meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Тұрлаусыз серт тұрпайы мүше тәрізді.
Есердің тобы екеуге жетпей тозар,
Ездің қайраты жау кеткенде қозар.
Ақылдының белгісі байыса аспайды,
Дәрежесіне таспайды.
Өтірік те, шын да ауыздан шығады: айырмасы айтылуында емес, мағынасында.
Өзің көтермейтін сөзді басқаға айтпа.
Өзінді өзің сыйламасаң,
Өзгеден сый дәметпе.
Нәрсізге назынды айтпа, сағың сынады.
Нәрліге ишарат етсең, айтпай ұғады.
Озбыр олжа үшін өледі,
Күншіл күндеумен бүледі.
Тымырық болса ер оңбас,
Тоңға жатса мал оңбас.
Ақыл — жас ұланнан,
Жүйрік — тай құнаннан.
Ойын сөзге шын төре.
Ақылдассаң шешерсің,
Ақылдаспасаң кем кесерсің.
Өнегелі отаудың өрісі кең.
Келіні жақсының керегесі алтын.
Сүйіктің жоқта дүние суық.
Ашу тұрған жерде, ақыл тұрмас.
Құтырғаннан құтылған.
Көргеннен көз ақы алады.
Ақылдан ашу көп болса, ақыл кетер,
Ашудан ақыл көп болса, ашу не етер.
Судың түбін шым бекітер,
Даудың түбін қыз бекітер.
Мал шөпке, адам сөзге тоқтайды.
Дария жанынан құдық қазба.
Бермес астан дәметпе.