meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Ермек қуған
Бәлеге жолығады;
Еңбек қуған
Қазынаға молығады.
Сүймегенге сүйкенбе
Бағың кетеді,
Мың тіллалық басыңды
Бір пұл етеді.
Жағымпаз надан —
Жаудан жаман.
Жақсының сөзі:
Шамдай жарық,
Айдай анық.
Адамгершілікке арналған
Үш сауап бар:
Шөлге құдық қазған,
Өзенге көпір салған,
Жолға ағаш еккен.
Жаманның қолында болғанша,
Жақсының жолында бол.
Бақ оралса басыңа,
Дос жиылар қасыңа,—
Егініңді ел салысар,
Қырманыңды ел алысар,
Наныңды ел жабысар,
Малыңды ел бағысар,
Бақ кеткенде басыңнан..
Жамандыққа жақсылық.
Ұяты барды ұрғаның.
Жақсылыққа жамандық
Тек зұлымдық қылғаның.
Жақсыдан жаман туса,
Емі табылмас.
Жаманнан жақсы туса,
Теңі табылмас.
Жақсы жігіт сапардан:
Елін аңсап қайтады,
Алдына мал сап қайтады.
Жаман жігіт сапардан:
Пістесін шағып қайтады,
Қалтасын қағып қайтады.
Жақсыны арман оздырар,
Жаманды құлқын тоздырар.
Жақсы әйел
Жаман еркекті би етеді.
Жаман әйел
Жақсы еркекті құл етеді.
Жақсының соңынан көп ереді,
Жаманның соңынан шөп ереді.
Жақсы атқа бір қамшы,
Жаман атқа мың қамшы.
Жақсының шарапаты
Тиер тар жерде;
Жаманның кесапаты
Тиер әр жерде.
Жақсылық терек басында,
Жамандық тізең астында.
Жаман айтпай, жақсы жоқ.
Темірдің бір басы ыстық,
Бір басы суық.
Жақсылық қылсаң өзіңе,
Жамандық қылсаң өзіңе,
Аспанға қарай оқ атсаң
Қайтып тиер көзіңе.
Жақсының күнде
Бір ойы кеңиді;
Жаманның күнде
Бір ойы кемиді.
Жақсы өз басынан көреді,
Жаман жолдасынан көреді.
Жақсы болсаң, жердей бол,
Бәрін шыдап, көтерген.
Таза болсаң, судай бол,
Бәрін жуып кетірген.
Жақсы келін құрдасыңдай болар,
Жақсы ұлың сырласыңдай болар.
Екі жақсы дос болса,
Бірін бірі қия алмас.
Екі тентек қосылса
Бір шаһарға сыя алмас.
Жақсы керісіп отырып
Күліседі.
Жаман келісіп отырып
Керіседі.