Қазақ тілі | Сөзжасамдық жұп және оның мағынасы

 Қазақ тілі | Сөзжасамдық жұп және оның мағынасы

Мазмұны

КІРІСПЕ.....................................................................................................................4
1 СӨЗЖАСАМНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ.........................................................................6
1.1 Түркологияда зерттелуі.................................................................................6
1.2 Қазақ тіл білімінде зерттелуі........................................................................8
2 СӨЗЖАСАМДЫҚ ЖҰПТЫҢ ӨЗІНДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
МЕН ПАРАДИГМАЛЫҚ СИПАТЫ...............................................................14
3 СӨЗЖАСАМДЫҚ ЖҰПТЫҢ СЕМАНТИКАСЫ......................................20
ҚОРЫТЫНДЫ........................................................................................................38
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ.........................................................40
ПАЙДАЛАНҒАН СӨЗДІКТЕР ТІЗІМІ ........................................................41

КІРІСПЕ
Жұмыстың өзектілігі Сөзжасамдық жұп дегеніміз сөзжасамдық ұядағы себепші негіз бен соған негізделіп жасалатын туынды сөздің жұбы. Сөзжасамдық жұпты кейбір ғалымдар сөзжасам жүйесінің негізгі бірлігі ретінде қарастырады, сөзжасамдық ұяның, сатының, тізбектің бірлігі ретінде қарастырады.
Бірқатар ғалымдар, атап айтсақ, А.И.Моисеев, Л.К.Жаналина, т.б. өздерінің еңбектерінде сөзжасам жүйесінің негізгі бірлігі ретінде сөзжасамдық жұпты көрсетеді.
А.И.Моисеев ғылыми еңбектерінде «основная единица словообразования происходит в пределах словообразовательных пар; почти все ... явления словообразования можно обнаружить в этих пределах: производное слово, производящее слово, средство и способ словообразования, словообразовательное значение; а словообразовательные гнезда и типы сводимы к словообразовательной паре, т.е. могут быть равны ей ... словообразовательные в миниатюре» - деген ой тұжырым жасайды.
Ал, ғалым Л.К.Жаналина өзінің ғылыми еңбектерінде сөзжасамдық жұпты сөзжасамның негізгі бірлігі деп танып, оған мынадай сипаттама береді: Словообразовательной парой называется объединение мотивированного слова на основе отношения формально-семантической выводимости, т.е. словообразовательной ммотивации, с мотивирующим. Именно словообразова-тельная пара является основной единицей словообразовательной системы, так как она отвечает всем требованиям языковой единицы. Сомнение сожет вызвать ее элементарность.
Осы мәндес тұжырымды З.Бейсембайқызының «Қазақ тілін модуль негізінде оқыту» деген еңбегінен кездестіруге болады. Онда: «Негізгі сөзжасамдық құбылыстардың бәрі осы сөзжасамдық қосақтан тарайды. Сондықтан, сөзжасамдық қосақты «шағын сөзжасам» деп те атайды. Осыған орай, сөзжасамдық талдаудың да негізгі единицасы – сөзжасамдық қосақ болып табылады» - делінген.
А.Салқынбай «Қазақ тілінің сөзжасамы» атты еңбегінде сөзжасамдық жұпқа мынадай анықтама береді: «Сөзжасамдық жұп – сөзжасамдық ұяның ең кіші бірлігі. Сөзжасамдық жұпта екі ғана мүше қатысады. Себепші негіз бен соған негізделіп жасалатын туынды сөздің жұбы. Сөзжасамдық жұпты құраушы тұлғалар өзара ұғымдық, тұлғалық және мағыналық байланыста болады» /1, 119/.
Б.Есімсейітов «Қазақ тіліндегі сөзжасамдық тізбектердің құрылысын синхронды тұрғыдан сипатау» деген еңбегінде сөзжасамдық жұпты: «Сөзжасамдық тізбектегі синтагматикалық қатынас негізінде сөзжасамдық жұп жасалады. Сөзжасамдық жұп – негіз сөз бен одан жасалған туынды сөзден тұратын екі құрамды сөзжасамдық құбылыс» - деп түсіндіреді. Яғни ғалымның еңбегінде сөзжасамдық жұп сөзжасамдық тізбектің құрылымдық бірлігі ретінде қарастырылады.
Сөзжасамдық жұп өз алдына жеке зерттеу нысаны ретінде қаралмаған, десек те кейбір еңбектерде сөзжасамдық жұпқа анықтамалар беріліп, сипаттама жасалған. Бұл ретте Н.О.Оралбаеваның, А.Салқынбайдың, Б.Есімсейітовтың, З.Бейсембайқызының еңбектері мен мақалаларын көрсетуге болады. Сөзжасамдық жұп негізінен сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық тарам, сөзжасамдық тізбек мәселелеріне арналған еңбектерінде сөз болады. Бұл еңбектерде сөзжасамдық жұп сөзжасамдық ұя, тарам, тізбектердің қарапайым бірлігі ретінде қарастырылады.
Сөзжасам - лингвистика ғылымында жеке сала ретінде кеш дамып, жетіліп келе жатқан сала. Қазақ тіл білімінде ол жеке сала ретінде соңғы 80, 90- жылдардан бері қарай зерттеле бастады. Сондықтан сөзжасам жүйесінің зерттелмеген теориялық мәселелері де баршылық. Солардың бірі сөзжасамдық жұп. Айтып өткендей, сөзжасам жүйесінде сөзжасамдық жұпты жеке қарастырған еңбектер жоқтың қасы. Ал А.С.Тихонов: «Пока не будет создана типология всех единиц словообразования, вряд ли возможно дать полное описание словообразовательной системы языка» - дейді. Ғалымның бұл тұжырымынан сөзжасамдық бірліктер толық қарастырылмайынша, сөзжасамдық жүйенің, ұяның өзіндік ерекшеліктерін толық сипаттау мүмкін еместігін аңғарамыз.

Зерттеудің мақсаты: сөзжасамдық жұптардың өзіндік ерекшеліктері мен мүшелері арасындағы мағына байланыстылығының дәрежесін анықтау.

Зерттеудің нысаны: жұмысымыздың нәтижесінде алынған тілдік материалдар мен дәлелдеулер.

Зерттеудің әдістері: баяндау, салыстыру, сипаттау, дәлелдеу, зерттеу.

Зерттеу жұмысының материалдары: тілдік материалдар ғылыми әдебиеттер мен сөздіктерге сүйеніп алынған.

Зерттеудің жаңашылдығы: бұрын соңды қарастырылмаған тақырып.

Жұмыстың ғылыми нәтижесі: Сөзжасамдық жұптың мүшелері – негіз сөз бен негізді сөз – мағыналары екіншісі біріншісі арқылы, яғни негізді сөз негіз сөз арқылы уәжделіп жасалғандықтан мағынасы негіз сөзге байланысты болып келеді. Және негіз сөздің мағынасы негізді сөзге толығымен не жартылай беріледі.

1 СӨЗЖАСАМНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ.

1.1 Сөзжасамның түркологияда зерттелуі

Сөзжасамдық жұп дегеніміз сөзжасамдық ұядағы негіздеуші сөз бен негізделетін сөздің синтагматикалық қатысы. Яғни сөзжасамдық жұпта екі ғана мүше қатысады. Себепші негіз бен соған негізделіп жасалатын туынды сөздің жұбы. Сөзжасамдық жұпты жеке алып зерттеген жұмыстар жоқтың қасы. Ал сөзжасамның зерттелуін айтар болсақ, түркологияда сөзжасамның зерттелуі бастауын тереңнен алады. Орта ғасырда өмір сүрген, түркі тілдерінің алғашқы грамматикасы мен сөздігін, лингвистикалық картасын жасаушы Махмұт Қашқаридың «Дивани лұғат-ит турк» еңбегінде сөзжасам туралы алғашқы қисындар айтылады. Түркі тілдеріндегі дыбыстық алмасулардың ерекшеліктері, грамматикалық категориялардың мағынасы мен қызметі айқындалады. Қашқари орта ғасырда қалыптасқан түбір сөздердің құрамының тұрақты әрі қалыпты мағынасы болатындығын айтқан. Түркі тілінің грамматикасын зерттеушілер тек XIX ғасырдан бастап, батыстық және орыстық дәстүр негізінде шыға бастады. Бұл кезеңдері түркі тілдеріндегі сөз тұлғалары мен сөз таптарын саралап жіктеу проблемасын тікелей байланыста алып, сөзжасамның басты-басты жолдары мен тәсілдерін ғылыми тұрғыда анықтау революциядан бұрынғы орыс түркологтары А.Казембек, О.Бетлинг, В.В.Радлов, Н.И.Ильминский, П.М.Мелиоранский, Н.Ф.Катанов, М.Терентьев, В.В.Катаринский, Э.К.Пекарский, Н.И.Ашмарин жазған еңбектерден басталып, кеңес дәуірінде В.А.Богородицкий, А.Н.Смайлович, В.А.Гордлевский, С.Е.Малов, Н.К.Дмитриев, А.Н.Кононов, Н.А.Баскаков, В.М.Насилов, А.К.Боровков, Е.И.Убрятова, И.А.Батманов, Э.С.Севортян, Э.Р.Тенишев, А.М.Щербак, Ю.Д.Дешериев еңбектерінде онан әрі жетілдіріп отырды.
Түркі тілдерінің сөзжасамдық жүйесі кеңес өкіметі тұсында терең әрі ауқымды зерттеле бастады. Сөзжасам тарихына шолу жасайтын А.Салқынбайдың «Тарихи сөзжасам» атты монографиялық еңбегінің негізінде, бұл зерттеушілерді шартты түрде екіге бөліп қарастыруға болады:
1) Түркі тілдерінің грамматикасын жазу барысында, морфология құрамында сөзжасамдық тәсілдерге талдау жасайтын зерттеулер Н.А.Баскаков, И.А.Батманов, А.К.Коровков, Н.К.Дмитриев, Ф.Г.Исхаков, А.А.Пальмбах, А.Н.Кононов, С.Е.Малов, К.М.Мусаев, А.М.Щербак т.б. ғалымдар түркі тілдерінің әр түрлі салалары бойынша жан-жақты зерттеу еңбектерін жазған. Н.А.Баскаков «Каракалпакский язык», «Историко-типологическая морфология тюркских языков» т.б. еңбектерінде сөз таптарының сөзжасамдық тәсілдеріне толық талдау жасап, әсіресе морфологиялық тәсіл арқылы жасалатын туынды сөздердің тұлғалық қырларын сараптайды. Н.К.Дмитриев «Строй тюркских языков», «Грамматика современного якутского литературного» т.б. зерттеулерінде тілдегі қалыптасқан сөзжасамдық аффикстерді сөз таптарын жасау қызметіне қарай топтастырып, сөз таптарының морфологиясымен бірге қарастырады.
Б.Серебрянников, Н.Гаджиева «Сравнительно-историческая грамматика тюркских языков» атты зерттеулерінде түркі тілдеріндегі сөзжасамдық тұлғалардың даму, қалыптасу тарихын салыстыра зерттеуге күш салады.
А.Н.Кононов «Грамматика современного узбекского литературного языка» деген еңбегінде сөзжасамды морфологиялық аспектіде қарастырған. Ал «Грамматика языка тюрксих рунических памятников» атты еңбегінде сөзжасам мәселелері жеке сипатталады. Автор бес түрлі сөзжасамдық тәсілді көрсеткен: морфологиялық, синтаксистік, синтаксистік-морфологиялық, фонетикалық және калькалау тәсілі.
А.Щербак «Очерки по сравнительной морфологии тюркских языков (Имя)», «Очерки по сравнительной морфологии тюркских языков (Глагол)», «Грамматический очерк языка тюркских текстов X-XIII вв. Из Восточного Туркестана» атты еңбектерінде түркі тілдеріндегі сөз таптарының жасалу жолы мен сөз тудырушы аффикстердің шығу, қалыптасу жолдары салыстырмалы әдіс негізінде зерттеледі. Көптеген сөз тудырушы тұлғалардың түп негізі – қимыл есімге алып баратыны туралы ғылыми тұжырым жасалады.
II) Сөзжасамды тіл білімінің жеке саласы ретінде бөліп қарастыратын зерттеулер. Түркологияда сөзжасамды жеке сала ретінде бөлек алып қарастырып, туынды сөздердің мағынасын айқындаған А.А.Юлдашев еді. «Система словообразования и спряжения глагола в башкирском языке» атты монографиясында башқұрт тілінде бір буынды түбір сөздердің жалпы саны 200, етістік түбірлердің саны 800 деп көрсете отырып, тілдің байланыс құралы ретіндегі негізгі қызметі туынды сөздер арқылы орындалатынын көрсетеді.
А.Г.Гулямов «Проблемы исторического словообразования узбекского языка» атты зерттеуінде, негізінен, аффикстік тәсіл арқылы жасалған туынды сөздердің мағынасын айқындап, сөз тудырушы тұлғалардың тарихи тұлғасын қалыптастыруға күш салған. Г.М.Гарипов «Башкирское именное словообразование» еңбегінде башқұрт тіліндегі есімді сөзжасамды жүйелейді. Морфологиялық тәсілді толық қарастырып, жаңа сөз жасаудағы аффикстердің рөлін айқындаған. Б.О.Орузбаеваның «Словообразование в киргизском языке» атты еңбегі қырғыз тіліндегі сөзжасамды анықтаған, оның жасалу тәсілдерін көрсетіп берген. Э.В.Севортянның «Аффиксы глагольного словообразования в азербайджанском языке», «Аффиксы именного словообразования в азербайджанском языке» еңбектері тек азербайжан тілі емес, жалпы түркологияда жасалған іргелі еңбектер болған. Зерттеуші туынды сөздің мағыналық құрылымының қалыптасуы мен сыңарларының мағыналық құрамы жөнінде терең теориялық талдаулар жасайды. Э.В.Севортянның аталған еңбектері жалпы түркологиядағы сөзжасамның әр түрлі тарихи аспектіде зерттелуіне негіз болды. Ф.А.Ганиев «Суффиксальное словообразование в современном татарском литературном языке» атты еңбегінде сөзжасамдық тәсілдің түрлерін бөлудегі әркелкі пікірлерге тоқтала отырып, кірме сөздер мен калька әдісі арқылы енген сөздерді сөзжасамдық аспектіде қарастыруды бұрыс деп табады. Ф.А.Ганиев сөзжасамды морфологияның құрамында қарастыруға қарсы болады, оны жеке сала ретінде бөліп қарастыруды батыл ұстанады. М.А.Хабичев «Именное словообразование и формообразование в куманских языках» атты еңбегінде негізінен морфологиялық сөзжасамға көп көңіл бөліп, дәстүрлі грамматикалық принциппен өнімді, өнімсіз аффикстердің мағыналық қырларын көрсетеді.
Осындай іргелі еңбектерден басқа да, сөзжасам мәселесіне байланысты көптеген кандидаттық диссертациялар қорғалды : Б.К.Кутлумуратов, У.Д.Алиев, А.Ю.Бозиев, Ю.К.Мамедов, Ғ.С.Садвакасов, В.П.Гузев, К.Мелиев, А.Шибаев, Н.Демичян, Л.С.Гадельшин, А.А.Аймурзаева, С.И.Бекмурзаева, В.В.Андреев т.б.

1.2 Қазақ тіл білімінде зерттелуі.

Қазақ тілі білімінде сөзжасам мәселесінің зерттелуі тарихына келер болсақ, қазақ тілі ғылымының корифейлері саналатын А.Байтұрсынов пен Қ.Жұбановтан бастап, тіл білімімен айналысқан ғалымдардың бәрі дерлік әр түрлі дәрежеде сөзжасамның теориялық және практикалық мәселелері жөнінде сөз қозғаған. Сөзжасамның негізгі мәселелері – туынды сөз туралы түсінік, оның жасалу жолдары мен тәсілдері, қос сөз, біріккен сөз туралы алғашқы мәліметтер А.Байтұрсыновтың 1914 жылы жарық көрген «Тіл – құрал» атты еңбегінде баяндалады. Сөзжасамдық негізгі терминдер де осы еңбекте жасалады. Қ.Жұбановтың 1936 жылы жарыққа шыққан «Қазақ тілінің грамматикасы» зерттеуінің бірінші бөлімінде сөздің жалпы құрылысы сөз болады, ал «Заметки о вспомогательных и сложных глаголах», «Шылаулар, қос сөздер, біріккен сөздер» атты мақалаларында сөзжасам тәсілдеріне арнайы талдау жасайды. Н.Т.Сауранбаев, С.Аманжолов , М.Балақаев сияқты ғалымдар сөзжасам туралы болмаса да, сөз тудыруға қатысты мақалалар жазды.
Сөзжасамды негізгі зерттеу обьектісі етіп, жеке сала ретінде қарастыра бастау, біздіңше Ә.Төлеухановтың «Словообразовательные аффиксы имен в современном казахском языке» атты кандидаттық диссертациясынан басталады. Мұнда алғаш рет есімдердің сөзжасамдық аффикстері жеке зерттеледі. Сондай-ақ, автордың «Қазақ тіліндегі зат есім мен сын есім тудыратын жұрнақтар», «Қазақ тіліндегі сын есім мен сан есім категориясы», «Проблемы синтетического словообразования имен существительных и прилагательных в казахском языке» деген еңбектері түркологияда қалыптасқан дәстүрлі принцип негізінде, сол қалыпқа түсіріліп жазылған. Олардың маңызы зат есім, сын есім, сан есімдерге тән сөз тудырушы тұлғаларды сұрыптап, саралап беруінде (1, 32).
А.Хасенова (Қалыбаева) «Қазақ тіліндегі туынды етістіктер» атты еңбегінде туынды етістік жасайтын аффикстердің мағыналық топтары мен түрлеріне жекелей тоқталып, теориялық құнды байламдар жасайды. Б.Қайымова «Етістік түбірден есім тудыратын аффикстер» атты еңбегінде қазіргі қазақ тіліндегі ең өнімді тәсіл болып саналатын синтетикалық тәсілдің есім тудыратын тұлғаларын саралайды. Ә.Керімов «Словообразовательные аффиксы в языке памятников тюркоязычной литературы XIV в.» деген еңбегінде XIV ғасыр ескерткіштер тіліндегі сөзжасамдық аффикстерді зерттеген. А.Ысқақов «Қазіргі қазақ тілі. Морфология» деген еңбегінде морфологиялық аспектіден сөзжасамдық мәселелер жүйелі зерттелген. Сөз тудырудың тілдің өзімен бірге жасап келе жатқан көне құбылыс екенін көрсетіп берген еңбек - А.Есенқұловтың «Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі қосымшалар» атты зерттеуі. Еңбекте Орхон, Енисей жазба ескерткіштеріндегі қосымшалардың тұлғалық және мағыналық ерекшеліктері мен қалыптасу, даму жолдары пайымдалған. Ә.Ибатовтың «Сөздің морфологиялық құрылымы» зерттеуінде XVI ғасырдағы Алтын Орда мен Египетте жазылған ескерткіштер тіліндегі түбір сөздер мен туынды сөздердің сипаты, сөз тудырушы аффикстердің құрылымдық жүйесі айқындалады. Автор «Қазақ тіліндегі туынды сөздер сөздігін» (1988) шығарды. Бұл еңбектің сөзжасамның зерттелуіндегі рөлі айтулы. Ғ.Айдаров «Язык орхонских памятников древнетюркской писменности VIII века» деген еңбегінде жазба ескерткіштер тіліндегі сөзжасам тәсілдерінің түрлері мен жасалу жолдарын, даму тарихын нақтылы тілдік деректермен көрсетеді.
Қазақ тіліндегі сөзжасамдық мәселелер негізінен морфологияның құрамында қарастырылғандықтан, сөзжасамның теориялық мәселелері: тәсілдері мен қалыбы, типі, мағыналық қырлары туралы сөз қозғалмауы заңды еді. Түркологияда, оның ішінде қазақ тілі білімінде сөзжасамдық мәселелерді зерттеу - суффикстік тәсілді тексеру мен сөз жасушы суффикстерді түгелдеумен шектелді.
Сөзжасам - лингвистика ғылымында жеке сала ретінде кеш дамып, жетіліп келе жатқан сала. Қазақ тіл білімінде ол жеке сала ретінде соңғы 80, 90- жылдардан бері қарай зерттеле бастады. Бұрын жеке сала ретінде мән беріле қоймаған сөзжасам мәселесі грамматиканың морфология саласында, кейбір мәселелері лексикология саласында қарастырылып келгенін атап өттік. Бұдан сөзжасам жүйесінің теориялық мәселелерінің назардан тыс қалып келгендігі анық. Бұл жөнінде, яғни сөзжасам жеке сала ретінде танылмай, жеке сөз таптарының құрамында қаралып жүргенде, барлық назар сөз таптарының жасалуының төңірегінде болып, бұл сөзжасамның жеке проблемаларының зерттеліп, жалпы теориялық проблемаларының артта қалуына әкелгені жөнінде профессор Н.Оралбаева сөз қозғаған.
Қазіргі таңда сөзжасам – тіл білімінің жеке бір саласы. Сөзжасамның дербес сала ретінде танылып, теориялық дәлелдеулері белгілі бір деңгейге көтерілуі 1989-жылғы «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» - атты монографияға байланысты. Аталған монографияда ғалымдар сөзжасамды қазақ тіл білімінің жеке, дербес саласына жатқызып, сөзжасамның негізгі обьектісіне сөз жасаушы тәсілдерді, сөз жасаушы тілдік нұсқаларды, сөзжасамдық типтер мен тізбектер, сөздің жасалу үлгілерін, туынды сөздер мен олардың түрлерін, сөзжасамдық заңдылықтар мен сөзжасамның сөз таптарына қатысын жатқыза отырып, сөзжасам тілдегі сөзжасау процесімен байланысты барлық құбылыстар мен заңдылықтарды зерттейтінін көрсетті. Осы мәселелер төңірегінде алғаш мағлұматтар беріліп, тұжырымдар жасалды. Сонымен қатар, сөзжасамның жеке сала ретінде қалыптасуына ғалымдардың кейінгі екі он жылдықта жазылған еңбектерінің де қосқан үлесі көп. Олардың қатарына: Н.Оралбаеваның «Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің жүйесі» А., 1988-ж., С.Исаевтың «Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты» А., 1998-ж. атты еңбектері мен Л.Жаналинаның «Сопоставительное словообразование русского и казахского языка» А., 1998-ж., З.Бейсембаеваның «Сөзжасамды оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» А., 1998-ж. монографияларын жатқызуға болады. Н.Оралбаева «Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі» атты еңбегінде сөзжасам жүйесінен жалпы мәлімет бере отырып, сан есімнің сөзжасам жүйесін жан-жақты қарастырады. Сан есім сөзжасамның негізгі жасалу тәсілдері көрсетіліп, олардың сөзжасам жүйесінен алатын орны сипатталады.....
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру