Жаман туралы  ✍️


Басқа: 1
Мақал-мәтелдер жинағы: 393
Балаларға арналған тақпақтар: 4
Ақын өлеңдері жинағы: 69
Жаңылтпаштар жинағы: 2
Қанатты сөздер жинағы: 93
Туындылар: 1
Әңгімелер жинағы: 7
Шығармалар жинағы: 1
Аңыздар жинағы: 1

Жақсы қыздың жасауын
Жақын-жаран жасайды.
Жаман қыздың жасауын
Сұран-тілен жасайды.
Көшермен болса жұрт жаман,
Кетермен болса қыз жаман.
Атадан жақсы ұл туса,
Елінің қамын жейді;
Атадан жаман ұл туса,
Елінің малын жейді.
Жаманға айтқан ақылың —
Далаға атқан оқпен тең.
Талабы жоқ жас ұлың —
Жалыны жоқ шоқпен тең.
Жаман да болса ұрпақ қалсын,
Ошағыңда отың жансын.
Жақсы әке жаман балаға,
Қырық жыл азық.
Қатының жаман болса — бір қорлық,
Атың шабан болса — бір қорлық,
Ағайының жаман болса — мың қорлық.
Жаман туыстан
Жақсы таныс артық.
Жақыннан жаман жат жоқ.
Жақынның жаманын мақтама,
Көршіңнің ала жібін аттама.
Жақсы адам қартайса,
Жазып қойған хаттай,
Жаман адам қартайса,
Бықсып жанған оттай.
Жақсы жұмыстан
Жан рахат алады.
Жаман жұмыстан,
Көңіл қалады.
Жақсы ат — желіктіреді,
Жаман ат — зеріктіреді.
Жабыны жауға мінбе жалды екен деп,
Жаманмен жолдас болма малды екен деп,
Баласын қазан аттың бақпай қойма,
Жем түсіп аяғына қалды екен деп.
Жаман атқа жал бітсе,
Жанына торсық байлатпас.
Жаман адамға мал бітсе,
Жанына қоңсы қондырмас.
Жабыны жалды екен деп
Сатып алма,
Жаманды малды екен деп
Жақын қылма.
«Арық» деген жаман тай
Жазға шықса ат болар,
Жамандығың сезілсе
Жақын кісің жат болар.
Жақсының үйі түссе,
Күйі түседі,
Жаманның үйі түссе
Миы түседі.
Жаман көзден,
Жалған сөзден сақтан.
Би жаманы дауға алдырады,
Жігіт жаманы жауға алдырады.
Жақсы мақтанса, есебін табар,
Жаман мақтанса, қатынын сабар.
Жақсыға берсең асыңды,
Жақсы сыйлар басыңды.
Жаманға берсең асыңды,
Итке тастар басыңды.
Жақсы өзін қосып сөйлейді,
Жаман босқа бөсіп сөйлейді.
Жақсыны жаман десең, аққудай мойнын созады,
Жаманды жаман десең, аяғынан тозады.
Жақсыны сыйласаң есінен кетпейді,
Жаманды сыйласаң есігіңнен кетпейді.