meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Түбін білмеген түгін білмейді.
Ағайын — ағайынның айнасы.
Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің.
Ексең егін,
Ішерсің тегін.
Отан - елдің анасы,
Ел - ердің анасы.
Жақсы әйел – ырыс,
Жаман әйел – ұрыс.
Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?
Әр атаның өз ұлы бар,
Әр бұтаның өз гүлі бар.
Екі жарты – бір бүтін.
Әкені көріп ұл өсер,
Шешені көріп қыз өсер.
Дос көңіліңді суытып айтады,
Қасың ойыңды жылытып айтады.
Итті күшігінде үйрет.
Үлкен бастар, кіші қостар.
Әйелі жоқ үй – жетім.
Әйел сырын әйелден сұра.
Тәнім – жанымның садағасы,
Жаным – арымның садағасы.
Дос көбейсе дұшпан аяқ астында.
Жарлы болсаң да, арлы бол.
Доспен дос болғанша шаттан,
Дұшпанмен дос болғаннан сақтан.
Дәмді болса - достық қымбат,
Мәнді болса - жастық қымбат.
Ер мойынында қыл арқан шірімес.
Босқа бергенше досқа бер.
Жігітке жар қымбат, намыс пен ар қымбат.
Малыңа сүйенбе, арыңа сүйен.
Даттаушы түгел жау емес,
Мақтаушы түгел ел емес.