meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Ақсақ та аулында ақсайды.
Асыл сөз – Жасыл теңіз.
Достыққа өштік жараспас.
Жаңбырдың басы – тамшы, арты – қамшы.
Көз көргенді қол сезбейді.
Бұрынғының айтқаны бұрыс кетпес.
Өнерлі өлмес, өнерсіз күн көрмес.
Алған сабағың біреу болсын, тоқуы мың болсын.
Ер - бас,
Қатын - мойын.
Қатының тентек болса,
Қамшың жуан болсын.
Үйіңде екі қатының болса ойран болар,
Екі сиырың болса айран болар.
Баланы - жастан,
Қатынды - бастан.
Жаман еркек той бұзар,
Жаман әйел үй бұзар.
Жақсы қатын үй дәулеті,
Жақсы шапан той дәулеті.
Елсіз көлге бақа айғыр,
Қатындарға жалшы айғыр.
Бәйбіше құдай бұйрығы,
Тоқал иттің құйрығы.
Екі қатын алғанның дау үйінде,
Жаман қатын алғанның жау үйінде.
Алты ұл тапқан әйелді ханым десе болмас па,
Аға деген жігітті жаным десе болмас па.
Жарың - жан жолдасың.
Жақсы қатын ырыс,
Жаман қатын ұрыс.
Ұятсыз қатын тұзсыз ас секілді.
Екі қатын ұрысса, ұрлығы мен қарлығын айтар.