Қазақ әдебиеті | БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ СОҒЫС ШЫНДЫҒЫ МЕН АДАМ ТАҒДЫРЫНЫҢ КӨРКЕМДIК ТАНЫМЫ

 Қазақ әдебиеті | БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ СОҒЫС ШЫНДЫҒЫ МЕН АДАМ ТАҒДЫРЫНЫҢ КӨРКЕМДIК ТАНЫМЫ

Мазмұны
КIРIСПЕ…………………………………………………………………………….. 3
НЕГIЗГI БӨЛIМ
1 БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ ӨМIРI МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖОЛЫ
1.1 Бауыржан Момышұлының шығармашылық өмiрбаяны……………………6
1.2 Бауыржан Момышұлы шығармашылығының жанрлық құрамы……….…. 7
2 СОҒЫС ШЫНДЫҒЫ МЕН АДАМ ТАҒДЫРЫНЫҢ КӨРКЕМДIК ТАНЫМЫ
2.1 “Москва үшiн шайқас” романдағы соғыс шындығы ……………………… 18
2.2 Қаһарман бейнесiн жасаудағы жалпы сипат пен жалқы ерекшелiктер….…22
ҚОРЫТЫНДЫ……………………………………………………………………...26

Адамзат тарихынан өзiндiк орнын алып, кейiнгi ұрпағының жадында мәңгі қалар тұлғалар аз емес. Осынау ел ардағына айналған азаматтар жайлы халық аузында аңыздар айтылады, хикая - дастандар туады, өлең - жырлар жазылады. Олардың бiр парасы ел қамын ойлаған ерлер, Отанын, жерін қорғаған батырлар, жауға қарсы жорық жасаған қаһарман қолбасшылар, т.б. болып келедi. Бұлардың қайсар жүрегі, қайыспас қайрат-жiгер, адами парасаты, ұлттық сезімі – өз кезеңiнде де, кейiн де әдеби шығармаларда көрiнiс тауып, өлең-жырдың, көркем шығарманың кейiпкерлерiне айналып жатады. Осындай тұғырлы тұлғаның бiрi және бiрегейi – даңқты батыр Бауыржан Момышұлы.
Халық көкірегін ұланына деген ыстық сезім толғандырмай тұрмақ емес, сондықтан ел аузында айтылатын әңгiмелердегi Бауыржан Момышұлының бейнесі, жауға көрсеткен қайраты, қара қылды қақ жарған әділдігі, шыншылдығы, батырлық қасиеттері ұлт әдебиетінен де өз орнын алмауы мүмкiн емес едi. Өз кезiнде:
“Мен де адаммын жаралған сүйек, еттен,”
Менде де жан бар, менде де ар бар жан тебіренткен,
Халқымның қарапайым бір ұлымын,
Жанымды арым үшін құрбан еткен”.[1, 3б.], - деген жолдар арқылы Бауыржан Момышұлы өзiнiң адами, азаматтық болмысын бiрауыз өлең жолымен танытқанды.
Қазақ әдебиетінде осынау азаматтық тұлға туралы аз жазылмағандығымен Бауыржан Момышұлының образын толыққанды танытатын көркем шығармалар жеткілікті деп айта алмаймыз. Бұл жерде біз халқымыздың жадында сақталған бейнесін жасаған, аңыз-әңгiмелерден тұратын естелiктердi айтып отырғанымыз жоқ. Әрине, олар молынан кездеседi. Әңгiме Баукеңнiң әдеби көркем бейнесiн жасаған таза жазба әдеби шығармалар туралы болып отыр. Бiраз жазылғаны рас. Бiрақ бiзге аздау көрiнедi. Әрi олардан Бауыржан Момышұлын бiржақты танитын секiлдiмiз.
Қалай дегенде де, Бауыржан Момышұлының қазақ әдебиетіндегі көркем бейнесі және ел ұғымындағы толымды да тұтас бейнесі бір жақты көзқарас тұрғысынан жасалған секiлдi. Ол тек соғыс қаһарманы ғана емес, сонымен бірге жарқын да жалқы, бiр туар азаматтың толымды бейнесі болуға тиiс едi. Оған жазушы Бауыржан Момышұлының рухани ұлылығын қосыңыз, сонда алуан қырлы алып тұлғаның өзі, оның қайталанбас болмысы танылары талассыз. Бұған деген талпыныс та, iзденiс те бар. Бiрақ нәтиже қандай? Бiздiң назар аудармағымыз да осы мәселе.
Тарих қойнауындағы қиян - кескі шайқастар мен соғыстардан тысқары қалмаған біздің кешегі қоғам, сол қанды шайқастардың ортасында туатын ерліктің талай ғасырлық ізіне куә бола отырып, ерліктің мадақталуы тек Ұлы Отан соғысы жылдары ғана ойға оралған тың тақырып еместігіне дәлел бола алады. Отанын, туған елі мен жерін сырт жаудан қорғауда табандылық танытып, ерліктерімен ерекшеленетін батырларын дәріптеу қай ұлттың әдебиетінде болсын ерлiктi асқақтатқан, рухты биiктеткен ұлы дәстүрмен, ғасырлар қойнауынан жинақтаған тәжірибемен ұласады.
Ұлы Отан соғысы – бүкiл кеңес халқымен бiрге қазақ ұлтының қаһармандық күресiнiң отты шежіресі. Қазақ деген ұлттың ақыл-ойының, ар-намысының, сенім-нанымының жәдiгерi. Ұлы Отан соғысындағы қазақ халқының шежірелі ерлiгi қаншама жыр тудырып қаһарман ұл-қыздарының қолымен жасалған, адам сенгiсiз батырлықтары жырланып келеді, жырлана бермек. Бiрақ ол жеңiл өлең, орта қол дүниеге азық болмақ емес. Ол – өте күрделi дүние.
Бауыржан Момышұлының ерлік даңқы елімізге аңыз болып таралды. Майданда ерлік көрсеткен қазақтар, әрине, көп. Дегенмен олардың бірде-бірінің атақ-даңқы Бауыржан Момышұлындай биiкке көтерiлген жоқ. Соғыс кезінде, одан кейін де, бүгіндері де жаңа туған нәрестеге Бауыржан деп ат қою салтқа айналды. Ата-ана баласына Бауыржан деген атты Бауыржан атасындай болсын деп, өз ұлдарына “ел тірегі - ер” дегендей, ырыммен қояды. “Замандастар арасында Баукеңдей ұлттын құлай сүйген, ұлты үшін отқа күйіп, намысын қорғаған адам кемде-кем. Өз басым Баукеңдей ұлт жандыларды сирек кездестірдім. Ерекше риза болатыным, Баукең халқымызды сүйгенде, халқымыздың ар-намысын қорғағанда әлде кімдердей бір пайда түссін, не атым шықсын деген емес. Ондай ой қаперінде жоқ. Қайта ұлтына қызмет ету менің міндетім, перзенттік борышым дей білді” [8, 11б.].
Сан қырлы саңлақ Бауыржан Момышұлының шығармашылық талабы ақындықтан басталған екен. Қазақта “Екiнiң бiрi – ақын, екi өлең жазған – iрi ақын” деген сөз бар. Осының жаны бар. Ол қазақ ұлтының ақынжандылығын танытады. Бiрақ Баукең ақынжанды жалғана емес, iрi ақын. Осы күнге дейiн батыр ағаның ақындық өнерi әдебиет зерттеуiнде кеңiнен сөз бола қоймапты. Бiз Бауыржан Момышұлы туралы зерттеуiмiздiң “биссмилясын” осыдан бастасақ деп отырмыз.
Белгілі ғалым, әдебиеттанушы Мекемтас Мырзахметов Бауыржан Момышұлының алғашқы ақындық талабы жайлы “Бауыржан батыр” деген кітабының алғы сөзінде: “Баукеңнің бойындағы ақындық қуаттың бүршігі ерте белгі бергендігін мектеп ұстазы Тәңірберген Отарбаев та байқаған. Шәкіртіне шығарма жаздырып, қабілеттерін байқау үстінде бала Бауыржанға сенен ақындықтың иісі шығады” дептi [5, 5б.],-деген дерек бередi.
Бауыржан Момышұлының бойындағы шыншылдық пен әділдік, пікірдегі батылдық жас кезiнде жазған тырнақалды өлеңдерінің өзінен айқын аңғарылып тұрады. 20-22 жастағы жас жігіттің “Біреулерге”, “Омарбекке” деген өлеңдерінде 1930 жылғы асыра сілтеу мен ашаршылықтың себепкері болған ұр да жық надан белсенділердің сотқарлық қылығы айқын көрiнiс табады. Жас талаптың:
“Қалды ма айыр тұяқ елде малдан,
Жалғыз сиыр қалмады “ет планнан”.
Ет етсіз, бала сүтсіз қалып кетті,
Барып ең уәкіл боп сен ауданнан”,
- деген өлең жолдарында қазақ жұртын қайғылы қасіретке ұрындырған қара бұлттың қоюланып келе жатқан қалпы дөп көрiнiп, дәл суреттелген. Ақын мұнда зорлыққа деген өзінің іштей қарсылық рухын да лирикалық кейіпкер қатысы арқылы жеткізе алған. Белгiлi ақын Сырбай Мауленов Баукеңнiң ақындығы жайында: “Бауыржан өлең соңына түспегенмен әр кезде өзінің көңіл күйін дәптер бетіне жазып отырған. Оның толық бір кітаптық өлең-жырлары бар. Әрине, оның бәрі алтын емес. Қызу майдан үстінде, қараңғы окоп ішінде асығыс ат үсті, ұйқас, ырғағы шала-шарпы жасалған жырлар да ұшырайды. Бірақ Бауыржанның қай өлеңін оқысаң да майдан ақиқаты, солдат өмірі кең көсіліп жатады. Сонау өткен сұрапыл соғыс өзінің қатал шындығымен қарсы алдыңнан өтеді.
Соғыстан кейінгі жылдары қазақ прозасындағы соғыс тақырыбы талай жазушыларымыздың шығармашылық iзденiсiне жол ашты. Туындыгерлердiң осы тақырыпқа жазған туындылары әдебиетіміздің сапалық тұрғыдан баюына аз үлес қосқан жоқ. Отан сүйгiштiк, патриоттық сезiмдер бұл шығармалардың негiзгi желiсiне айналды. Совет армиясын, советтiк құрылысты орынды-орынсыз мадақтау пафосы кей шығармалардың көркемдiк iзденiстерiне нұқсан келтiргенмен, соғыс тақырыбы кемшiлiктi жамап-жасқап жiбергендей әсер қалдырады. Әрине, ол кезде кеңес дәуірінің де аяқталар күнi жетерiн ешкім сезіп, болжай алмағанды, ал жазушылардың қиялы қанша биікке шарықтасадағы ондай ойға ерiк бермегендi. Сол заманда қоғамдық әлеуметтік орта қалай өмір сүріп, әрекет етсе, көркем проза да дәл солай өмір сүрді. Осы тұста қаламгерлер қандай көкейкесті тақырыптарды, өмірдің нендей өзекті құбылыстарын бейнелеуді негізгі нысаны етті дегенде, сөз жоқ, жеңістің оңайшылықпен келмегенін айта отырып, майдандағы сұрапыл соғысты қилы-қилы қырынан көрсетіп, тереңірек таныту мәселесіне, жауынгерлердің әр алуан жақтарын шынайы суреттеуге көңіл бөлді деуге болады.
Соғыс тақырыбындағы шығармалардағы солдат жанын түсінуге, сезінуге бастап барар жазушылық шеберлік, стильдік қолтаңба осыған жетелесе керек. Бұл орайда, солдат психологиясын дөп басып, дәл жеткізуге оңтайлы жол ретінде жазушылар таңдаған бiр әдiс шығарма оқиғасын бірінші жақтан баяндатып, лирикалық кейіпкердің аузымен айтқызып, соның ойымен өрбітетін iзденiс өрнегi болып табылады.
Сондықтан да соғыс тақырыбына барған әрбiр автор шама-шарқынша өз қаһармандарының жан-дүниесiне үңіле білді. Соның бiрi, әрi бiрегейi жазушы Бауыржан Момышұлы. Оның шығармашылығына тән басты ерекшелік - кейіпкерлерінің ішкі әлеміне бойлай ену, сол әлемдегі сан-қилы сезімдердің шарпысуын, солардың қайғы-қасіретін, қуаныштарын қаhармандарының сезiм түйсiгi арқылы дәл көрсете білу.
Бауыржан Момышұлының "Москва үшiн шайқас" романы бірінші кітап, екінші кітап, үшінші кітап, төртінші кітап деген төрт бөлімнен құралған. Әр бөлім тарауларға жіктелген. Бірін-бірі қайталамайтын қысқа-қысқа жазылған әр тарау өз алдына бір оқиға болғандықтан, оқушысын жалықтырмай, өзіне қызықтырып, тартып отырады. Ықшам түйілген шығарманың композициялық құрылымы жүйелi, қиыннан қиыстырар суреткер шеберлігін танытады. Романдағы оқиға дамуының логикалық байланысы берік сақталған. Сол кездегi роман жайында Х. Бекхожин: "Міне, біз Бауыржанның «Москва үшін шайқас» деген көлемді хикаясын оқып отырмыз. Жауынгер оқушыны алапат соғыстың алғашқы ауыр шағына еріксіз тартады. Тұла бойың тітіркенерлік соғыс әлеметі көз алдына жанды қалпында елес қағады. Неміс фашистерінің қанды қалың табырлары астанамыз Москваға құтырған аңдай анталаған кездердегі біздің әскери күштеріміздің жауынгерлік әлпетін, майдан әрекетін, қатерлі қорғаныстағы ерлер айбатын сол сұрапылды өзі басынан кешкен батыл жазушы аса нанымды, әскерді суреттеген." [9, 3б.]. -деп келтiрген.
Қарап отырсақ, көркем шығармада суреттелетін оқиғаларға қатысы бар адамдар есімдері өзгертілмей жанды кейіпкер ретінде көрінген. Бұл образдар, олар қатысатын оқиғалардың шынайылығы мен сенімділігін артырып және жазушының өз шығармасына қажеттi тіректі өмір шындығынан алғандығының нақтылығын арттыра түседi.
Төрт кітаптан тұратын – “Москва үшін шайқас” атты туындысының бірінші бөлімі, жау қоршауынан сытылып шыққан Бауыржан Момышұлы батальонының негізгі күшке қосылмаққа бара жатқан бағытынан басталады. Сол сәттегi батальонның жазушы суреттеуiндегi көңіл-күйін ғалым Ж. Дәдебаев былайша көрсетеді: “Жау қоршауын бұзып шығып, өз тобына келіп қосылған батальонның еңсесі биік, шаршап-шалдыққанына қарамастан, сергек, салтанатты шерумен келеді. Жауынгерлер мен командирлер бір-бірін жете біліп, бір-біріне берік сеніп қарайды” [10, 106б.].
Шығармадағы қаһармандық бейненің майдандағы тағдыры, соғыстың сұмдық қасiретi жағдайында көрсетіле отырып, сол қиындықтарға мойын ұсынбай жеңіп шығуға ұмтылған адамның ерлiк рухын алға шығарады. Тағдыр мен адам арпаласында, соғыс пен адам тайталасында рухы биiк қаһарман ақыр жеңiске жетедi. Бұл соғысты жеңу емес, өзiн-өзi жеңу едi. Өз бойындағы адами қорқынышты, үрейдi жеңу – соғыс жеңiсiнiң басты күәсi.
“Москва үшін шайқас” романындағы Петр Угрюмовтың әдеттен тыс тағдырын оқырман жақсы бiледi. Роман сюжетінің дамуымен бірге оның тұлғасы да күрделене түседi. Кейіпкер соғыс өртiнiң iшiнде жүрiп өзіндік өзгеше бір дүниеге енiп, сонымен бірге саған да өте жақын, таныс адамға айналады. Угрюмов – мейлінше талантты жан. Ол шын мәнісінде кісіні таңқалдырарлық қабілетке ие, өзгеріп отыратын жағдайға қарсы тез шешім қабылдай білетін адам. Оны жағдайға беиiмшiл еткен, әрине, соғыс. Жан дүниесiне өзгерiс әкелген осынау тағдырды ол қайыспай қарсы алады. Сондықтан да ол – ержүрек, батыл. Басшылық қызметтен шеттетілу тұсында командирлiктен кету оның ұнжырғасын түсiрмейдi. Ол өзінің ержүректілік қалпын сақтап қалып, жауынгерлерді дұшпанға қарай жақсырақ, ақылдырақ шайқасуға үндеп отырады. Угрюмов қажет болғанда әрдайым жауынгерлердің арасынан табылады. Ол майданда “Ұрыстың шешуші учаскесіндегі командирдің жеке басының үлгісі, қашанда жеңіске жеткізеді” деген қағидаға шексіз сенеді. Сондықтан да Ол әрқашанда шайқастың тағдыры шешілетін жерде жүреді. Ол байқампаз, парасатты, жанкешті, батыл, қарапайым әрі сүйкімді. Сонымен қатар дұшпанға қарсы асқан батырлықпен соғысады.
Жазушы оның тұлғасын бір жерде: “Олардың алдында баяғы өзіміз білетін лейтенант Петр Угрюмов. Ол жан-жағына жалтақтамай қолын құлаштап, ешқандай бұрылмай сілтеп басып барады” [11, 104б.], - деп суреттейді. Көз алдымызға ертедегi нағыз ерлер елестегендей. Еш нәрседен қорқу, қаймығу дегендi бiлмей Қайтпас-қайсар командир сондай болса керек. Осындай ержүрек жанның бұйрықты орындап барып ерлiкпен қаза табуы оқырманға қатты батады.
Өмірде адам көп нәрсені өзі таңдайтыны анық, бірақ майданда мүлдем басқаша болады. Онда әрбiр жауынгер командир берген бұйрықты бұлжытпай орындауға тиіс. Баукеңнің өз сөзімен келтірсек: “Команда немесе бұйрық дегеніміз командирдің ерік-жігерінің көрінісі, оның жасаған шешімінің қорытындысы” [12, 6б.]. Соғыста шабуылдың сипаты мен мерзімін басқа адам, яғни командир анықтайды. Ұрыс кезінде оның қайда болу керектігі де алдын-ала жоспарланады. Ал солдат командир бұйрығын орындаушы. бiрақ ол жансыз, ақыл-ойсыз робот емес, ол әрбiр сәттегi қимыл-әрекеттi өз идiруi арқылы жүзеге асыратын тiрi адам. Ендеше солдаттың өзiндiк жан-дүние әлемi, рухани дүниесi бар. Жазушы мiндетi соны ашу.
Соғыстағы жағдай адамнан өзінің сенім-нанымының басты тiрегiн бөліп алуды және соған сүйенуді талап етеді. Сөйтіп ол өз күшін бойына жинап, қорқынышты жеңу үшін алға ұмтылады. Қиын жағдайлар кезiнде адамның санасы сан қилы ойға бөлінуі, оның бойын күдік билеуі оған пайда бермейді. Ерлікпен қорқақтық ауылдас бола алмайды, қашанда қорқақ өзінің қорқақтығын “ақтағысы” келеді. Әскери прозадағы мінез-құлық күрделілігі қаһармандық іс-әрекеттің мәнiн ашуға қызмет етедi.
Біздің әдебиетімізде, әсiресе, соғыстан кейінгі онжылдықта кейіпкерді даңғыл жолға түскен жолаушы сияқты бiр бағытта суреттеулер басым болды. Өйткені, бізде партия белгілеген белгiлi бiр идеологиялық сара жол бар еді. Бұл жолдан ауытқымау басты нысана болды.
Ал ендi соңғы он жылда жарық көрген таңдаулы кітаптардың көпшілігінде, адамның iшкi жан-дүниесiне үңiлу, рухани мұраттарды игерудегi мақсат-мiндеттердiң негiзiнде адамның iшкi әлемiмен астасуына назар аудару басым. Соңғы жылдардағы әскери прозада трагедиялық таңдау проблемасының күрделене түсуіне байланысты трагикалық кінә сипатына көңіл аударылып отыр. Мұнда қаһарманға байланысты емес жағдайлардың тоғысуы салдары болып табылатын трагикалық кінә, трагикалық қарама-қайшылықтарға, адасқан құрбандықтың өліміне емес, қаһармандық жолды табуға алып барады.
Әскери прозадағы күрделi мәселелердiң бiрi қаһармандық трагедияның ұжымдық тәртiп, адамдық идеямен байланысы. Майданда адамдар бір-бірін қажет етеді, бұл қажеттілік ұжымдық сезім арқылы жүзеге асады. Соғыс жылдарындағы ұжымның өмiрлiк қажеттілігi біздің қоғамымыздың адамгершілік заңына сәйкес келетін еді. Майдан даласында жалғыздық үлкен қасірет. Әрине, жалғыз дара жүріп батырлық жасауға да болады, ол – интуиция арқылы жүзеге асатын iс-әрекет. Онда кеңеспен шешiлген шешiм жоқ, кенеттен болған, жарқ етпе ерлiк бар.
Бiрақ батырлықты жалғыздыққа қарсы да қоюға болмайды. Жалғыз да батырлық жасауға болады. Бiрақ ол көбiне жекелiктiң көрсеткiшi болып қалады. Қаһармандық трагедиясының тұжырымдамасы ерлiктi қарақан басын қиындықтан құтқару үшін емес, жалпы жеңiстiң игілігі үшін жасауға үйретеді.
Жалпы жеңiске жету мүмкіндігінен көңілі қалған жалқылық қасірет, бүгiнде жалпы тағдыр, жалпы адамгершілік ұстанымдары біріктірілген адам тағдырының ынтымақтастығы дәріптеле бастады. Ал оның бастау көзi соғыс жайлы әдебиетте, әсiресе, Бауыржан Момышұлының шығармаларында жатыр.
Жеке адамның мүддесі топтың мүддесіне қайшы келмейді. Рухы күшті ұжым жеке адамның қаһармандық сезімін (эмоциясын) оятады, ал жеке адамның қаһармандық күш-жігері ұжымға ықпал етеді. “Москва үшiн шайқаста” жазушы осыны көркемдiк iзденiстер арқылы жеткiзе бiлуге ұмтылды. Оған қол жеткiздi де.
Кейде біздiң соғыс туралы әдебиетімізде оның материалы-төгілген қан мен қайғы-қасірет, апат келсе, ол қызғылықты деген пайым кездесiп қалады. Алайда, соғыс туралы шығарманың кереметтiгi бұл айтылғанда емес, басқа да. Майданда кеңес адамдарының керемет ұжымдық қасиеттері пайда болған. Мұнда өз өмірін досының өмірінен, ұжым өмірінен, бүкіл ел өмірінен бөліп қарау атымен болмаған. Ендеше соғыс жайлы әдебиеттiң оқырманды қызықтырар басты сипаты төгiлген қан, егiлген көз жас, қираған қала емес, адам тағдыры, адамдар арасындағы қарым-қатынастық сезiмiнiң; достық, адамгершiлiк, адалдық, батылдық сияқты қасиеттердiң көркемдiкпен көрiнiс табуы.
Әрбір адамның пенде ретіндегі, тұлға ретіндегі қайталанбастығы – ұжымның бағы, ішкі күші, бұл күш қаһармандық істе көрінеді, түптің түбінде онда жеке адамның дербестігі, бірегейлігі ашылады. Сонымен сайып келгенде, адамның істеген ісін бағалау, оның өзіне қоятын адамгершілік талабы.
Жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлы қаһармандарының мінездері кесек, жүздері жарқын, ақкөңіл, ашық болып келеді. Соғысқа дейінгі әдебиетте айқын көрініс тапқан, ымыраға келмейтін ішкі шиеленіс, көңілдің жартыкештілігі, жан-дүниенің құлазуы оларға тән емес. Сондықтан да жазушы кітаптарын парақтағанда, біздің көз алдымызға қандай күрестен болса да тайынбайтын өршіл мінезді, берік сенімді, айқын мақсатты, болаттай мықты тұтас бір ұрпақ келеді. Тегінде, Бауыржан Момышұлының қаһармандарын рухы күшті адамдар деп сеніммен айтуға болады. Олар қандай ауыр жағдайлардың өзінде адам деген ардақты атын жоғары ұстап, өздерінің жан-дүниесі мен көзқарастарына терең ұялаған адами қасиеттерге адал болып, қиын-қыстау кезеңдердің тұсында сағы сынып, жасымайды, қайта абыроймен жеңіп шығады.
“…Тағы бір рет қарсы шабуылға шығып, дұшпанды тойтарып бара жатырмыз. Жау шегініп, біздің жігіттер өкшелей қуып барады. Менің алдымда жүгіріп бара жатқан жауынгердің сол қолын жеңінің шыға берісінен минаның жаңқасы отап кетті. Бір елі теріге ілінген алақаны мен саусақтары қанға боялып салбырап барады. Оны денесі қызған жауынгер байқар емес. Ол әлі де жүгіріп барады. Астапыралла, бұл кім?.. Ол кілт тұра қалды. Енді ғана аңғарды. Бір елі теріге ілініп тұрған қолын ызаланып жұлды да, лақтырып тастады. Өз денесін қар үстіне қарай атты. Мен тітіркеніп кеттім. Ол сау қолымен пистолетін серт ұстап, алға кезеніп, жоғары көтерді де, ашынған даусымен “атаңның аузы…” деп жау соңынан тап бере жүгіре жөнелді...
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру