Қазақ әдебиеті | Ғұмар Қараш өлеңдеріндегі ой-таным
Мазмұны
КІРІСПЕ ................................................................................................................................4
I тарау Ой мен танымнан нәр терген ғұмыр.................................................6
1.1. Ғ. Қарашевтың өмір жолы...........................................................................6
1.2. Ғұмар дүниетанымының көрінісі...............................................................13
II тарау. Ақын өлеңдеріндегі дәуір шындығы...........................................16
2.1. Ақынның қоғамдық – саяси ойлары..........................................................16
2.2. Ақынның діни-философиялық көзқарасы................................................21
2.3. Ғұмар өлеңдеріндегі көркемдік іздерістер.................................................33
Қорытынды.........................................................................................................38
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі...................................................................3
Кіріспе
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басы кезінде қазақ қоғамының даму процесінде тұтас халықтық сана ояна бастады. Бұл кезде ақын жазушылар біріншіден, қазақ қоғамында жаңа бір заманның туа бастағанын бағалай алса, екіншіден, ілгері талпынудың жалпы қоғамдық сипат алғандығын сезеді.
XIX ғасырдағы көп ақындармен салыстыра қарағанда XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ ақын жазушыларының бәріне дерлік тән ерекшелік бұлар өзге көршілес халықтардың мәдениет пен өнер саласында қазақ халқынан әлде қайда ілгері кеткендігін ерекше тақырып етіп жырлады. Мұнда олар Шортанбай мен Әбубәкір сияқты сол халықтардың мәдениет пен өнер жаңалықтарын жек көру тұрғысынан емес, керсінше олардан үйрену, үлгі алу тұрғысынан мәселе көтерді, қазақ халқының мәдени мешеу дәрежеде отырғанына жанымен қиналды. Бұл салада қазақ ақындарының көбі білім мен өнерді орыс қауымынан үйрену керек екендігін, олар ғылым, білім саласында көп ілгері кеткендігін атап, шығармаларына арқау етті. Бұл тілек барлық ақынның арманына айналды. Осы тілекті жүзеге асыруға бар ақын өз шамасынша ізденді, еңбек етті.
Бірсыпыра ақындар өз шығармаларында қазақ халқын надандықта қалдырып келген не нәрсе деген сұраққа жауап іздеді, надандықтың шектен асқан сорақы көріністерін суреттей отырып, олардың осы жолдан шығуының себебін өнер- білімнен іздеді. Соның бірі Ғұмар Қарашев.
Қысқа ғұмырында надандықтың торын бұзып шығып, ауыл молдасынан қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген Ғұмар Қарашев - XX ғасырдың басындағы тұлғалы қазақ ақындарының бірі. Қаламгерлердің біреуі оны зор ақын десе, екіншісі көрнекті қайраткер деген баға береді. Екі пікірдің де қисыны бар. Ғұмардың көптеген ақын жазушылардан ерекшелігі- өз заманының саяси қайраткері, ақыны, философы, педагогы болуында. Ол- туған халқының назарынан елу жыл бойы тыс қалып, атына қара күйе жағылып, шығармалары "кілтке салынып", жазықсыз аластатылған аяулы халық перзенті.
Ғұмар Қарашұлының өз өмірі де жарқын болашақ халқының жарқын болашағы мен бақыты үшін арпалыспен өтті. Оның баға жетпес мұралары да талай соққыға ұшырап келеді. Ол - заманның басты мәселелерін жырлап, елінің сол тұстағы міндетерін толғаған ақ ниетті адал жан. Ғұмар Қарашев- қазақ газеттерін ұйымдастырушы ретінде танылып, сол газетте жарияланған танымдық мәні зор мақалалармен көрінген алғашқы қазақ публицистерінің бірі. Осы орайда біз 1958 жылы Англияда жарық көрген "Орта Азия" әдебиеті атты жинақтағы ағылшын ғалымы Томс Виннердің "Ғұмар Қараш″ деген мақаласында: "Қазақ халқының ұлттық дәстүрі мен ислам мәдениетін жырлаған ақын жазушылардың бірі – Ғұмар Қараш араб, парсы, шағатай, татар әдебиетімен діни мектептің қабырғасында жақын танысқан”[1,3],-деп көрсетеді. Осы мақала Ғұмар Қараштың өз дәуірінің айнасы болғандығын дәлелдейді.
Ғұмар Қарашұлын зерттеп, тану ісі біраз уақыт үзіліп қалды. Оны көрген, білген кісілер бұл дүниеден озып кетті. Қолжазбалары мен кітаптарын да кездестіру қиынға соқты. Бұдан кейінгі жылдары ғана ақын есімі сирек те болса әдебиетте ұшыраса бастады.
Ғұмар өмірі мен шығармашылығын алғаш көпшілікке таныстырып, оқулыққа ендірген белгілі ғалым Есмағамбет Смайылов Ғұмар Қарашұлын “Қазақтың ұлы ақындарының бірі",- деп баға бергені бар [1,4]. Бірақ шовенистік идеология үстем болып тұрған советтік кезеңде Қазақстандық көрнекті мамандар, қайраткерлер, өз халқының мүддесін қорғаған азаматтар қуғынға түсіп, қасіретті халге ұшырағаны да белгілі. Қызылдан шыққан ("Жұлдыз" 1992 №5)" бандының қолынан қаза тапса да, өлген соң да Ғұмарға тыныштық бермей, оны ұлтшыл, алашшыл деп айыптап, өз халқынан аластаған. Соның салдарынан Ғ. Қарашұлының өмірі қоғамдық-саяси, әдеби - педагогикалық қызметі зерттелмей, уақытында нақты деректер жинақталмай қалды.
Ғұмар Қарашұлын зерттеп, тану ісі біраз уақыт үзіліп қалды. Оны көрген, білген кісілер бұл дүниеден озып кетті. Қолжазбалары мен кітаптарын да кездестіру қиынға соқты. Ғұмар Қарашевтың бірқатар шығармалары 30-40 – жылдары орта мектеп оқулығына енді, орыс тілінде шыққан "Қазақ поэзиясының антологиясында" (1958 жыл) жарияланды. М. Мағауин құрастырып, Ленинградтан 1978 жылы шыққан "Қазақ ақындары" жинағында, сондай-ақ Айдын Нұрқатов "Абайдың ақындық дәстүрі" монографиясында Қарашев творчествосына бірнеше бет арнаған Философ ретінде ақынға 1962 жылы Москвадан шыққан "Философская энциклопедиядан", "Қазақ совет энциклопедиясының 6-томынан орын берілген. Ертеректе Қарашевтың поэзия сы мен философиялық ой-пікірлері 1932 жылғы С. Мұқановтың "XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті" деген кітабында да қаралған болатын. Отызыншы жылдары Ғұмар Қараш мұрасы ауыр сынға ұшырап жатқанда қазақтың көрнекті ақын-жазушылары санатында М. Жолдыбаев, М. Әуезов, Ә. Қоңыратбаевтың "XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті" оқу кітабында да кездеседі. 1945 жылы Е. Смайылов кітаптарында қысқаша жазылған. Әнуар Дербисалиннің 1966 жылы шыққан "Қазақтың октябрь алдындағы демократияшыл әдебиеті" атты кітабынан біраз мәлімет кездестіреміз. Сондай-ақ, Ғұмар Қараш мұрасын зерттеп, талдау жасап кітап шығарып жүрген бірнеше зертеушілерімізді айтайық. Соның бірі Қабиболла Сыдиықов. Ол Ғұмар Қараш шығармаларын жан-жақты зертеп ақынның қырлары мен сырларын ашуға тырысқан. Сыдиықов ақын мұраларын жинақтап 1994 жылы "Замана" деген жинақ шығарады. Белгілі ғұмартанушы ғалым Мақсат Тәжімұратовтың 2004 жылы Арыс баспасынан "Ғұмар Қараш" деген кітабы шығады.Осы кітаптың ізін суытпай 2005жылы Ғұмар Қараш шығармаларына талдау жасап, ақынның қоғамдық саяси және құқықтық көзқарастарын танытатын Сәкен Өзбекұлы мен Атақожа Исмайловтың кітабы шығады. Сондай-ақ, ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты мәліметтерді газеттер мен журнал бетінен де көптеп кездестіреміз.
І ТАРАУ. ОЙ МЕН ТАНЫМНАН НӘР ТЕРГЕН ҒҰМЫР
1.1 Ғұмар Қараштың өмір жолы
Ғұмар Қараш жайындағы зерттеулерге негіз болған С. Мұқановтың "XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті" деген еңбегі. [3,5]. Себебі ең алғаш ақынның өмірі мен шығармашылығы сол кітапта қысқаша жазылған. Ал ол туралы мәліметтер қайдан, қашан алынғаны көрсетілмеген. Сол мәліметтердің сипатына қарағанда елден естіген ауызекі әңгіме сияқты. Әйтпесе ақынның туған жері, туған жылы әр түрлі жазыла ма? Мақсат Тәжімұратов бір мақаласында "Біз Ғұмар Қарашты әлі күнге шейін жөнді білмейміз. Тіпті туған жылын да дәл айта алмай жүрміз", - деуінде мән бар [4,4]. Иә, осы күнге шейін ақынның туған жылы әр деректе әр түрлі айтылып келеді. Бұндай көп еңбек еткен адам тарихын зерттеуге жерлестері мен ағайындарының көмегі қажет. Өйткені басқа облыс адамдары сол кездегі ел, жер жағдайын біле бермейді. Содан шатастырып, оқырманның көңілін қандырады.
ҒұмарҚарашевты көп зерттеушілер 1876 жылы Батыс Қазақстан облысының Қазталовка ауданында, "Қырқұдық" деген жерде туған деп көрсетеді. Ал, Кенжалиев Исатай өз маңаласында ақынның туған жылын 1874 жылы деп көрсетеді. [5.206].Оған дәлел ретінде 1946 жылы Қалижан Бекхожиннің бастауымен айтыс болып, онда Ғұмар Қарашевтың баласы Бұрқан: "Әкем 47 жасында қаза болды”,-деген сөзін негіз етіп алады. Егер ақын 1921 жылы дүниеден өтсе, онда ақынның 1874 жылы туылғаны дау туғызбайды. Мақсат Тәнімұратов та өз зерттеуінде Ғұмар Қарашевтың туылған жылын осы шамада көрсетеді де 1946 жылы ССРО бөлімі өткізген осы жиналысты алға тартады. Одан әрі біз ақынның өмір жолына шолу жасайық. Ғұмардың ағайыны, көп жыл жанында жүрген Ысқақ Жанарыстановтың айтуынша, болашақ ақын жеті жасында әкеден жетім қалады. Әуелі ауыл молдасынан хат таныған Ғұмар, оқуды указной молда Ғұмар Жазықовтың қолында, сәл кейінірек Ысмағұл Қашғари мектебінде жалғастырады. Кейін Жалпақтал қаласында мешіт, медресе ұстаған Ғұбайдолла Ғаликеев хазіретке шәкірт болады. Осы ұстазының қолынан иршат (куәлік) алған ол өз ауылында біраз уақыт бала оқытып жүреді де 1902 жылы Тіленшісай деген жерде жәдитше бала оқытуды ұйымдастырады. Ғұмардың Борсы мекенінде Шәңгерей ауылының балаларына сабақ беруі өмір жолының жаңа бағыт алған елеулі кезеңі еді. Шәңгереймен жиі араласып тұруы оның ой өрісінің кеңейе түсуіне ерекше ықпал етеді. Шәңгерей Ғұмарға орыс тілін үйретеді. Орыс, Еуропа елдерінің көрнекті шығармаларымен таныстырады, басты-басты роман повестерді әңгімелеп береді. Ғұмар сол естігендерін ауыл адамдарына айтып таратады. Өз бойындағы табиғи дарыны мен өзіне дейінгі ғұламалардың шығармаларынан сусындауы оның жақсы әдебиетші ретінде қалыптасуына жол ашты.
Бірнеше тілді еркін меңгерген дарын иесі өз шығармаларын бастауды халық ауыз әдебиетінен, сондай-ақ, шығыс, батыс, орыс әдебиетінен де алады. Ақын өлеңдерінде Абай, Махамбет, Мұрат әсері мол болғандығын, Бұқар Дулат, Шәңгерей өнегесінің ізін жалғастырғанын көруге болады. Әсіресе, "Замана жайынан" толғауынан ежелгі жыраулық дәстүр айқын аңғарылады.
Асқар, асқар, асқар тау
Асқар таудан жоғары
Асып елдің ер қазақ.
Жортуылдай жорытып,
Ор қояндай орғытып,
Жер шетіне аяғың
Басып едің ер қазақ! [7,36]
деп келетін шумақтар көз алдымызға көркем ауыз әдебиетінің үлгісін алып келмей ме? Өз бойындағы табиғи дарыны мен өзіне дейінгі ғұламалардың шығармаларынан сусындауы оның жақсы әдебиетші ретінде қалыптасуына жол ашты. Ғұмар өздігінен әр саладағы орыс тіліндегі кітаптарды оқитын дәрежеге жетеді. Бұған куә- оның А. Некрасовтың “Соғыс қаһары” өлеңін аударуы, Л. Толстой философиясымен таныстығы сияқты жайлар.
Жасынан өлең жырға ынтық Ғ. Қараш өлеңдер шығарып, ел аузындағы әдеби мұраларды жинастырады. XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласына тарайтын арабша, түрікше, татарша, қазақша басылымдарды оқып, заман,дәуір жайын аңғара бастайды, іздеп жүріп, әдеби, тарихи пәлсафалық кітаптарды оқиды. Сөйтіп, ислам діні қағидаларын жетік білетін Ғұмардың енді дүниелік ғылымдардан да жақсы мағлұматы болады.
Ғ. Қараш дүниелік ғылымдардан сусындап, ой-санасының толығуымен және 1905 жылғы революцияның идеялық әсерімен және осы кездегі ұлттық ояну, ағартушылық қозғалыстың толқыны мен Ғұмар өзінің молда болып тұрған мешітінде ғылымға үндеу, ағартушылық бағытында жұмыс жүргізе бастайды Медреседегі қазақ балаларын ана тілінде және орыс тілінде бірдей оқытып,нағыз тұрмысқа пайдалы білім беруге кіріседі. Ғұмар Қарашевтың ғылым жолына мықтап берілген әрекеттеріне елдегі қожа молдалар және Уфадағы мұсылман муфтиінің басқармасы қарсы шу көтеріп, мұны дін бұзды "кәпір" деп жариялап, ишандықтан, мешіт төңірегінен қуды.
Осы тұрғыдан С. Мұқановтың "XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті" дейтін кітабында: “1905 жылы Омардың пікіріне үлкен өзгеріс туды. Бұл өзгеріске себеп, 1905 жылы болатын төңкеріс. Бұл төңкерістен Омар хабардар болды. Өйткені Омар ишан болғанмен құлшылықтан басқаны білмейтін ишан болмайды. Ол арабтың, түріктің газет-журналдарын оқумен қатар, татар тілінде шығатын "Уақыт","Тәржіман" сықылды газеттерді оқиды. 1905 жылдың ұрандарын ол осы газеттер арқылы түсінді..." деп жазады [3,167].
Осыдан кейін Ғұмар қоғамда болып жатқан түрлі құбылыстарға, талас-тартыс, айтыстарға белсене араласа бастайды. Әсіресе XX ғасыр басындағы қозғалыстар Россиядағы социал-демократиялық идеялар, ұлт-азаттық күрестер, ұлттық ояну кезіндегі бұқара халықтың азаттық ұрандары оның белсенділігін арттырып, ел-жұрттың мүддесін ойлауға, сол үшін бар күшін аянбай жұмсауға алып келеді. Ол ұлт азаттық күрескерлердің алдыңғы тобына қосылды. Патша үкіметінің отар елі Қазақстанды өз алдына мемлекет ету, халын бұратаналықтан құтқару, өнер-білімге, мәдениетке қолын жеткізу жолына белін бекем буды. Жалынды ақын, жауынгер публицист ретінде шыншыл шығармалар жазып баспа сөз арқылы кең таратты.
1911-1913 жылдары Ғұмар Қарашев, Е.Бұйрин, Б.Қаратаев, Ш.Төкеев, С. Меңдешев, М. Шомбалов сияқты озық ойлы қазақ зиялыларымен "Қазақстан " газетін шығаруға, оның жұмысын алға қоюға белсене қызмет етеді. Газеттің ресми редакторы Елеусін Бұйрин болғанмен Ғұмар Қарашев қазақша материалдарды сараптаушы болғанын аңғарамыз. Өйткені, осы газетте жарияланған мақалаларды, публицистика, өлең, әңгіме, очерктерді тек өзі атымен ғана емес, көбі "Оразақой", "Қазақ", "Қазақаев" сияқты лақап аттармен беріп отырған, – деп жазады Ғабиболла Сыдиықов өз мақаласында [8,3]. Газеттің алғашқы нөмірі 1911 жылы 16 мартта Орда қаласында қазақ және орыс тілдерінде шығады. Кейін Орал қаласына көшіріледі.
"Қазақстан" газетінің 1911 жылғы 16 марттағы тұңғыш нөмірінде "Газет деген не зат?" деген мақаласында: "Қазақ халқына басшы табылар ма? ..”. Бірен-саран болған-білген басшы шыға қалса ол әркіммен жүре алмайды. "Енді қалай етпек керек?"- деп халыққа ой сала келе, басқа халықтардың тыныс-тіршілігінен хабардар болуға шақырады".... Бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет! Сол себепті газет біздің басшымыз! Газет біздің достар алдындағы көркіміз! Дұшпанға қарсы құралымыз! Газет біздің білмегенді көрсететін ұстазымыз. Газет біздің қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шам-шырағымыз! – деп жазды. Сондай-ақ осы газеттің 1911 жылғы қазанның 15- жұлдызында шыққан "Бұл қай заман?" деген бас мақаласында ойшыл былай деп жазды: "Бізде тағы да бір қате пікір бар. Орысша деп ғылымды жек көреміз. Бүл да қате болсын. Неге десеңіз – ғылымды орыстікі, мұсылмандікі деп айыруға жол-ақ тек, дін ғылымын оқығанда ғана. Әммә оқу, яғни: қисап, жағрафия, хакимат, эндаса, тауарих, тәбиб, химия, зирағат, тижарат секілді пәндерде орыстың, мұсылмандық, яки басқалық жоқ. Бұл пәндерді оқудағы мақсат: оларда баян етілген қағидалардың мағынасын біліп, қолданып, адам балаларына түрлі жақта пайда келтіру болды. Бұларды арабша оқып біл, түрікше оқып біл, орысша оқып біл, французша оқып біл бәрібір тек мағынасын жақсы біл де халыққа пайда келтір",- дейді. Біз бұл мәліметтерді Ғұмар Қараш мұрасын қарап зертеу жазған Сәкен Өзбекұлының "Арыстары алаштың" деген еңбегінен алдық "[9,62].
Бұл басылым өзінің қысқа өмірінің ішінде барлығы 18 дана жарық көріп, шығуын 1913 жылы тоқтатты. "Қазақстан" газетінің ерекшелігінің бірі – төңкеріске дейінгі қазақ тілінде жарық көрген біраз мерзімді баспасөздермен салыстыра қарағанда, демократияшыл реформаторлық идея мен әлеуметтік прогрестің жаршысы болғандығында. Осыған байланысты да болар бұл газеттің өмірі қысқа болды.
Ғұмар Қарашев қоғамда болып жатқан өзгерістерге өз пікірін басқа да басылымдар арқылы білдіріп отырды. 1912 жылы "Айқаптың" 9-нөмірінде Ахмет Жанталиннің "Күнелтуіміз турасында" деген мақаласы жарияланды.
А. Жанталин: "Қазақ халқы қала болуы тиіс емес, қала болудың соңында біз үшін бек көп қорқыныштар сезіледі", - деген ой түйеді. Араға шамалы уақыт салып, онымен "Ахмет Жанталинге жауап" дейтін мақаламен Ғұмар Қарашев айтысқа түседі.
"Крестьяндардың ата кәсібі -егін ,біздің ата кәсібіміз -мал өсіру. Қала бол деген сөзден мал өсірме деу шықпайды" – деп өз ойын білдіреді. Бұл мақаладағы үзіндіні Салтанат Ысмағұлова мақаласынан ақын жайында өз ойымызды нақтылау үшін енгізіп отырмыз[10,37].
Ғұмар Қарашев халық болашағы үшін отырықшық өмірдің прогрессивтік мәні зор екендігін, отырықшылық- өнер – білімге, мәдениетке жеткізуге бірден – бір жағдай жасайды деп білген қайраткер. Ақын бір қатар өлеңдері мен мақалаларында да мұндай пікірді халық санасына жеткізуді мақсат етті.
1913 жылы Ғұмар Қарашев Ахмет Байтұрсыновтың басшылық етуімен шыққан "Қазақ" газетін аса қуанышпен қабылдап, оның қазақ халқының ұлттық санасының оянуына және саяси мәселелерді бағалауда орасан рөл атқаратынына сеніммен қарап, бұл басылымның бүкіл қазақ жұртына идеология болатынына ерекше ілтипат білдірді. Осы мазмұнды саяси көзқарасын ол "Сүйінші" деп аталатын өлеңінде былайша білдіреді:
Киіз ойлы қазаққа –
"Қазақ" атты ұл туды.
Сүйінші, қазақ, сүйінші!
Ием тірек беріп тұр.
Ием берсе кем бермес,
Кем беруді жол көрмес
Мол бермесе ұл бермес,
Жүрек сезіп, сеніп тұр [11,16].
Ғұмар Қарашев, "Қазақстан" газетінде қызмет атқара жүріп, 1911-1913 жылдар аралығында Уфа, Қазан қалаларында "Өрнек", "Қарлығаш", "Бәдел қажы", "Тұрмыш", "Бала тұлпар" сияқты проза және өлең жинақтарын бастырып шығарады. 1914 жылы Орынборда оның "Аға тұлпар" деп аталатын өлеңдер жинағы жарық көреді. Бұл аталған басылымдар сол кездің өзінде-ақ Россияны мекен еткен түркі халықтарының арасына тез тарап, үлкен беделге ие болды. Осы шығармалардың бәрі сол заманның күн тәртібінде тұрған проблемаларына терең бойлап, қазақ қоғамының әлеуметтік, саяси- экономикалық, қайшылықтарын ашып жазып, оларды шешудің біршама жолын өз тарапынан көрсеткені анық.
Сонымен Ғұмар Қарашевтың газет жабылған 1913 жыл мен 1917 жыл аралығындағы өмірі туралы дерек аса көп емес. Бұрынғыдай топырлап көп кітабы да шыққан жоқ. Кейбір деректерге қарағанда 1919 жылы "Мұғалім" журналында жарияланған "Педагогика" атты еңбегі 1917-1918 жылдары Уфада жазылған. Осында кейін қолжазба күйінде жоғалып кеткен "Қан мен тер" дейтін кітабы "Тәнсіз жан жоқ" дейтін мақаласының алғашқы үлгісі болатын [10,36].
1917 жылы революция басталар кезде Ғұмар Қарашев Уфада болатын. Ол сонда муфтидің төртінші бөлімін басқарады. Бөлім міндеті – медресе шәкірттері мен жетім, жоқ-жітік балаларға жәрдем беру, оларды оқыту шараларын ұйымдастыру еді. Әрі Қарашев муфтидің қазиы болып сайланады. Қазақ жеріне ақын 1917 жылдың май айында оралады. Орда қаласында Совет үкіметін орнатуға қатысқан Шафхат Бекмұхамедов өз естелігінде: "1917 жылы майда Бөкейліктің орталығы Ордада Бөкей қазақтарының жалпы съезі болды. Ғұмар да бұл съезге бір аудан өкілі болып сайланған еді... Ғұмарды көтеріп, оны Москвада болатын Ресей мұсылмандарының жалпы съезіне өкіл етіп жіберді",- дейді. [10,37].
Ғұмар Қарашев 1917 жылғы ақпан төңкерісін жылы шыраймен қабылдап, ақ патшаның тақтан құлағанын барлық қазақ зиялылары сияқты қуанышпен қарсы алады. Демократия, ұлттық ояну, бостандық, теңдік идеясы отар болып келген Қазақстанды азаттық жолына толық шығаруына сеніммен қарады. Осы аралықта пайда болған қос өкіметтің саясатын жетік түсінбей адасуға да бой ұрды. Осы тұрғыда Е.Смайылов өз зертеуінде былай дейді: “Омар 1917 жылғы уақытша үкімет саясатын, оған байланысты Қазақстан жерінде құрыла бастаған алашордашылардың қозғалысын жақтап, "Тұрымтай", "Алашқа", "Неден қорқам" деген сияқты өлеңдерін жазды. Бұл өлеңдерінде Омар орталық Россия және жергілікті жерлерде күшті толқынмен басталған социалистік революцияның маңызын теріс түсінді. Уақытша үкіметтің заң жобасын дұрыс, енді одан артық ешқандай өзгерістің керегі жоқ деп ,октябрь революциясының мақсатына қайшы пікірлер айтуға дейін барды. Буржуазияшыл ұлтшылдар Омар сияқты халық ортасында беделі зор ақынды өз мақсатына пайдаланғысы келіп көп әрекеттенді. Алашорда съездерінде Омарға айрықша құрмет те көрсетілді”,- деп жазады [2,3]. Бірақ Колчак әскерлерінің халыққа қарсы жасап отырған айуандық әрекеттерін тез арада көрген Ғұмар Қарашев Кеңес үкіметі жағына біржола өтеді. "Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ" демекші ақынның адасуы сол XX ғасыр басындағы қазақ зиялыларының бәріне де тән еді. Ғұмар Қарашев өзі де1919 жылы былай деп атап көрсетті: "Ақ малтасын езіп ішіп, алаңсыз отырған біздің қазақ жұртына революция тасқыны келіп, басқа ешнәрсеге әзірленбеген, қартаң тарихтың қалай аяқ салатынын болжамаған сорлы қалай етерін, қайда кетерін білмей сасқалақтап қалды",-деп халықтың күйзелген күйін көрсетеді. [12,154].
Ойшыл-философ өзінің "Тұрымтай" деп аталатын кітабында көп адасқан ішкі күйзелісін халыққа жеткізіп, кешірім сұрайды:
Келгенде осы араға көзімді аштым,
Таба алмай түс жоруын көп адастым.
Қол сілтеп ақырында бұл қиялға,
Күйініп өз жолыма аяқ бастым,
Сөйтсе де кейбір "қиял" ақиқатпен
Іргелес қонатын – деп жұртқа шаштым [9,54].
Халыққа қызмет етуді өмірінің мақсат-мұраты санаған азамат ақын 1918 жылы 24 сентябрьде Бөкей губерниялық съезіне қатысады. Съезде халық ағарту мәселесі бойынша Мұхамедияр Тунгачин баяндама жасады. Ғабдолғазиз Мұсағалиев председательдік етеді. Съезд бір ауыздан Ғ. Қарашевты оқу ісін ұйымдастыру және оған қаржы сметасын жасау комиссиясының председателі етіп сайлайды. Қарашев 1918 жылы апрельде өткен Бөкей облыстық бірінші кеңестер съезінің, сол жылғы сентябрьде екінші, 1919 жылғы майдағы үшінші, 1920 жылғы майдағы төртінші съездің дилегаты болады. Соңғы съезде ұлт мәселесі жөнінде қызу айтыс туғанда, өткір де салауатты сөз айтқан Ғұмар Қарашев өз сөзінде: "Біз бүгін бұл жерде бір-бірімізге сын тағып, айыптауға келгеніміз жоқ.... Ұлт мәселесі мемлекетімізде бір немесе бірнеше жылда шешіліп кетеді деп айту өте қиын. Біз қазір тек қана ұлт мәселесін шешуде дұрыс бағытқа бет бұрдық. Алда әлі талай жатқан белестер тұр. Халықтар достығының мызғымас болуы бір ұлттың, бір ұлтты аяққа таптауымен тікелей байланысты екенін ұмытпауымыз керек. Ғасырлар бойғы ұлттық езгінің тепкісін көріп, отарлық саясаттың салдарынан мешеу қалған қазақ елі өзінің жарқын болашағын ынтымақтастықпен тікелей байланыстырды",- деп пікірін ашық айтады. Сондай-ақ, Ғұмар Қарашев тіл туралы жазған бір мақаласында: "Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзінен-өзі белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттық өнері де өркен жаймайды", -деп жазаы [7,21].
Осы күнге дейін ғылымда беймәлім болып келген мәселе - Ғұмар Қарашевтың Орда қаласында тұңғыш болып Қазақстан жазушылар одағын құрудың негізін қалағандығы, жаңа құрылтай одаққа қалам қайраткерлерін тарту мақсатында Бөкей губерниялық партия комитеті арнайы анкеталар толтыру арқылы ұйымдастыру жұмыстарымен шұғылданған. Сол кезде толтырылған анкеталардың бірі Нұғман Манаевтың атына жазылған екен. Анкетада Н.Манаев 1917 жылдың сәуір айынан бастап "Ұран" газетінің хатшысы екенін жазған. Бұл мәлімет Батыс Қазақстан облысының архивінен табылды [11,23].
1919 жылдың қаңтарында екінші мұғалімдер съезінде "Мұғалім" атты тәлім-тәрбие, ғылыми пән журналы шығарылсын деп қаулы алынып, редакцияның каллегиясын басқаруға Ғ.Қарашев бекітіледі. Коллегия мүшелері болып Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Мұстафа Көнебаев, Ғани Бегалиев, Халел Есенбаев, Ғабдол Бөкейханов, Ғұбайдолла Мұқалиев, Нұғман Манаевтар сайланады. Журналдың оннан аса саны жарық көрген. Әзірге табылғаны екінші және төртінші сандары. Осы нөмірде Ғұмардың баяғы Уфада жазылып, басуға үлгере алмай кеткен "Педагогика" деген көлемді ғылыми еңбегі жарияланған. Бұл – педагогика қағидаларын алғаш ана тілімізде сөйлеткен еңбек деп жазады Қабибола Сыдиықов [13,4]. Сондай-ақ ол өз жұртының өнер-білімге ен жарлығын жаны күйіне жырлап, журнал беттерінде оның намысына қозғау салуға тырысты.
Жалқау жұрт қалған кейін қазақ халқы,
Өнер жоқ, білігі жоқ қазақ жарты
Қолданған өнерлері осы күнгі
Ойын ойнап, ішкі ішіп жасы қарты [7,26] ,-деп елінің жаман әдеттерін бетіне басады. Елінің қараңғы қамаудан шығуының жолы өнер білімде екенін ұғындырады. Осы ойын ол 1919 жылдан бастап шығып тұрған "Дұрыстық жолы" газеті арқылы да білдіріп отырған.
"Дұрыстық жолында" жарияланған Ғұмар Қарашевтың мақалаларынан, өлеңдерінен оның кеңес үкіметін дәріптеу, мадақтау сарыны анық байқалады. Осы газет бетінде ақынның "Екеуі екі басқа", "Қазақ федерация", "Ұлт пен туған тіл", "Құрдастың жолы" сияқты публицистикалық, философиялық толғаныстағы мақалалары жарық көреді. Ғұмар Қарашев 1919 жылы өзінің туып-өскен ауылы "Қырқұдық" атты ауыл шаруашылық артелін ұйымдастырады. Қырқұдық дегені қырдағы құдық деген сөз. Бұл турасында Исатай Нәсекенұлы өз мақаласында жазған. [14,5].
Ал 1920 жылғы қаңтардың 21-жұлдызынан бастап партия комитетінің қаулысы бойынша майданда соғысып жатқан жауынгерлерге көмек көрсету мақсатында "Недели фронта" деп аталатын науқан өткізілді. Осы науқанды нәтижесі өткізу үшін, Бөкей губерниялық партия комитеті мен жергілікті еңбекшілер депутаттарының Бөкей губерниялық атқару комитетінің, губерниялық соғыс комиссариятының, кәсіпшілер одағы және жастар одағының өкілдерінің қатысумен "майдандық апталықтарды" өткізуде үгіт-насихат жұмысын жүргізуге комиссия құрылған. Сол комиссияның мүшелерінің құрамына Ғұмар Қарашев сайланған. Қуанғали Жұбанов деген азамат екеуі ел аралап жүріп, аталмыш науқанның қорына қаражат жинайды. [11,24] .
Ғұмар Қарашевтың жоғарыда көрсетілген сан қырлы қызметтері кезінде бағаланып, ел арасында үлкен абыройға ие болады. Орда қаласында жарық көрген "Киргизская правда" деп аталатын газет өзінің 1919 жылы 20-данасында Ғұмар Қарашевтың ой-өрісін, халық үшін жасаған қызметін ұлы Абайдың өзімен теңеп, былай деп жазды: "Бүкіл қазақ даласында бұл секілді өз халқын оятуға ат салысып, жан-тәнімен күрескен батыл жандар саусақпен санарлық. Семей өңірінде Абай....Ал біздің Бөкей ордасында Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қарашев, Иманғали Меңдіханов" [15,3].
Қайраткердің осындай назар аударарлық, әр саланы қамтитын қызметі жауларға көп болып көрінді, оны жоюдың амалдары ойластырылды. Осы жерде айта кететін бір жай бар. Ол Ғұмар Қарашев өлімі туралы. Осы тұрғыда зерттеушілердің пікірі әр түрлі. Көптеген кітапта Ғұмар Қарашев 1921 жылы сәуірдің 12 жұлдызында ақ бандылар қолынан қаза тапты деп берілген. Ал белгілі тарихшы Исатай Кенжалиев: "Бұл пікірді жаңсақ айтылып жүрген пікір. 1921 жылы қайдағы ақ гвардияшылдар? Олардың тас-талқаны шығып қалдығы да көрінбей кеткен еді ғой"- дейді [16,195]. Мақсат Тәжімұратов жасаған орынды жорамалдың бірі – Ғұмардың өліміне Нұрқай байдың тікелей әсер етуі [8,4]. Себебі, ақын Нұрқайдың жас әйелі Жаманқызды аса жақсы көрген. Осы жағдай кектендірген байдың ел ішінде жүрген ақ бандыларды айдап салуы әбден ықтимал. Сонымен қатар, Ғұмардың бір кездегі ел ішіне жаңа оқу жүйесін еңгізуіне қарсы болған хәдімшіл дүмше молдалар, ақынның дін мансабын тастап, жаңа дәуірге икемделуіне ызаланғандар – бәрі де пікірлес болып күш біріктірген. Жоғарыда айтылған Исатай Кенжалиевтің 1992 жылы "Жұлдыз" журналының бесінші санында жарық көрген "Ғұмар Қарашты кім өлтірді" деген мақаласында да ақын өліміне қатысты мәселелердің басын ашады. Соның бірі - Ғұмар Қарашевты өлтірген Ефим Панченко деген мен "қызыл партизандардың" қылығы екенін бірнеше фактілер арқылы дәлелдейді. Қалай болған күнде де Ғұмар Қарашевтың 1921 жылы сәуірдің 12-жұлдызында "Құнан шапқан" деген жерде айуандықпен өлтірілгені белгілі......

Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: дипломдык жумыс Ғұмар қараш өлеңдеріндегі ой-таным дипломдық жұмыс дайын жоба дипломная работа, сборник готовых дипломных работ на казахском языке, скачать бесплатно готовые дипломные работы проекты на казахском, дайын дипломдык жумыстар казак адебиет жобалар дипломдық жұмыстар