meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Аңшының ажалы аңынан.
Жол жүргінді
Жұртты жайға жеткізеді.
Жол қуған қазынаға жолығады,
Сөз қуған бәлеге жолығады.
Жақсы жол
Ұзақ та болса — жақын.
Жаман жол
Жақын да болса — алыс.
Жол жүрсең,
Шабанға кіріптар қылмасын.
Жолдас болсаң,
Наданға кіріптар қылмасын.
Жол болмайды асусыз,
Той болмайды шашусыз.
Қолы кеңнің — жолы кең.
Жолға шықпас бұрын,
Жолдасыңды сайла.
Үй салмас бұрын
Көршіңді ойла.
Жолы болар жігіттің
Жөнге басар бәр ісі.
Жолы болмас жігіттің
Ілік іздер әр ісі.
Жолы болар жігітке
Жолдан жолдас қосылар.
Жұлдызы жанған жігіттің
Жүрсе, жолы болады.
Жарқырап оты үміттің
Желі оңынан тұрады.
Жұмысқа жұғымы жоқтың
Жолдасқа жылымы жоқ.
Үйде атан, түзде бурамын.
Жолға шыққан жолаушы
Жол амалын сұрайды.
Артта қалған ауылда
Ел аманын сұрайды.
Жолда жүрген май ішер,
Үйде қалған қан ішер.
Жол азабы — көр азабы.
Барымта
Барымтаға қарымта.
Жақсы таяқ
Жаман жолдастан артық.
Әңгіме жолды қысқартады,
Жоқшылық қолды қысқартады.
Жолдасың жаман болса,
Көңілің азар.
Жолдасың жақсы болса,
Күнде базар.
Аңшының кешіккенінен сүйін.
Жолаушының кешіккенінен күйін.
Барар жол ұзақ болса да,
Қайтар жол қысқа болар.
Жолдас,
Жолдассыз жолың болмас.
Жолдас,
Жолдасына жамандық қылған оңбас.