құрлымын тізу, жинақтау, оны өзге нысандар арасынан анықтау, ажырату ”, – деп көрсетеді [15,142]. Символ – поэтикалық образ жасаудағы ақындар пайдаланған тәжірибиден өткен өнімді тәсілдердің бірі. Символ поэтикалық суреттеу құралы. Қазақ әдебиетінде С.Дөнентаев, Б.Күлеев, М.Жұмабаев т.б. ақындар символды көркемдеу амалы ретінде қолданады. Әдебиет тарихынан символды әдіс-тәсіл шеңберінен шығарып, оны тұтас бір дүниетанымға айналдырып, әдебиет пен өнерде, философияда белгілі бір ағым, мектеп жасаған әдебиет, өнер, философия өкілдері белгілі. Ол ХІХ ғасырдың екінші жартысында дүниеге келген символизм ағымы. Символистер үшін символ тек қана жай бір қабылданған белгі емес, ол олардың өмірге деген дүниетанымдық көзқарастарын белгіледі. Мәселен, символизм ағымының көрнекті өкілі А.Белый символды ойлаудың, өмірдің бейнесі ретінде таниды: „Символ – көрінбейтін, танымнан, сезімнен тыс, сөзге тән емес нәрсені нұсқау. Ол – көркем образ, бейне, құпия, сырлы әлемге апарар жол, ақиқат дүние категориясы” [16,5]. Храпченко символдарды басқа бір сөзбен квазистереотиптер деп көрсетіп, оған төмендегідей анықтама береді: „Квазистеротиптер – бұлар дәстүрлі, аталмыш лингвомәдени қоғаммен сұрапталған символдар, тіпті мифтер, бұлар халықтың дүниені түйсінуінен хабар беретін қойма” [17,45].
Ал Н.Н.Рубцов: „Символ мәдени құндылықтар мен мәндерді білдірудің көлемі де мағыналы, өнімді де шоғырлы формасы. Символ, шын мәнінде, жоғары құндылықтардың белгілі бір немесе басқа да идеялдары мен идеалдарының нақтылы түрде көрінуі. Олар арқылы адам өмір сүруі және мәдениеттің дамуы мен қызметі соларға негізделеді. Мәдениеттің жоғары рухани деңгейлерін өзіне жымдастыра отырып, символ, оның таңбалы – тілдік көріністерінің барлық кешенінің орталық анықтаушы діңгегі болып табылады”, – дейді [18,59]. Бұл зерттеушілер символды әр ғылым саласымен байланысты мақсатпен қарастырғанмен, барлығы дерлік символды адам танымынан тыс дүниені бейнелеу, идеяны көрнекті модель арқылы көрсету деп біледі. Демек, символ – адам танымды дамуының жемісі, соның көрінісі.
Қазақ ғылымында тілші-ғалым Р.Сыздықова „Абайдың сөз өрнегі” монографиясында: „Қазақ поэзиясының тілін зерттеушілер символ дегенді кеңінен арнайы сөз еткен емес”, – дей келе, символ – идеяның заттық нышаны астарлы образы”, – деген тұжырым жасайды [19,89]. Бұл зерттеу символды поэтикалық тұрғыдан қарастыруға арналған. Ал „Әдебиеттегі, поэзиядағы символ көбінесе келістіріп жасалған, астары мағынасы терең”, бүтін бір сурет – бейне қалпында көрінеді” [20,183]. Әдебиет теоретиктері З.Қабдолов пен Қ.Жұмалиев символды троптың (құбылтудың) бір түрі ретінде көрсетеді де, „бір нәрсені не құбылысты тура суреттемей, бұларға ұқсас бір нәрсені, не құбылысқа құпия теліп, жасыра жарыстырып, бүкпелей бейнелеу”, – деп түсіндіреді [21,244].....
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру