Қазақ әдебиеті | Ахмет Байтұрсынұлы аудармаларындағы көркемдік қолданыстар

 Қазақ әдебиеті | Ахмет Байтұрсынұлы аудармаларындағы көркемдік қолданыстар

Мазмұны

КІРІСПЕ………………………………………....…………………………………
1 А.БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ ҒҰМЫРНАМАСЫ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖОЛЫ..........................................................................................................................
1.1 Азатшыл жырдың алыбы...................................................................................

2 А.БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ АУДАРМАЛАРЫ
2.1 Тәржімадан туған төл туынды...........................................................................

ҚОРЫТЫНДЫ............................................................................................................
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ....................................................

КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығының сүбелі салаларының бірі — поэзия. Бұл — негізінен замана талабынан туындаған, дәуір жүгін арқалаған шығармашылық ізденіс. XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінде поэзия өзінің жетекшілік рөлінен айырылған жоқ. Бұған өлеңнің оқырман мен тыңдарман жүрегіне жылы ұялар қасиеті, ойдың ұшқырлығы мен жинақылығы себеп болса керек. Ел азаттығын армандаушы, білімге, "жарық күнге" үндеуші Ахмет Байтұрсынұлы өзінің алғашқы жүрекжарды туындыларында осынау тәсілді таңдап алуы — уақыт үніне сай болуды көздеуден туған шара. Бірақ көңіл аударар бір мәселе — Ахаңның өзгелерден өзгерек өзіндік жол табуы. Бұл — оның тұңғыш жинағының түгелдей аудармалардан тұруы. Орыстың атақты мысалшысы И.А.Крылов шығармаларына зер сала үңілген ақын оның көптеген мысалдарынан өзінің ділгір қажеттілігін тауып, "Қырық мысал" деген атпен 1909 жылы Петерборда бастырып шығарды. Ахмет Байтұрсынұлы мысалдарын қарастырған кезде біз оның өзіндік ерекшеліктерін тануға ден қоюымыз керек. Ахаңның Крылов мысалдарына ерекше назар аударып, жеке жинақ етіп шығаруы мысалдың ұлттық салт-дәстүрде, ауыз әдебиетінде терең із тастауында жатса керек. Эзоптан калған дейтін ("Түлкі мен жүзім" атты) мысалдың қазақ арасында өзгеше бір нұсқасы бар. "Шаңырақта асулы тұрған етке мысықтың аузы жетпей мысы құриды, сонда ол: "Өзі жасық, өзі сасық, осы етті кім жесін" деп, менсінбей жүріп кетеді. Бұл тәрізді прозалық мысал үлгілері қазақ арасында жиі кездеседі. Олардың көбі кейін аңыз әңгімеге айналып, өзінің алғашқы мысалдық өткірлігін жойып та алады. Мәселен, түйенің бойына сеніп жылдан қалуы қазір андар арасында жылға таласу негізінде сақталса, алғашында түйенің аңқаулығына негізделген мысал ретінде өмірге келгенін аңғару қиын емес. Кейде мысал өзінің дидактикалық, моральдық мәніне қатысты ең қысқа нақтылыққа жеткізіліп, қанатты сөзге, мақал-мәтелге айналып кетіп отырады. Мысалы, "Аспандағы еттің сасығы-ай", "Түйе бойына сеніп жылдан құр қалыпты" деген мәтелдер айтылған сәтте, тыңдаушы оның арғы түкпірінде қандай оқиға бар екенін, неге қатысты айтылғанын бірден ұға қояды.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. А.Байтұрсынов аудармаларының маңызын ашып, оның қазақ әдебиетінің дамуымен тамырлас екенін анықтауды көздейді. Осы аяда А.Байтұрсынов аудармаларының қазақ әдебиеті тарихында лайықты орны бар екенін ғылыми дәйектеуді мақсат етеді.
Ол мақсаттарды шешуде, зерттеуде төмендегідей міндеттер қойылады:
- Аудармалардың негізгі бағыттарын, сипаттарын, жанрлық байлығын анықтау;
- А.Байтұрсыновтың шығармашылық өмірін жүйелеу;
- А.Байтұрсынов аудармаларының қөркемдік–эстетикалық құндылықтарын ашу, олардың қазақ әдебиетінің байлығын толықтырудағы мәніндәлелдеу.
Зерттеудің ғылыми болжамы:
- қазақ әдебиетінің даму сипаттары аясында А.Байтұрсыновтың шығармашылығы жүйеленіп, ерекшеліктері анықталды.
- Ахмет Байтұрсынов мұраларының көркемдік-эстетикалық құндылықтары ғылыми тұрғыда сараланды.
- Ахмет Байтұрсыновтың қазақ әдебиеті тарихындағы орны дәйектелді.
Зерттеу объектісінің теориялық, практикалық маңыздылығы мен әдістемелік негізіне белгілі әдебиеттанушы ғалымдардың зерттеу еңбектері мен мақалалары басшылыққа алынды. Сөйте отырып дипломшы тарапынан өзіндік ой қорыту, салыстыру жұмыстарын жүргізу де диплом жұмысының негізгі нысанасы болып табылады. Диплом жұмысының корытындылары мен тұжырымдарын жалпы білім беретін мектептердің бағдарлы сатысында, таңдау бойынша оқитын факультативтерде, әдеби шығармашылық үйірмелерде қолдануға болады.
Диплом жұмысының зерттеу әдістері. Диплом жұмысының мақсат-міндеттерін шешу үшін жиналған шығармалар, түрлі мәліметтер, әдебиеттер бойынша зерделеу, талдау, салыстыру, жинақтау, сұрыптау, жүйелеу, дәйектеу, топшылау, тұжырымдау әдістері қолданылды. Көбірек қолданылғандары: талдау, салыстыру, дәйектеу, тұжырымдау.
Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы екі тараудан, екі тараушалар мен қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 А. БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ ҒҰМЫРНАМАСЫ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖОЛЫ

Ахмет 1886 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түсіп, оны 1891 жылы бітіріп шығады. Одан кейін білімнің жарығын іздеп керуеншілерге ілесіп Орынбор барады. 1891—1895 жылдары осы Орынбор қаласындағы орыс-қырғыз (қазақ — Ө.Ә.) мұғалімдер мектебінде оқиды. Бұл күнде Ахаңның осы оқу орнын бітіргендігі туралы куәлігінің көшірмесі сақталған. 260-шы куәлік, 1895 жылдың 13-мамырында толтырылған. Ахаңның куәліктегі пәндер бойынша баға көрсеткіштері төмендегідей: "Мұхаммедке сену, жазу, бейнелеу пәндері және тәртібі "өте жақсы" деп бағаланған, педагогика және бастауыш мектептегі тәжірибе пәндері "жақсы", орыс тілі, арифметика, геометрия, орыс тарихы, жаратылыстану пәндері ортаға бағаланған".
Ахаң бала кезінен-ақ өз елінің азаматтарының көзіне түсіп. болашағынан көп үміт күттірген жас болса керек. Бұған Торғай өңірінен шыққан журналист, ақын, әдебиетші Назарбек Бектемісұлының, "Ахмет ұшқан алтын ұя" кітабындағы кейбір дерек көздері дәлел бола алады. Ахмет дүниеге келген Тосын болысының 5-ауылында уақ Жұмабай ақын өмір сүріпті. Ол туралы Ы.Бектесімұлы: "Ақын болғанда да ақынның бірегейі. 1838 жылы туған адам. Әкесінің аты Шалабай. Ел арасында "Өлеңші ата" Жұмабайға үш рет көрініпті деген аңыз бар" [1; 7 б] деп жазады.
Осы Жұмабай ақынның төңірегінде Ахметтің жақын туысы Қарпық Шолақұлы, Есенжол Жанұзақұлы, Сейдахмет Бейсенұлы т.б. ақындар болған екен. Жас Ахмет осылардан елен өнерінің сырын ұғып қоймай, өлең сөзге ебі барлығын таныта алса керек. Жұмабай ақынның үйіне Ахмет жиі қатынап, оның айналасындағы өнерпаздардан өнер үйренгендігін 90-нан асып қайтыс болған Ермағамбет деген өзі де ақын, жырау кісі елжірен еске алады екен. Назарбек ақын өз аузынан естіген Ермағамбет ақсақалдың мына бір сөздерін мысалға келтіреді: "Ахметке домбыра үйреткен Есенжол ақын, әнді де сол Есенжолдан үйренген. Жалпы Ахмет өнерге ерте қанат қаққан еренім ғой".
Ахметтің талантына таң қалып, көкірек көзінің ашықтығына риза болған аға буын ақындар жас талапкердің талабын құптап, оның болашағынан үмітті екендіктерін өлеңмен білдірген.
Ахаңның өнерге бет бұруына үлкен септігін тигізген ақынның бірі — өз туысы Қарпық ақын. Оның Ахмет аса қадірлеген ақын екендігінің бір белгісі жоғарыда айтқан "Әдебиет танытқыштың" бірнеше жерінде аты аталуы. Қарпықтың бала Ахметке әсері туралы қазақтың ақиық ақыны, әрі жерлесі, әрі немере күйеу баласы Сырбай Мәуленов мынадай ой түйеді: "Ахметке Торғай торабының атақты жырауы Қарпықтың тигізген шарапаты мол. Қарпық жыраудың әуезді әуені, өлең өрімдері табанда үйлестіретін тапқыр ұйқастары, шешендік шеберлігі, халық тарихын жете білетіндігі жас Ахметтің талап көзін ашуына көмектесті. Ол бірте-бірте талант дегеннің тазалықтың, адамгершіліктің, ардың ісі екендігін айқын түсіне бастады". Торғай өңірінің ірі ақыны болған Қарпықтың А. Байтұрсынұлының "Әдебиет танытқышындағы" өлең үзінділері, "Жиырма үш жоқтаудағы" жоқтау өлендерінен басқа туындылары сақталмаған. Өкінішті-ақ!
Ахметтің ақын ұстаздары оның талант-дарынын ғана бағалап қоймай, басына қиындық түскен сәтте өлеңмен демеу де берген. XX ғасырдың алғашқы жылдарынан-ақ ұлт санасын ояту жолындағы күреске шыққан Ахмет 1907 жылдары патша жандармериясы ұстап, басына қауіп төндіргенде Әбдірахман Иманқұлұлы атты ақын үлкен өкінішпен өлең арнапты.
Ахмет айдау көрді-ау жастайынан,
Басылып қалар ма екен тастай ұлан!
Дарынды дарын елі қашан таныр,
Сыртынан былапыттап шашпай лаң.
Бар болса аруақ-құдай қолда өзің,
Қалмас деп мен тілеймін жолда сөзің. [2; 11 б].
Иә, ел үшін туған азамат боларын ерте сездіріп, алдыңғы толқын ұстаз ағаларының мейіріміне бөленген Ахмет өмірінің шәкірттік кезеңін XIX ғасырдың 95 жылдары аяқтап, ұлтым деген ұлы арманмен тағдыр тосқан тауқыметі мол күрес жолына бет алды.
Ахаң өзі "Өміржазбасында" көрсеткендей 1872 жылғы 12 наурызда шыққан Ереже заңдылықтарына сәйкес 6 жыл мұғалім болып қызмет істеуге міндетті болатын. Сондықтан да ол 1895 жылдың 1 шілдесінен бастап оқытушылық қызметке кіріседі. Ұстаздық жолын Ақтөбе уезі Батпақты болысындағы Ахметкерей Қойшыбақовтың ауылындағы ауыл мектебінен бастайды. Бұл қазіргі Ақтөбе облысының Алға ауданындағы Самбай ауылы (Қарағаш ауылдық әкімдігінің орталығы). Қазір осы Қарағаштағы мектеп Ахмет Байтұрсынов атымен аталады. Ол 1895— 1909 жылдар аралығында Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектептерде бала окытып, мұғалім болады.

1.1 Азатшыл жырдың алыбы

XX ғасырдың бас кезінде қазақ әдебиетін жаңа биікке көтеріп, оның сандық та сапалық өскендігінің белгісі ретінде поэзия көрінді десек, әрине, артық айтқандық емес. Себебі сол кезде жарық көрген әр түрлі тақырыпқа арналған кітаптардың тең жартысынан астамы өлең еді. Міне, осы өлең кітаптардың ішінен жеке-дара шоқтығы биігі Ахмет Байтұрсынұлының "Маса" кітабы.
Қазіргі ғылыми айналымда айтылып жүргендей, XX ғасырдың басында қазақ әдебиетіне өзгеше бір леп әкелген, бейнелеп айтсақ қазақ әдебиеті аспанына жарық нұр шашқан үш кітап келді. Олар — Абайдың Петерборда шыққан өлеңдер жинағы, А.Байтұрсынұлының "Қырық мысалы", М.Дулатовтың "Оян, қазағы". Қазақтың сез танитын адамына аспаннан түскен төрт кітаптай әсер еткен бұл үш кітап несімен ерекшеленеді? Абай өлеңдері "тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп", "шымырлап бойға жайылған" биік көркемдік қуатымен, Ахмет мысалдары өмірдің өзекті жарған өткір мәселелерін жалқыға да, жалпыға да бірдей ұғынықты тілмен жырлауымен, Міржақып өлеңдері дәуір құбылысын, өмір ағынын дәл танып, аса зәру ұран тастаған жан айқайымен хат танитын қазақты өзіне тартып, қазақ даласын шарлап кетті. "Қырық мысал" тастаған астарлы ой санасына қозғау салып, елдігін танып, ұйқылы-ояу самарқау күйден көтеріле бастаған қазаққа А.Байтұрсынұлы 1911 жылы жаңа бір әуезі, жаңа сазы бар кітапты сыйлады. Бұл — Азаттықты аңсаған, бостандықты ту етіп көтерген "Маса" жинағы. "Маса" — Ахметтің ақындығын паш еткен, оны өз тұсындағы қазақ ақындарының алдыңғы қатарына шығарған шығарма. А.Байтұрсынұлы өз ұлтының бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресте шындалып өсті. Осынау күрес майданындағы өткір қаруы, оқырман мен тындарман жүрегіне жылы тиіп, берік ұялар, адам ойына қозғау салар қасиетті өнері өлең болды. Сондықтан да ақын поэзиясы оның азаматтық төлғасын дараландыра берді.
"Маса" жинағы қазақ поэзиясындағы ақындар творчествосымен үндесе дараланғандығын, сонылық аңғартқанын тап басып тану үшін Ахметтің өз тағлым-танымына жүгінген жөн секілді. Сонда ғана оның өлеңдерінің көркемдік қуаты мен жаңашылдығына, поэзиялық дүниелерінің болмыс-бітіміне, табиғатына терең дендей алуға мүмкіндік туады.
Жалпы, Ахмет поэзиясының тілінде екі өріс барлығын тану қиын емес. Сөз орамдары, көркемдік иірімдері, ой салмақтылығында Абай салған сүрлеудің сілемі жатқанмен де өзгеше ағын, өзгеше сарын байқалады. Ол сарын ғайыптан келген, табиғаттан тыс туған әуез емес. Ол — сонау Ақтамберді, Үмбетей, Махамбеттерден желісін үзбей келе жатқан қаһармандық сарын. Әрине, Ахмет өлендеріңде сырт көзге ұрандап, өн бойынан от шашқан шұмақтар өте сирек. Бірақ "жеңіл ұйқас, батыр оймен үйлесер" (Пушкин) демекші, Ахмет өлеңдерінің табиғаты сонау бабалар дәуіріндегідей өз заманының нақты сұранымымен үндес. Ахмет жырына "батыр ойды" өзек еткен де өмір шындығы. Туған ұлтының алдында "Быть или не быть?" деген әйгілі гамлеттік сұрақ тұрғандықтан да, ақын сабырлы өлең жолдарына жалынды рухты серік етті. Сондықтан да оның өлеңдерінде ұлт деген сөздің мағынасы мен Отан деген сөздің мағынасы нақтылана түсіп, бірін-бірі кеңіте отырып, азаматтық борыштың мәнін көтере түседі.
Ақын өмір сүрген заман XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басы — қазақ халқының тарихындағы ең бір ауыр кезең. Іштен жеген жегі құрттай айлалы ақ патшаның отаршыддық саясаты өзінің үстемдігін баянды ету үшін халықтың неғұрлым қараңғы, неғұрлым надан күйінде қалуын қалады. Ілім-білімнің таңғажайып күшіне сенген Ахмет әуелгі кезде ағартушылық арқылы әлеуметтік жетімсіздікті де, мәдени мешеулікті де жеңуге болады деп түсінді. Осыдан шығара отырьш, Ахметтің ақындық творчествосындағы екі кезеңді айқын аңғарамыз: 1901-1905 жылдарда Ахмет ағартушы-демократ ретінде танылса, екінші кезенде, яғни 1905-1913 жылдарда оянған қазаққа азаттық жолын нұскаушы, ұлт-азатшыл идеяға бекінген күрескер.
А.Байтұрсынұлы 1895 жылдың ортасынан бастап мұғалімдік қызмет атқара жүріп, шығармашылықпен айналысқан. 1901-1904 жылдары Крылов мысалдарын аударумен шұғылданды. Ел ішінде қоғамдық ахуалды сауатсыздық пен білімсіздіктен көріп, ағартушылық көзқарасы қалыптасты. Соның нәтижесі ретінде "Қырық мысал" дүниеге келгенді, Ахаң оған жаңа сарын, тың екпін дарытты. Ал 1905-1907 жылдары байтақ Россияны шарпыған революция тұсында А.Байтұрсынұлы бостандықтың темірқазығын айнытпай таныды, ол азаттық жолындағы күрес екенін білді.
Ахаңның ақындығын 1913 жылмен шектеп отырғанымыздың шартты екенін айқын түсінеміз. Өйткені ол ақындығын кейінде жалғастырды. Бірақ 1913 жылдан кейінгі кезенде поэзиядағы рух негізінен "Қазақ" газетіндегі тікелей публицистикада жалғасын тапты.
Таза поэзиялық мұрасын осылай екі кезеңге бөліп қараған уақытта, ақын творчествосында ағартушылық сарын да, төңкерісшілдік рух та қоян-қолтық араласып жатқанын байқаймыз. Дегенмен, алғашқысында ағартушылық, соңғысында күресшілдік сарын басым.
Ахмет ұлы ұстазы Абайша елді білімге, өнерге үндеп, Абай мен ЬІбырай салған сара жолды әрі қарай жалғастыруды мақсат тұтты. "Демократтық бағытты жаңа жағдайда өзінше жалғастырушы ретінде көрінді [3; 13 б]. Ахмет халық санасы оянбай, қоғамдық-әлеуметтік теңсіздіктерді түсінбей ешбір ел отаршылдық бұғаудан құтыла алмайтынын алдымен өзі мықтап ұқты, өзгелерге ұқтырмақ болды.
Оның өлеңдеріндегі өзгеше сарынды, күресшіл рухты қазақ әдебиетін зерттеушілер 20-жылдарда-ақ танығанды. Сол тұстағы әдеби айналымдағы Ахмет творчествосы туралы пікірлердің жиынтығы Әмина Мәметованың "Көркем әдебиет туралы" мақаласында берілген. Әмина Ахаң творчествосын орыстың революционер-демократы Чернышевскиймен қатар қойып, "Ахаңды мақтайын деуден аулақпын. Бірақ тарихтан тиісті орнын берейік дегім келеді. Ахаң әдебиетімізге жұмыс етпеді ме? Қолынан келгенше заманына қарай жалтыраған түймесін жұлып тастап, құл болған, теңдіксіз болған жұрт екен деп, есепке алынбаған қазақ жұртына заманына қарай көре білгенше, түсінгенше жен сілтемеді ме?" [4; 64 б] деген орынды ой айтады.
Ақын өлеңдеріндегі кер замандағы қазақ тұрмысының бейқам күйі, білімге, оқуға ұмтылудың аздығы, қасіретті халды түсінбеушілігі елді басқан ұйқының қалың-тұман бейнесі арқылы берілген. Оның көптеген өлеңдерінде осы бір образ алдыңғы қатарға шығып, енжарлық пен күйкі тірліктің символикалық көрінісіне айналады. Өмір философиясына толы жан толғауы, саяси-әлеуметтік жүгі ауыр, сан-салалы ой ағысы алмасып келіп отыратын "Жиған-терген" өлеңінде де осы бір құбыжық та корқынышты образ кез алдыңнан кетпей қояды.
Баяғы калпы, Баяғы салты
Бұл не еткен жұрт ұйқышыл?!
Болсын кедей, болсын бай,
Жатыр бейқам, жым-жырт жай [5; 21 б].
Қалың ұйқыдағы халқын оятып, серпіліс әкелер жол іздеп шарқ ұрған ақын таңдап алған жолының ауырлығы мен қиындығын сезінеді, бірақ үмітін үзбейді. Сондықтан сарымаса болып ызыңдай беру керек екенін, тынымсыз еңбек түбі — зейнет екендігін ұқтыруға жан салады.
Ағартушылық идеяға әбден сенген дарын өз қоғамының мүшкіл халден шығуы үшін мықты қозғаушы күш керектігін ұға бастағанда, бейбітшіл ұғымдар күресшіл сипат дарытып шыға келеді. Ондай өлеңдер "Масада" көбейе түскенін көреміз.
Ақын бостандық құдайдың құдіретімен емес, күрес жолымен келерін ұғады. Ахмет үшін күрессіз өмір — мәнсіз өмір. Ахмет, Міржақып көтерген "Оян, қазақ" ел қамын жеп, бостандық пен азаттық таңына бастаудың алғашқы қадамы еді.
Осы уақытқа дейін біз азатшыл рухты, азаматтық пафосты тек бір халықтың екіге жарылған күресінен көріп келгенбіз. Бай мен кедей арасындағы күресті "таптық тартыс" деп танып, дүниені өзгертуші ұлы күш сол күрестің нәтижесі деп білдік. Ол күрестен өзге ой жалпы адамзат прогресіне жат санальш, жалпы елдік, жалпы ұлттық ұрандар "ұлтшылдыққа" телініп, кертартпа саналды. Өйткені "Революцияның отты жылдарының оны жақтаушыларды дос деп, қарсыластарын жау деп үйреткен кезінде, біз тек ақ пен қараны ғана білдік. Басқа түсті айырып білген жоқпыз. Оған ұмтылмадық та" [6; 20 б].
Ахаң үндеген күрес жолы қай күрес?.. Ахаңның іс-әрекетіндегі, творчествосындағы революциялық рухты неден танимыз?.. Ахаң күресі — таптар жігін ажыратып, бір халықтың екі бөлініп майдандасуы емес, ел бірлігін сақтап, надандықты жеңе отырып, ұлт азаттығына ие болу. Ахаң творчествосының күрескерлік рухына осы тұрғыдан қарасақ, отаршылдық пен ұлттық езгіден бостандыққа ұмтылған жаңа идеология болмысын, ояну мен қайта өрлеудің жаңа мазмұн-нақысын байыптауға тиіспіз. Өйткені отаршылдық шынжыры қанға бөктірген халқының жан жарасы оның жүрегінде шемен боп қатуынан ақынның жан айқайы өзінен өзі ұран өлеңге айналып кетті.
А. Байтұрсынұлы өлеңдеріндегі ағартушылық сипаттың өзіне дейінгі ақындардан өзгелеу бір астарлы сыры да осы. Ақын өнер, білімді "таза күйінде" уағыздап қоймайды. Ол оны халықтың санасы оянып, өзгенің езгісіндегі тұрмысының себеп-салдарына көз жіберіп, бостандыққа ұмтылудың нұрлы сәулесі деп санайды. Бостандық ұғымы бұрынғы поэзияда басты ой нысанасы етілмесе, Ахмет өлеңдерінде....
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру