meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Жоқшылық — жүдетеді,
Бөз көйлекке — жібек жамау.
Кергіген кері кетер,
Кесірі түбіне жетер.
Тіршілік — түзетеді.
Жегенін білмейтін шұнай,
Жұтқанын білмейтін құмай,
Алғанын білмейтін құдай.
Сөз ауыздан кірмейді,
Құлақтан кіреді
Құлағың керең болса
Қаяқтан кіреді?
Сараңға саңыраулық қонады,
Есітсе де есітпеген болады.
Арық қазбасаң су келмейді.
Аяғын көріп, асын іш
Анасын көріп, қызын ал
Тістем нанның қадірін тарыққанда білерсің.
Анық достың қадірін зарыққанда білерсің.
Ағайынның аразы болса да, азары болмайды
Өткендерін ескерген - өскендіктің белгісі.
Өткендерін жек көрген - өшкендіктің белгісі.
Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді,
Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді,
Мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді.
Шегірткеден қорыққан егін екпес
Жас арқалағаннан
Тас арқалаған жеңіл.
Ебін тапқан екі асар.
Бәле қайда деме,
Аңламасаң, аяқ астында.
Құдай бергенге құлай береді.
Арсызда бет болмайды,
Азғында кек болмайды.
Отыз ұлың болса да
Әрқайсысының орны басқа.
Дау мен жау — ерге сын,
Көшіп-қонбақ — елге сын.
Адам — тастан қатты,
Гүлден нәзік.
Арсыз болса — қыз қорлық,
Ақылсыз болса — ұл қорлық.
Балаң жақсы болса —
Екі көздің шырағы.
Атың жақсы болса —
Бұл дүниенің пырағы.
Алған жарың жақсы болса —
Абыройыңның тұрағы.
Көп шайнаған
Қартаның дәмі болмас.
Жақыныңмен жауласқан
Жатқа мазақ болар.