Қазақ әдебиеті | Бауыржан Момышұлының әдеби мұралары

 Қазақ әдебиеті | Бауыржан Момышұлының әдеби мұралары

Мазмұны

КІРІСПЕ
1. БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ ӨМІР ТАРИХЫ МЕН ШЫҒАРИАШЫЛЫҒЫ
1.1 Бауыржан Момышұлының өмірбаяны
1.2 Бауыржан Момышұлының қалдырған құнды мұралары
1.3 Бауыржан Момышұлының Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазған әңгімелері
1.4 Жауынгер жазушы
1.5 «Москва үшін шайқас» романының өмірге келу тарихынан

2. БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІКТЕР
2.1 «Ақиқат пен аңыз» атты романы жөнінде
2.2 Ойнаған от ішінде найзағайдай – Батыр туралы естеліктерден
2.3 Азамат. Қаламгер. Қаһарман
2.4 Бауыржан мен Мұхтар

ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

КІРІСПЕ
Отанға деген сүйіспеншілік – еліміздің келешегіне, оның кемел ұрпағына біздің аманат етер ең қасиетті өсиетіміз деп білейік.
Отанын Бауыржан Момышұлындай сүюді өнеге етіп қалдырған басқа қаламгер жоқ.
Ол: "Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу — сатқындықтың белгісі. Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін! Отан үшін отқа түс – күймейсің. Опасызда Отан жоқ. Елсіз ер болмайды, жұртсыз жігіт болмайды", — дейді.
Біздің халқымыз, әсіресе, жастар осы қағидаларды естерінде ұстаса деймін.
Нурсултан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті
(Тәуелсіздіктің 17-ші жылдығына байланысты салтанатты
жиналыста сөйлеген сөзінен). Астана, 2008 жылы 15 желтоқсан.

Ер азаматқа бақыттың, ең үлкені — халқына қадірлі болу. Ерте заманнан халыққа қандай адам қадірлі болған деп қарасақ — кімде кім ел-жұртын жаудан қорғауда айрықша ерлік көрсетсе, халық қамын ойлап, елі үшін ерекше еңбек сіңірсе, сол адам үздік көзге түскен, даңққа ие болған, халқының сүйіспеншілігіне бөленген. Сондықтан да әрбір халықтың көркі, мақтаны не дегенде алдымен атышулы батыры, даңқты ғалымы, өнерпазы, данышпан жазушысы аталады. Мысалы осы дәстүр бойынша қазақ халқының бұрынғы өткен дарқандарын айтсақ, ауызға Қобланды мен Қамбардың, Исатай мен Махамбеттің, Құрманғазы мен Шоқанның, Абай мен Ыбырайдың есімдері ілінер еді.
Бүгін жас ортасы елудің биік белесіне шығып отырған Бауыржан Момышұлының атын айтқанда, екі бірдей бейне көз алдымызға келеді: бірі — батырдың бейнесі, екіншісі жазушының бейнесі. Бойынан осы екі қасиеттің бірі табылып, бірі табылмағанның өзінде Ба¬уыржан халқының асқан ардақтыларының бірі болар еді. Ал, екеуі бірдей табылса ше? Бауыржан тұлғасына тамаша жауынгерлік сипат пен әдеби творчестволық сипатының ғажап сыйысқандығына таңданбасқа да, тәнті болмасқа да мүмкін емес[1].
Бауыржан Момышұлы бұрыннан әдеби кейіпкер болуға дайын тұлға еді. Өзі көсем, өзі шешен және жазушы. Соғыс кезіңце оның 40 макаласы жарияланды. Ол туралы А. Бек кітап жазды. Нұршайықов «Ақиқат пен анызда» дайын образды сол қалпында кайталап шықты. А. Бек те дайын образды кітап етіп шығарды.
Ерлігі де, өрлігі де, білімділігі де парапар. Оны сен қазір кез келген маршалдың қасына апарып қойсаң, ешқайсысынан кем түспейді. Мәселен, Кубаның соғыс министрі Рауль Кастромен қатар отырған кезін қара. Бөтен елдің министрімен терезесі тең, тіпті биік те. Әсіресе, соғыс тактикасы жайында сөз сейлегенде, Кастро-министр полковник Момышұлынан төмен қалады. Оны Кастроның озі де мойындап отырады. Немесе Баукеңнің өзіміздің маршалдар Баграмянмен, Жуковпен, Василевскиймен сөйлескен кездерін алайық. Баукеңнің тапқырлығына, сөзінің ұтымдылығына жаның сүйсінеді. Мақтанасың. Ұлттық мактаныш болуға туған қазақ халқының ұлдарының бірі деп сүйсінесің.
Момышұлы соғыс кезінде де афоризмдер шығарған.
Кешегі атақты жауынгер енді өзінің дарынды жаратылысының жаңа бір жақтарын жарқыратып отыр. Ол оның жазушылық қызметі. Бұл салада Бауыржан аз уақыттың ішінде ауыз толтырып айтарлық құнарлы жемістер берді. Бұрын жауынгерлік еңбегі үшін көкірегі ең жоғарғы дәрежелі ордендерге толған Бауыржан Момышұлы 1958 жылы Москвада болып өткен қазақ көркем өнері мен әдебиетінің онкүндігі тұсында әдеби еңбектері үшін Құрмет белгісі орденімен наградталды.
Бауыржан жаратылысында ақын, суреткер адам. Ол таусылмас қайраттың, үлкен шабыттың адамы. Бұл оның жауынгерлік, әсіресе командирлік өнерінде қандай көрінсе, жазушылық өнерінде сондай көрініп отыр.
Зерттеудiң көкейкестiлiгi. Адамның тұлғалық бейнесі көрсеткіштерінің бірі – адамгершілік қасиет сапаларының болуы. Адамгершілік – бұл сөз қорындағы ерекше, мәні мәңгілік айқын, салмағы пара-парсыз парасатты сөз. Сөз ғана емес, адамның ең асыл қасиетін анықтайтын бірден-бір аяулы ұғым. Ұғым ғана емес, тіршіліктің мәнін, дүниенің тәнін төрт тағандап ұстап тұрған ұлы принцип. Адамгершілікке негізделген жерде ғана не нәрсеге де құдірет тұратындығы мәлім. Осы ұлы күш – адамгершілік қасиет жеке адамның ғана басындағы емес, жалпы қоғамның да қордалы байлығы.
Зерттеу объектiсi: Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының шығармалары мен батыр туралы жазылған естеліктер.
Зерттеу мақсаты: студенттердің адамгершілік қасиеттерін, патриоттық сезімін оятып, келешек ұрпаққа батырлық, ізгілік, адамгершілік ұғымын ашып көрсету.
Зерттеудiң мiндеттерi:
- зерттеу тақырыбы бойынша Б. Момышұлының шығармаларын талдау;
- Бауыржан Момышұлының тұлға ретінде, образын ашып суреттеу;
- студенттер бойына адамгершілік, батырлық қасиеттерді қалыптастырудың құрылымдық үлгісін жасау, Жазушы шығармаларындағы образдар мазмұнына сипаттама беру.
Зерттеу әдiстерi: диплом жұмысын зерттеу тақырыбы бойынша Б. Момышұлы шығармаларына, жауынгер жазушы туралы жазылған естеліктерге теориялық талдау жасау;
Зерттеудiң ғылыми жаңалығы мен теориялық мәндiлiгi:
1. Адамгершілікті тұлғаны қалыптастыру әдебиет, философия, тарих ғылымдары тұрғысынан зерделендi және оны iс-жүзiне асырудағы әдiс-тәсiлдер айқындалды.
2. Б. Момышұлы шығармаларына талдау жасай отырып студенттердің бойына адамгершілік, ізгілік, батырлық, ерлікті тудыратын қасиеттерді қалыптастырудың құрылымдық үлгісі жасалды.

1. БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ ӨМІР ТАРИХЫ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

1.1 Бауыржан Момышұлының өмірбаяны

Ежелден ер тірегі — ел тілегі Адал ұл ер боп туса ел тірегі.
Бауыржан Момышұлы.

Момышұлы Бауыржан (1910-1982) – екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы. Туған жері-Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекені.
Бауыржан жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады. Туған ауылына қайтып оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. Содан қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота, командирі болады.
Жасында Жамбыл қаласындағы интернатта тәрбиеленіп, сондағы орта мемтепті бітіргеннен кейін бірнеше жыл бойына өз ауданында, Қазақстанның астанасы Алматы қаласында, мекеме қызметінде болады.
1936 жылы Бауыржан Момышұлы Совет Армиясының қатарына шақырылады. Содан бергі 15 жыл ішінде ол қатардағы солдаттан гвардия полковнигі дәрежесіне шейін өсті.
1941 ж. Ұлы Отан соғысы басталысымен, Бауыржан даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады[2].
1941 жылғы күзгі, қысқы кескілескен шайқастар кезінде өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты. 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстан шығу, шегініс жасау тәсілдерінің арнайы тарау болып әскери жарғыға енуі, тактикада «ошақты» және «икемді қорғаныс» ұғымдарының қалыптасуы Бауыржан Момышұлының осындай тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады. Оның қолбасшы, терең ойлай білетін әскери маман ретіндегі таланты соғыста полк, дивизия басқарған жылдары кеңінен ашылды.
Бауыржан Момышұлы жау шептеріне ішкерлей еніп ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде алғаш қолданушылардың және оны дамытушылардың бірі болды.
Бауыржан Момышұлы - әкери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ, даңқы, батырлығы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» (1947, 1960, 1962, 1988; қазақ тілінде «Арпалыс» 1948, 1959, 1977, ауддарған Қ. Сағындықов) атты кітабында суреттеліп, жан­жақты жазылды. Бауыржан Момышұлының өміріне арналған Ә. Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» (1976) роман-дилогиясы жарық көрді. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, т.б. шет ел тілдеріне аударылды[3].
Бауыржан бірнеше орден, медальдармен наградталады, Кеңестер Одағының батыры атағын алады. Алайда халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді[4].
Бауыржан Момышұлы – соңғы панфиловшы. 1941 жылы Мәскеу түбіндегі шайқаста үш мәрте қоршауда қалған. Соғысты Бауыржан полковник лауазымында, 9 гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі ретінде аяқтады. 1990 жылы оған Кеңес Одағының Батыры атағы (қайтыс болғаннан кейін) беріледі.
1073-гвардиялық атқыштар полкінің 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының майоры Бауыржан Момышұлының әскери мінездемесі:
«1910 жылы туылған, ұлты қазақ, әлеуметтік жағдайы бойынша – қызметкер. Жалпы білімі – орта, әскери білімі – бір жылдық. Қызыл армияда 1932 жылдан 1934 жыл аралығында және 1936 жылдан күні бүгінге дейін. Майдандағы армияда 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап.
Жолдас Б.Момышұлы 8-гвардиялық дивизиясында оның құрылғанынан бастап қызмет атқарады. Ол каһарлы соғыс мектебінен өткен ажал көзіне бірнеше рет қараған, әр ұлт жауынгерін жеңіске жету мақсатында тәрбиелеген ержүрек командир.
1941 жылдың қазанында Мәскеу үшін шайқаста Б.Момышұлы басқарған батальон жаумен аянбай шайқасып, оған елеулі соққы көрсетті.
Жеке құрамы батыс майданында орналасқан 1073-полк командирі Момышұлымен бірге жау шабуылы мен нақты пәрменділігіне төтеп беріп отырды. Басқа дивизиялармен бірлесіп, Мәскеу түбінде неміс басқыншыларының талқандалуына жол ашты.
1942 жылдың қыс, көктем мезгілдерінде Калининский майданында қалың қар қыс, қатты аяз, жолсыздық, содан соң көктемгі лайсаң мен батпақты жер жағдайларында гвардиялық атқыштар полкінің қарқынды шабуылдары нәтижесінде мыңдаған неміс солдаттары мен офицерлерін, көптеген танктер мен автомашиналарын және басқа да әскери техниканың көзін жойып, ондаған ауылдар мен қыстақтарды босатты.
Дивизияның көпшілікке танымал ерліктері оның гвардиялық атануы, Жауынгерлік Қызыл Ту және Ленин ордендерімен марапатталуы майор Момышұлы басқаратын 1073 атқыштар полкінің жауынгерлік жетістіктерімен байланысты[5].
Майор Момышұлы – қазақ елінің даңқты ұлы, Кеңес одағының тағдыры сынға түскен қиын кезеңде қолындағы қаруымен ел намысын қорғаған. Өз елінің үздік өкілі, айбынды жауынгер үкімет наградасына ұсынылады».
Көзі тірісінде–ақ аты аңызға айналған даңқты қолбасшы үлгі тұтар батыр бабаларымыздың бірі болып қала беретіндігі айқын.
Бауыржанның ұлы Бақытжан Момышұлы өз сөзін: «Мен үшін әкем басқаларға да сияқты ержүрек жауынгер, танымал жазушы, заманауи адам, ең бастысы жақын адамым болып қалады. Ал, немерелерінің есінде ол гүрілді зор дауысы бар тікенек сақалды қайырымды ата ретіне қала бермек. Әкем халықпен бірге жүрсең жалғыз қалмайсың деуші еді. Мен осы сөзді баршаңызға бағыштаймын, ел аман, жұрт тыныш болсын» деп түйіндеді.
1956 жылы отставкаға шыққанға дейін Бауыржанның Совет Армиясы қатарында болғаны белгілі. Ол Ар¬мия қатарында жүріп, ара-кідік өлеңдер жазған. Сол азын-аулақ өлеңдерінен-ақ Бауыржанның ақын жанды адам екені, туған елін, советтік Отанын, дос-жаран адамдарын ақын жанымен жақсы көретіні, айнала дүниеге, әсіресе туған жер табиғатына ақын көзімен қарайтыны, ақын жүрегімен тебіренетіні анық байқалды. Әйткенмен әдебиет саласында жазушының өндіріп қызмет еткен кезі соғыс біткеннен кейінгі жылдар. Мұнда ол қаруды тастап, қаламды қолына алған болатын.

1.2 Бауыржан Момышұлының қалдырған құнды мұралары

Бауыржан Момышұлы, сөз жоқ, батырлығына қаламгерлігі сай тарихи тұлға. Әрине, көзсіз батыр емес, алды-артын ақылмен, оймен барлай білген бірегей берен. Бірақ Баукең айтыпты дегенді көп естігенімізбен, “Офицер жазбалары”, “Ұшқан ұя”, “Москва үшін шайқас” және сексенінші жылдары жариялана бастаған “Қанмен жазылған кітабымен” таныс оқырмандар батырдың мұрағатында бұлардан басқа да осыншама мол қазына қалғанын естіп, қуанып отыр.
Бауыржан Момышұлы – әдеби және әскери өнерде артына қайталанбас ұланғайыр ұлттық рухани мұра қалдырған бірегей қаламгер. Оның қазақ және орыс тілінде жазылған төрт томға жуық шығармалары бүгінде қалың оқырманның игілігіне айналуда. Сондықтан, мен айтып, жазып жүрген 30 томдыққа енетін тың туындылары қайдан және қандай деректер көзінен құралмақ деген сұрағың көкейге қонады[6].
Баукеңнің жаңадан шыққалы отырған көптомдығы негізінен ҚР Орталық архивінде, Мәскеудегі арнайы әскери архивте, облыстық, қалалық архивтерде және ұлы Бақытжан Момышұлының үйінде сақталып келе жатқан, бұрын еш жерде жарияланбаған қолжазбаларынан тұрады. Бұған қоса жеке адамдардың қолында және өзімнің архивімде тұрған санқилы жазба деректер де бар. Бұлардың барлығы батырдың тікелей өз қолымен жазылған.
Бұл Бауыржан Момышұлының 1928 және 1982 жылдар аралығында хатқа түсірген дүниелері. Яғни, батыр өмірінің 54 жылын қамтиды.
Батыр Баукеңнің 1910 жылдың 24 желтоқсанында дүниеге келгенін ескерсек, сонда қолына 18 жасында қалам алып, ой қаузай бастаған екен.
Рас, Бауыржан Момышұлының жазушылық таланты ерте оянған. Оның “менің әкімдік карьерім – мансабым ауылдық милиционерден басталды. Бірақ әдебиеттегі жолымды сол кездің өзінде іздей бастадым. Ол заманда біздерде қазақтың сауатты жігіттерін, жаңа өмірді орнатушыларды саусақпен санауға да болатын. Жай жағдайдың ауанына лайық біздердің ағартушы да, баспагер де, әрі жазушы, әрі редактор да болуымыз керек. Бірақ әрқайсысымыз өзімізге әуелден тәңірі тағайындаған істі іздедік”, деп, өзінің маңдайына әскери өмірдің қиындығы мен қызығы бұйырғанын еске алып, тебіренетіні бар. Мысалы, Баукеңнің тырнақалды тұңғыш очеркі 1928 жылы Жуалы ауданының (ол кезде Жуалы, Түлкібас, Сайрам ауданы бір) “Социалистік мал шаруашылығы” деген газетінде “Тау сағыз бен көк сағыз” деген атпен жарияланды. Осы очеркінің өзінде-ақ Баукеңнің қалам сілтесі, сөз саптауы жұп-жұмыр келіп, келешектегі жазушының табиғи болмысы елес беріп тұрады. Бірде інілік ізетпен: “Бауке, баспасөзде тұңғыш жарияланған шығармаңыз қандай еді?” деп сұрағанымда[7], “уақыт талабына үн қосып жазған шығармасымағым осы очерк болатын” деп айтқан екен.
“Тау сағыз бен көк сағыз” дегеннің мағынасы.
Бұрын елде резіңке деген бұйым тапшы болған. Сол кезде біздің жақтың басшылары еңбекшілерге бір арнайы шөп өсіртіп, содан резіңке айыратын. Небір замандар өтті ғой қазақтың басынан.
Бірақ Баукең бір жағынан Кеңес өкіметінің саясатының ықпалы бар, екінші жағынан әскери қызметтің темірдей тәртібі бар, кезінде орыс тілінде өндіре жазған. Иә, бүгінде аса құнды рухани мұраға айналып отырған Баукең жазбаларының басым бөлігі орыс тілінде жазылуымен ерекшеленеді. Бірақ бұдан ол кісіні тек қана орысша ойлайды екен деген ой туындамауы керек. Айтарының бәрі, сайып келгенде, Алаш пен ұлттың мүддесі, халық рухының еркіндігіне келіп тіреледі. Көркем шығарма болсын, тарихи-деректі дүние болсын, қазақ және орыс тілінде еркін жаза білетін жазушы ол кезде некен саяқ болса, соның бірі Баукең еді.
Мысалы, күнделіктер, естеліктер, әлбетте, хат-хабар сияқты эпистолярлық жанрдың да берер азығы мол деген сияқты. Мысалы, Ресей оқырмандары бір ғана Пушкиннің жазған хаттары мен алған хаттарының өзінен оның өмірі мен шығармашылығына байланысты қаншама құнды деректерге қанығады.
Біздің бұрынғы-соңғы белгілі ақын-жазушыларымыз эпистолярлық жанрға онша мән бермеген. Әуезов те, қос Ғабең де, кейінгілерден Мұқағали да ұшырасады. Ал мәдениеті биік, ісіне ұсынықты елдің зиялылары эпистолярлық жанрды ұсақ-түйек демейді. Баукеңнің жарияланбаған қолжазбаларын тақырыбы жағынан жүйеге түсіріп, жанры жағынан жіктегенде көптомдықта күнделіктері, естеліктері, замандастары мен ресми орындарға жазған хаттары, өлеңдері, шежіре-әңгімелері, көптеген шашпа пікірлері мен әскери-ғылыми теориялық туындылары хронологиялық жүйемен сұрыпталып берілді.
Бүгінде Баукең туралы архив деректері түгелге жуық жинақталды десек те болады. Баукеңнің қара шаңырағында қалған архивіне келіні Зейнеп Ахметова аса ыждағатпен мән беріп, рет-ретімен жүйелеп бізге дер кезінде жеткізіп берді. Бұл біздің жұмысымызға көп жеңілдік туғызды. Қолбайлау болып тұрған нәрсе бар ма деген сауалыңа келсек, ол әскери архивтегі “Өте құпия” деген таңба басылған Баукеңнің қолжазбалары. Мәскеулік архивариустардың бюрократтық әрекеттері мен самарқаулығы игі іске аздап тұсау болып тұр. Бұл істі орнынан жылжыту үшін тек қана жергілікті атқарушы билік емес, сондай-ақ ел Үкіметі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің де көмегі керек сияқты.
Архив материалдары негізінде Бауыржан Момышұлының таңдамалы шығармаларының 27 томының алғашқы нұсқасы даяр тұр. Оның қандайлық қиын жолдармен жүзеге асып жатқанын басына түскен пенделер ғана сезініп, бағалай алмақ. Бауыржан Момышұлының өзінің майдандағы қанды көйлек досы Д.Снегинмен өз қолжазбаларының келешек тағдыры туралы әңгімесінде: “Мен саған күллі қағаздарымды қалдырамын. Кейбіреулерінде табу (тыйым) белгісі; бастыруға болмайды. Бірақ мен тиісті кезінде білдіремін – тіпті, ол дүниеден де – “сәті келді, бәрін де жарияла, тіпті “ұмыт” деп әмір еткен нәрселерімнің өзін де жарияла деймін”, депті. Міне, Бауыржан Момышұлының сол аманатын тәуелсіздіктің арқасында еліміздің жас буын, жаңа толқынына ұсынатын кез жеткен сияқты[8].
Бауыржан Момышұлы әділет жолында һәм шындық үшін өзін де, өзгені де аяған емес. Ащы да болса шындық артық деген жолды ұстанды. Бауыржан Момышұлы сынына, ой-пікіріне түсіне білген адам оны ақылға салып, қабылдай да біледі деп ойлаймын. Ал ойлана білген әрбір жас Баукең сөзінен рух еркіндігін сезініп, санасындағы бодандық сезімнен құтылып, жандүниесі байып, ой-санасы еркіндікке құлаш ұрып, биікке қанат қағары сөзсіз. Баукеңнің ащы сынға толы өміршең ой-пікірлерінің өзі осындай тәрбиелік тереңдігінде жатыр.
Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери-педагогикалық жұмыспен айналасып, Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмыспен айналысады. Жазушылық талант тез ұшталды. Ол шығармаларын қазақ, орыс тілінде жазып, қазақ әдебиетіндегі әскери проза жанрының негізін қалады. Жазушының өзекті тақырыбы – Ұлы Отан соғысы кезіндегі жауынгерлердің тұлғасын жан­жақты суреттеп сомдауға арналған. Осы шығармашылық мақсаттың айғағы ретінде жазушы қаламынан туған «Куба әсерлері» (1969), «Жонарқа» жинағы, екі томдық шығармалар жинағы (1969), «Ұшқан ұя» (1974), «Соғыс психологиясы», «Қанмен жазылған кітап» (1990, 1991) т.б. туындыларын айтуға болады. «Ұшқан ұя» кітабы үшін жазушы 1976 жылы Мемлекеттік сыйлық лауреаты атанды. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген-білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығады.
Оқушы жұртшылығымызға ұсынып отырған «Офицердің күнделігі» атты шағын кітаптың авторы — Совет Армиясының гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының Ұлы Отан соғысы майдандарында көрсеткен ерліктері бүкіл совет халқына мәлім. А. Бектің «Арпалыс» атты романын, М. Ғабдуллиннің «Менің майдандас достарым» атты очерктерін, генерал Панфилов атындағы даңқты гвардия дивизиясы туралы жазылған жүздеген әнгіме, мақала, очерктерді оқыған әрбір совет азаматына полковник Б. Момышұлының басынан өткен уақыйғаларды мақала тілімен баяндау орынсыз сыяқты болып көрінетіні де рас. Бірақ, оқушыларымызға бұрын көркем шығармалардың геройы ретінде таныс Бауыржанды, бұл жолы көркем шығарманың авторы ретінде таныстыру үшін, оның өмірбаяны туралы қысқа мәлімет бере кетуді орынды көрдік[9].....
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру