meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Өз елімнің басы болмасам да,
Сайының тасы болайын.
Ел қариясы - ел қазынасы.
Елінен безген оңбайды,
Көлінен безген қонбайды.
Құлан кісінесе үйір жиналар.
Үркер жиылып - ай болмас,
Кедей жиылып - бай болмас.
Істің ағы білінбейді,
Жігіттің бағы білінбейді.
Ел барда, ер қор болмас,
Ер барда, ел қор болмас.
Ер салмағын ел көтереді,
Ел салмағын жер көтереді.
Ауырлықты жер көтерер,
Ауыр қазаны ер көтерер.
Туған жерге туың тік.
Ер елінде,
Гүл жерінде.
Ат айналып қазығын табар,
Ер айналып елін табар.
Жақсы жігіт жер шолып,
Ақыр түбі айналар.
Пәлен жерде бақыт бар,
Іздеп барсаң мыс та жоқ.
Туған жердің күні де ыстық,
Түні де ыстық.
Ұранды ердің - ұрпағы қайсар.
Қонған жердің қадірін көшкенде білерсің.
Елің - панаң,
Жерің - анаң.
Өз елің өзекке теппесі.
Ауылым - алтын бесігім.
Көш басшысы жоқ ел оңбайды,
Құралай бастаған киік оңбайды.
Ел жаусыз болмас,
Жер таусыз болмас.