Қазақ әдебиеті | Бердібек Соқпақбаев шығармаларының аударылуы

 Қазақ әдебиеті | Бердібек Соқпақбаев шығармаларының аударылуы

Мазмұны

КІРІСПЕ

І-БӨЛІМ. Б. Соқпақбаев шығармаларының идеялық-көркемдік
ерекшеліктері

П-БӨЛІМ. Жазушы шығармаларының орысша тәржімасы.

ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

КІРІСПЕ
Қазақ елі сан-салалы өзгерістер дәуірінде тіршілік кешкен тұста шетел халықтары әдебиетінің үлгілерін қазақшаға тәржімалау және қазақшадан өзге тілдерге аудару ісін орыс тілін араға салмай-ақ жүзеге асыру өмірге еніп отыр. Бұған қарап ғылым мен әдебиеттегі, жалпы мәдениеттегі орыс елі мен қазақ елі, орыс тілі мен қазақ тілі, осы екі елдің әдебиеттері арасындағы байланыс деңгейі төмендеген екен деп ойлауға болмайды. Керісінше, бұл байланыстарды нығайта түсуді уақыт, заман талап етуде. Сан алуан мәдениет кеңістігі қалыптасқан, көп ұлтты Қазақстан жағдайында бұл байланыстардың маңызы күн санап арта түспек. Осы орайда көркем аударма мәселесі көкейтесті мәселелердің бірі ретінде көрінуде.
Біздің Қазақстанда аударманың тәжірибесі мен теориясы жайлы сөз әдетте орыс тілінен қазақ тіліне аударылу жөнінде болатын. Ал қазақ тілінен орыс тіліне аударудың мәселелері мүлде дерлік ескерілмей келді. Бұл саладағы тәжірибе теориядан әлдеқайда озып кеткен. Орыс тіліне аударылу қазіргі қазақ әдебиеті үшін ең мәнді, өміршең маңызы бар мәселе. Ал оның таңдаулы үлгілерінің жемісі бүкіләлемдік аренаға шығу жолындағы бірден-бір қақпа болып отыр.
Негізінен отызыншы жылдарда С.Мұқановтың "Мөлдір махаббат", "Азамат Азаматыч" романдарынан, кейбір жекелеген әңгімелер мен повестерден басталған аудару ісі, 1940-1950 жылдарда ерекше қарқынмен дамыды. Міне, дәл осы кезде М.Әуезовтің "Абай жолы", С.Мұқановтың " Ботагөзі", "Сырдариясы" мен "Өмір мектебінің" екі кітабы, Ғ.Мүсіреповтің "Қазақ солдаты" мен "Оянған өлкесі", Ғ.Мұстафиннің "Қарағандысы" мен "Шығанағы" сияқты қазақ әдебиетінің ең таңдаулы үлгілерінен саналатын туындылар орыс тіліне аударылып, жұртшылыққа кеңінен танымал болды. әсіресе қазақ әдебиеті мен өнерінің 1958 жылғы мәскеуде өткен онкүндігі қарсаңында көп іс тындырылды. Бұл кезде қазақ прозасының елеулі деген туындылары түгелге жуық аударылды. Бұлардың ішінде қазақ оқырмандарымен қайта табысқан с.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіровтің прозалық шығармалары да бар еді. Бұдан кейін біраз бәсеңдеген аударма ісі 1966-1969 жылдары қайта жанданды. Осы жылдары З.Шашкиннің, Х.Есенжановтың, Ә.Нұрпейісовтің, С.Шаймерденовтың, Ш.Мұртазаның т.б көрнекті жазушылардың шығармалары аударылды.
Ұлт тіліндегі туындыларды орыс тіліне аудару – өте маңызды, әрі өте қиын міндеттердің бірі. Қазақ тілінен орыс тіліне аудару кезінде аудармашылар екі тілді бірдей жақсы білетін әдеби сауатты адамдар болуы керек. Автордың өздері де әдеби аударманың жасалу процесіне араласып отыру керек. Әр автор өзінің аударылып жатқан шығармасының көркемдік, стильдік ерекшеліктерінің толық сақталуына бас-көз болған жөн.
Бар тетік осы әдеби аудармашы еңбегінің сапасына байланысты екені көпке мәлім. Мұндай аса қиын, таза шығармашылық жұмыс тек көркемсөз шеберлерінің ғана қолынан келетіні белгілі. Неге десеңіз, тәржімаланып отырған шығарманың барлық қалтарыстары мен құпиясына, ой жүйесіне, көркемдік ерекшеліктеріне тек суреткер –аудармашы ғана тереңірек бойлай алмақ. Міне, бұл ретте біз қазақ әдебиеті үлгілерін аударып келген Мәскеулік орыс жазушылары Л.Соболев, В.Шкловский, Ю.Казаков, Ю.Домбровский, А.Пантилеев т.б. аттарын сүйінішпен атай аламыз. Бізідің үздік шығармаларымыз осы аудармашылардың арқасында бүкіл жұртшылыққа кеңінен танымал болды. Сонымен қатар өздерінің қазақ қаламдастарының шығармаларын аудару саласында көп іс тындырып жүрген республикамыздағы орыс жазушылары Н.Анов, И.Шухов, А.Ананьев, В.Новиков, И.Щеголихин, В.Саввин, М.Роговой еңбектерін ескерусіз тастап кете алмаймыз.
Бір шығарманы қайта жаңартып жазып шығу деген өте ерекше жұмыс. Онда бір ғана қазақшадағы ұлттық колорит сақталып қоймайды, сонымен бірге сол қазақ прозасының шеберіне тән стильдік ерекшелігі де толық сақталуы тиіс. Мұндай негізгі стильдік ерекшеліктер деп, мәселен С.Сейфуллиннің публицистикалық, Б.Майлиннің стиліндегі детальдар шындығы, М.Әуезов шығармаларындағы кездесетін картинаның ауқымды тереңдігі мен образдылығы, С.Мұқановтың оқиғаны кең көлемде қамтитын шебер әңгімешілдігі, Ғ.Мүсіреповтің юморлы туындылары және З.Шашкин, Т.Әлімқұлов, Ә.Нұршайықов, С.Шаймерденов, Қ.Ысқақов, С.Мұратбеков тобындағы прозаиктерде кездесетін лиризм мен психологиялық толғаныстар сияқты стильдік ерекшелікті атар едік.
М.Әуезов бір кезде: "Аудармашы шығарманы аудармас бұрын оның фабулалық дамуын ғана терең түсініп, сезініп қоймай, ол автордың өзіндік стиль-ерекшелігін, қолтаңбасын ажқсы тани білуі тиіс...". Сондықтан аудармашы белгілі бір жазушының шығармаларын аударғанда өз көңіліне ұнаған туындыларды ғана аударса ұтымды болар еді. Аударма ісінде бұл көркем туындының рухын, стилін, жазу мәнерін, жете ұғу жолындағы ең тиімді, ең сыналған әдіс болып шығар еді.
Аударма сапасын арттыру – көп еңбек етуді, көптеген қиыншылықтарды бастан кешіруді талап етеді.
Көркем аударма дегеніміз – өзінше өнер, шығармашылық. Көркем аударма ісінің қазіргі кезеңінде "география" кеңейтумен қатар, бұрын аударылған классикалық туындылардың сапасына сын көзбен қарап, әлі де шыңдай түсу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуға тиіс деп ойлаймыз.
Осы орайда көрнекті жазушы Б.Соқпақбаев шығармаларының аударылу сапасы да сын тезіне түсуі қажет деп есептейміз. Жазушы шығармаларының әдеби процестегі орны, көркемдік ерекшеліктері әдебиеттану ғылымында айтылып жүрген мәселе болғанмен, аударылу мәселелері зерттеле қойған жоқ. Сондықтан да біз бітіру жұмысымыздың тақырыбын "Б.Соқпақбаев шығармаларының аударылуы" деп атадық.

І ТАРАУ. Б.СОҚПАҚБАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ИДЕЯЛЫҚ-КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ.

Б.Соқпақбаев – ұлттық әдебиетімізге соғыстан кейінгі жылдары келіп қосылған, өзіндік келбеті мен дара болмысы бар талантты жазушыларымызды бірі. Бұл уақыт қазақ прозасының ерекше жемісті, өнімді тұстарының бірі болғандығы көп айтылып жүр. Нақ осы кезеңде қазақ көркемсөзінің биігіне көтерілген Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, С.Шаймерденов, Б.Соқпақбаев, З.Қабдолов, Н.Ғабдуллин т.б. бір топ қарымды қаламгерлер ұлттық прозаға жаңа тақырыптар мен идеялар, мінездер ғана алып келген жоқ, сонымен қатар оның поэтикалық өрісін кеңейтті.
Б.Соқпақбаев әдебиетке әуел баста ақын ретінде келді. Жазушының тұңғыш өлеңдер жинағы 1950 жылы “Бұлақ” деген атпен жарық көрді. Жинақтағы тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін өлең-тақпақтарда орнымен ойнақы қозғалған тақырып, ой, өнегелік сөз бала ұғымына қона кетеді. Тілінің жеңілдігі мен әуенділігі, оқиғаларының өмірден алынып, аса ықшам болып келуі балаларды қызықтырады. Кезінде балғын оқырмандардың ықыласына бөленген, бірақ ұстаздық тағылымы жете бағаланбаған бұл жинақтың қазақ балалар әдебиетінде өз орны бар екені даусыз.
Шығармашылық жолын өлең жазудан бастағанмен қаламгердің суреткерлік қарымы прозада танылды. Б.Соқпақбаев шеберлік мектебі саналатын әңгіме жанрында едәуір еңбектенді. Жазушының әңгімелері нәрлі идеясымен де, көркемдік құнарлығымен де назар аударады. Қаламгердің көптеген әңгімелері қарапайым оқиғалардан да көңіл аударарлық келелі ой айта алатындығымен және оны айқын жасалған адам образы арқылы ұғымға жеңіл, түсінікті етіп жеткізетіндігімен ерекшеленеді. Б.Соқпақбаевтың аталмыш жанрда да өзіндік бір тың авторлық тұрғы ұстанғаны, басқалар жүріп өткен жолды тағы да қайта шиырлағысы келмегендігі туралы А.Нұрқатов, С.Қирабаев және тағы басқа да көрнекті ғалымдар құнды пікірлер айтады.
Көрнекті орыс жазушысы Чехов қысқа жазудың, көлемі шағын әңгімелер жазудың қиындығын сөз ете келіп, көлемі шағын әңгімелер арқылы ұмытылмастай адам бейнесін жасау үшін жазушыға үлкен шеберліктің қажеттігін айтқан. Б.Соқпақбаевтың аталған жанр үлгісіндегі шығармаларына зер салғанда жазушы шеберлігі өзінше оқшауланатынын байқаймыз. Бұл мәселе арнайы зерттеуді қажет етеді.
Тұтастай айтсақ, Б.Соқпақбаев қаламынан қазақ әдебиетіне аз мұра қалған жоқ. Әсіресе, қаламгердің суреткерлік қолтаңбасын айқындаған, жазушылық талабы мен талғамын танытқан озық туындылары – "Жекпе-жек", "Мені” атым Қожа", “Балалық шаққа саяхат", "Қайдасың, Гауһар?" повестері мен "Өлгендер қайтып келмейді" романы. Аталмыш туындылардың көркемдік-эстетикалық деңгейлері туралы орнықты пікір қалыптаса қойған жоқ. Сондықтан да Б.Соқпақбаевтың бұл туындылары қазіргі тұста әдебиеттану ғылымының зерттеу нысанасына, талдау өзегіне айналуы өте қажет.
Жазушы шығармаларының құндылығы ондағы көркем образдар галереясының сапасымен айқындалатыны аз айтылып жүрген жоқ. Б.Соқпақбаевтың повестері мен аталмыш романы арқылы әдебиетімізге келген сотқарлау, қушыкештеу, бірақ жаны таза Қожа, сүйкімді Жанар, табанды Мұрат, өтірікші, жылпос Сұлтан, Садық, Аяжан, Нұрдәулет секілді қарасирақ балалар, Тоқмолда директор, Байғұлақ, Майқанова, Еркін, Нұрәлі сияқты қызықты геройлардың ұлттық әдеби бейне мен мінезді дамытуға сіңірген әсер-ықпалын жүйелі зерттеу көп мәселенің басын ашатыны сөзсіз.
Б.Соқпақбаев шығармаларының тақырыптық көкжиегі, суреттеу аймағы зор, көлемі кең. Жазушы прозасының тұтас тұлғасын ұстап тұрған бірнеше үлкен тақырып бар. Олар: 1/ Балалар өмірі; 2/ Ұлы Отан соғысы тұсындағы тылдағы елдің тыныс-тіршілігі; 3/ Спорт; 4/ Махаббат пен достық т.б. Жазушы бұл тақырыптардың қайсысын алса да жеріне жеткізе шыншылдықпен суреттей білді. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер өмірі жазушы шығармаларының негізгі өзегі десе де болғандай. Сондықтан да жазушының қай шығармасын алсақ та олардың негізгі кейіпкерлері жеткіншектер болып келеді. Сонымен қатар жазушы шығармалары ересектерге де ұнамды, әсерлі. Ал "балаларға арналған әдебиет сол балалармен қатар үлкендер оқитын дәрежеге жеткенде ғана қызықты, құнды әдебиет болса керек. Аркадий Гайдардың, Самуил Маршактың шығармалары осыны аңғартады", – деген Ғ.Мұстафин пікірінің бір дәлелі осы Б.Соқпақбаев шығармалары болса керек (1,126).
Балаларға тәрбие берудің негізгі бір саласы – дене тәрбиесі, яғни физкультура мен спорт. Ол жас ұрпақты ұйымшылдық, тәртіптілік, табандылық, төзімділік тәрізді ізгі қасиеттерге баулып, дене құрылысымен бірге рухани байлығын өсіреді. Жас буынға спортты насихаттауда көркем әдебиеттің орны ерекше. Әдебиеттің осындай тәрбиелік маңызын ескеруден барып туындаған жазушының тырнақалды туындысы "16 жасар чемпион" повесі 1951 жылы жарық көрді. Ерінбей еңбектенген адамның әрқашанда көздеген мақсатына жететінін, арманына жету үшін қиындыққа бүгілмеу керектігін автор Мұрат бейнесі арқылы көрсетеді.
Повестің ең бірінші атап айтуға тұрарлық ерекшелігі – оның тақырыбының қазақ әдебиетінде мүлдем тың, жаңа болуында. Елуінші жылдарға дейін әдебиетімізде спорт тақырыбы жеткілікті түрде сөз болмағандығын ескерсек, жазушының спорт өнері тақырыбына алғашқылардың бірі болып қалам тартып, көлемді шығарма жазуы айрықша атап өтуді қажет етеді. Б.Соқпақбаевтың аталмыш туындысына дейін сол тұстағы спорт тақырыбына жазылған көлемді шығармаға Қ.Әбдіқадыровтың "Қажымұқан" повесін ғана жатқыза аламыз.
"16 жасар чемпион" 1957 жылы "Чемпион" болып, 1962 жылы тағы да өңделіп "Жекпе-жек" деген атпен жарық көрді. Шығарманың 1951 жылғы нұсқасының сыртқы құрылымына назар аударсақ, туынды "Аурушаң бала", "Түсінбеймін", "Тұңғыш табыс", "Керісу, келісу" т.б сияқты тақырыпшалары бар 14 тараудан тұрады. Кейінгі нұсқаларында тақырыпшалар алынып, повесть қысқа-қысқа 55 бөлімге бөлінген.
Сөйтіп, балалар әдебиетінде елуінші жылдарға дейін көріне қоймаған жаңа сипаттағы оқушы немесе спортшы бала образы Б.Соқпақбаевтың күрделі тартысқа құрылған “Жекпе-жек” туындысында бейнеленді. Жас адамның мінез қалыптастыру процесін, азаматтық жетілу жолын көрсетуге арналған бұл повесте ауыл баласы Мұрат Батырбаевтың жалықпай, қажымай, талмай, табандылықпен жаттығуының нәтижесінде бокстан әлем чемпионы атағын алуы айтылады. Повесть кейіпкері түрлі жағдайлар, қайшылықтар, күрестер үстінде толысып сомдалады.
Сондай-ақ, шығармадағы физкультура пәнінің мұғалімі, спортшы, көпшілік мүддесі үшін жан сала қызмет ететін, ізденгіш жастарды әр нәрсеге еліктіргіш Николай Трофимовичтің және педагогика мен спорт дегеннің иісі мұрындарына бармайтын “Қызыл шекарашы” мектебінің директоры Тоқмолданың, ефрейтор Байғұлақтың бейнелері қаламгердің суреткерлік дарынын, өмір ақиқатын дәл, нақты көрсету шеберлігін байқатады.
“Суреткер өз шығармасында не жайлы, қандай өмір шындығы жайлы ой толғағанда да, басты шындықты адам образы арқылы ғана ашып береді” (2,156) дейтін болсақ, шығармадағы Тоқмолда образы дәуір шындығынан хабар береді. Соғыстан кейінгі жылдардағы мектептердің мұғалім кадрлары шынында да ойдағыдай емес еді. Педагогикалық білімі мен тәжірибесі мол мұғалімдердің барлығы майданға аттанып, олардың орнын осындай дүмшелер басқаны ақиқат. Тоқмолдадай өте қызықты, тың бейнені сомдай алғаны жазушының сәтті табыстарының қатарында атауымызға болады. Суреткер бұл кейіпкердің мінез диалектикасын жіті талдайды. Педагогикалық істегі жауапсыздық, шәкіртке тәрбие берер ұстаздың жеке басының надандығы, білімсіздігі Тоқмолда, Байғұлақ бейнелері арқылы әшкереленеді.
Қаламгердің бұл шығармасы туралы сын пікірлер, рецензия түріндегі мақалалар шығарма жарық көрген жылдардан-ақ республикалық баспасөз бетінде жариялана бастады.
Бұл шығарманың кезінде көптеген жасөспірімдердің спортпен, әсіресе, бокспен айналысуына септігін тигізгені анық. Сонымен "Жекпе-жек" – үлкенге де, кішіге де тартымды, қызғылықты шығарма. Қырқыншы-елуінші жылдардағы өмірдің кейбір шындықтары, шыншыл, толыққанды адам бейнелерінің көрсетілуі повестің құндылығын арттырады.
Жазушының екінші көлемді шығармасы – 1953 жылы Қазақтың Мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан жарық көрген "Алыстағы ауылда" деп аталатын повесі.
Бұл повесінде Б.Соқпақбаев мектеп оқушыларының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы колхозға тигізген жәрдемін арқау етеді. Балалардың жазғы демалыс кезінде шөп шауып, колхозға зор қолғабыс тигізуі, Болат, Досан тәрізді икемсіз, қыңыр балалардың шаруаға бастығып жұмысқа араласуы, жасөспірімдердің ұйымшылдығы, олардың арасындағы достық, Отанға деген сүйіспеншілік тәрізді жайттар ұласа келіп, көз алдымызға алыстағы ауылдың соғыстың қатал жылдарындағы шынайы суретін елестетеді.
Жазушының бұл шығармасы да кезінде оқырмандар назарын аударып, әдеби сын тарапынан тәуір баға алған. Олқылықтары да көрсетілген. Мәселен, Ғ.Мұстафин повесті: "... Соқпақбаевтың кейбір әңгімелері мен "Алыстағы ауылда" атты повесі қазіргі күйінің өзінде кейбір сарыкідір жазушыларымыздың шығармасынан жоғары тұр", – деп бағалады (1,113).
Белгілі ғалым Х.Сүйіншәлиев 1954 жылы "Коммунизм таңы" газетінде жарияланған "Алыстағы ауылда повесті туралы" деген мақаласында Б.Соқпақбаев шығармасының жетістік, кемшілігіне тоқтала отырып: "Біздіңше Соқпақбаев көп ойланып, ізденіп сөзді ұқыпты қолданып отырса, болашақта үміт күттіретін жастардың бірі болады ғой дейміз. Және оның балалар өмірінен жазуы, балалар әдебиетіне үлес қосуға талаптануы да игілікті бастама. Жұртшылық автордан осы бастамаларынан үлкен нәтиже шығаруын күтеді", - деп жазды (3).
Балалардың жанына жағар, ойын өрістетер, көркем шығарма жазу – асыл мұрат. С.Бегалин, Ө.Тұрманжанов, С.Омаровтардың шығармаларын бірнеше буын бойына сіңіріп, тағылым алды. Бұл жазушылардың кітаптары халқымыздың өткені мен бүгінінен хабардар етіп, дәстүр, салт-санамыздағы, әдет-ғұрпымыздағы асылдарымызды көркемдік шеберлікпен бере білді. Әсіресе, С.Бегалиннің "Бүгінгі Ыбырай", "Қазақтың Маршагы" атануы тегіннен-тегін емес. Есімдері әлемге аян Том Сойер, Гаврош, Тимур секілді қызық мінезді, қайратты балалардың қатарына С.Бегалин өз кейіпкерлері Сәтжан, Көксеген, Уәш, Ердендерді қосты.
Алдыңғы толқын ағалар тәжірибесі – кейінгі толқынға өнеге. Дүниетаным, білім, білік сипаттары әртүрлі болғанмен де бұл жазушылырдың дәстүрін Соқпақбаев өзінің ең таңдаулы деген туындылары арқылы жалғастыра білді. Суреткердің атақты Қожасы жоғарыда аталған кейіпкерлердің заңды жалғасы іспетті.
Дей тұрғанмен, шығарма алғаш 1957 жылы "Өзім туралы повесть" деген атпен жарық көргенде әдебиетшілер арасында талас та тудырған еді. Бұзақы Қожаның шәлкес қылықтарымен танысқан балалар бұзылып кетеді деп қорқушылар да болған. Өйткені, елуінші жылдардағы балаларға арналған санаулы повестерді шолып шықсақ, балғын кейіпкерлер негізінен тәртіптілігімен, ересектер алдында инабаттылығымен, социалистік меншікті сақтауға және қорғауға, қоғамдық еңбекке шама-шарқына қарай ұмтылушылығымен ерекшеленетін. Міне, осы кезеңде бойындағы табиғи болмыс-бітімімен, өзіндік қарама-қайшылықтарымен әдеби аренаға шыға келген Қожа тәрізді бейнені көргенде әдеби қауымның тосылып қалуы түсінікті еді. Бірақ повесть орыс тіліне аударылуы мұң екен, қазақтың сүйкімді де сотқар баласы дүние жүзін аралап кете барды. Туынды украин, өзбек, молдаван, литван, латыш тілдерінде бірінен соң бірі басылып шықты. Француз тілінде де жарық көрді. Талантты режиссер Абдолла Қарсақбаевтың повесть бойынша түсірілген кинокартинасы 1967 жылы Францияның Канн қаласында өткізілген балалар мен жасөспірімдер көркем фильмдерінің дүниежүзілік фестиваліне қатысып, жүлделі орынға ие болды. Бұндай творчество бақыты тек талантты, санаулы суреткерлердің еншісіне ғана бұйыратыны мәлім.
“Образ жасаудағы ең жауапты буын – таптаурын сүрлеуге түсуден, бір шиырды айналсоқтаудан сақтану болса керек" (4,307). Осы таптаурын жолға түспей, көркем бейненің кілең ұнамды сипаттардан тұрмайтынын, өмірдің өзі сияқты оның да табиғаты күрделі екенін көрсететін, әрқилы сәттерде сынап-талдап, оның да өзіндік бітім-болмысы бар "адам-азамат" екенін кестелеген де Б.Соқпақбаевтың аталмыш повесі. Қожа өмірден үйренеді, қате басады, сабақ алады. Образ диалектикасы дегеніміз осы. Қожа мінезінің даралануына септігін тигізген жазушының түрлі ұтымды, психологиялық ситуацияларды молынан пайдалануы дер едік. Шығармадағы шырғалаң оқиғалар мен соны туғызған жағдайлар повестің орталық тұлғасы – Қожа характерінің алуан сырлы психологиялық күймен ашылуына әсерін тигізген деп тұжырым жасауымызға болады.
Осы уақытқа дейінгі жарияланған шығармалардағы кейіпкерлер бойынан табылатын ұстамдылық, үгітшілдік оған жат. Бұл шығарма арқылы бой көрсеткен осындай сипаттар балалар прозасының басты белгісіне, жетекші бағытына айнала бастады. Бұл – Б.Соқпақбаевтың үйреншікті дағдыдан бойын аулақ салып, суреткер есебінде өсіп, қалыптасқанының белгісі.
Повесть шынайылығымен, балалар психологиясындағы ерекшеліктерді юморлық тілмен тартымды суреттеуімен, олардың ой-қиялын шыншылдықпен, реалистік дәлдікпен жеткізуімен, соны характерлер сомдау шеберлігімен балғын оқырмандар үшін айрықша қымбат. Мұндағы әр кейіпкер характер дерлік. Елгезек, әрі істеген әрекеттері сәтсіз аяқтала беретін Қожа, сері жігіт болуға еліктеген Сұлтан, жалаң белсенді Жантас, үнемі күлімсіреп жүретін, сүйкімді Жанар, ақылшы аға Ахметов... т.б. – Б.Соқпақбаевтың сөз болып отырған повесіндегі жазушылық үлкен шеберлікпен сомдалып шыққан шоқтықты образдар.
“Менің атым Қожа" повесінің ерекшелігі, табыс көзі жазушының бала психологиясын, жан сарайын шынайы бейнелеуінде деп айтуға толық негіз бар. Ұлы жазушы М.Әуезовті”: “...Орыс жазушыларынан анық сүйетінім: Толстой, Достоевский. Адам жанын соларша қойма ақтарғандай ақтармаған соң, жазушылықтың мәні де жоқ. Прозаға психология араласпаса, өзгенің бәрі сылдыр су, жабайының тақ-тақ жолы” (5,129) деген пікірі бар. Б.Соқпақбаев та өз шығармасында адам болмысының қатпар-қатпар қалтарыстарына үңіле біліп, прозада психологизмді алдыңғы орынға шығарады. Ол үшін қаламгер психологиялық талдау тәсілдерін молынан пайдаланады. Ал көркемдік тәсілдің қай-қайсысы да кейіпкер табиғатының жұмбақ сырларын ашу, сол арқылы шығарманың идеялық-көркемдік салмағын арттыру мақсатында қолданылатыны белгілі. Повестегі кейіпкерлердің психологиясын талдау олардың сөйлеген сөздері арқылы да, іс-әрекеттері арқылы да, монолог тәсілі арқылы да жүзеге асып жатады. Осы тәсілдердің қайсысын қолданса да Б.Соқпақбаев артық-кемі жоқ табиғи өлшемнің шегінен шықпайды. Суреткердің таңдаулы туындысында аталмыш көркемдік құралдардың ішінде монологтың қызметі ерекше. Қаламгер өзі сомдаған кейіпкерінің сезім құбылыстарын суреттейтін күрделі психологиялық мезеттерде ішкі монологты ұдайы пайдаланады. Бас кейіпкер Қожаның жан-дүниесі, ой-толғаныстары, көңіл-күйі, характер сыры осы тәсіл арқылы кеңінен ашыла түседі.
Жас жеткіншектің шалдуар мінезіне құрылған повестің өзіндік көтерген проблемасы да бар. Қожаның тентектігі белгілі бір логикадан туындайды. Болашақта ақын-жазушы болуды армандайтын Қожаның бойына жағымсыз мінез, ұнамсыз қылық қайдан келді?! Тәртіпсіздігінің себебі неде? Оның атышулы іс-әрекеттеріне кінәлі оспадар Сұлтан ғана ма? Әлде немересінің бетінен қақпайтын қарт әжесі ме? Әлі де баланың нәзік жанын түсіне бермейтін тәжірибесіз педагог Майқанованың пионер лагеріне Қожадан үлгерімі төмен Жантасқа жолдама беруінің әсері ме? Ұстаздың шәкіртті дұрыс бағаламауының да бала тәрбиесіне тигізетін әсері мол екен. Дер кезінде дұрыс бағыт бере білген болса, Сұлтан да теріс жолға түспес пе еді!? Осындай сан алуан сұрақтар сырын ашу үшін жазушының әдеби жағдайға ерекше мән бергенін көреміз.
"Менің атым Қожаның" көркемдік ерекшелігіне тоқталғанда, алдымен назар аударатынымыз құрылымының тосындығы, өзгешелігі. Көркем шығарма құрылымы сөз болғанда, әңгіме сюжет пен композиция туралы болатыны белгілі. "Дүниеге келген әрбір туындының көркемдігі мен құндылығы осы екеуінің бірлігі арқылы анықталады" (6,114).
Сонымен қатар, бұл шығарманың жазылу әдісі, батыс әдебиетіндегі романның әрбір тарауына айдар ретінде көне қағидалардан үзінді беріп, оқушы үмітіне үкі тағып жетектейтін тәсілді еріксіз еске түсіреді. Мәселен, В.Скоттың "Айвенгосын" қараңыз. Немесе Ж.Верннің "Дәрігер Окстың тәжірибесіндегі" әрбір тараудың басындағы мазмұнның қысқаша баяндалып кету нұсқасы өз дәрежесінде шығарманы өте ұтымды және қызғылықты етіп көрсеткені анық. Бұл да "Менің атым Қожаның" жазылу нұсқасына өз әсерін тигізгені байқалады. Осы орайда жазушының "Сіз қалай жазасыз?" деген оқырмандар сауалына жауап ретінде жазылған "Мыңнан біреу" мақаласынан үзінді келтіре кетейік.....
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру