meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керек.
Шошқа өле жатсада "құрқ" етерін қоймас.
Соқыр тауыққа бәрі бидай.
Өлмеген құл алтын аяқпен су ішер.
Бөрі де жолдасына қас қылмайды.
Аш кісі май таңдамас,
Кәрі қыз бай таңдамас.
Атан-түйе ойнаса жұт болады.
Етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?
Қатының долы болса, елдің тыныштығынан не пайда?
Қолға су құя алмаса да, ұялмайды.
Ажалдан басқаға араша көп.
Сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма?
Ісіңді біреу істесе, қолың қышып бара ма?
Жарлымен құда болғанша,
Байменен барымталас бол.
Жаудан құры қайтқанша жаралы қайт.
Ала алмаған атынан көрер,
Қайтып келіп қатыннан көрер.
Қартайып өлсең қапыл жоқ.
Жолаушының үлеспеген еншісі бар.
Қонақ "тоймадым" демес, "соймады" дер.
Арыстан айға шабамын деп,
Артқы аяғы мерт болыпты.
Жаяудың несібесін атты жемес.
Құдаңа бола құдайыңнан айрылма.
Жалақ кісі тілден жазар,
Таз кісі қолынан жазар.
Бояушыны бояушы дегенде сақалын бояйды.
Мезгілсіз шақырған тауықтың, басын жұлмақ керек.
Әркімнің өз қолы өзіне қарай бүкір.
Екі мақұл дауласса, сөздері асқар ала таудай болар.
Бір тентек бір ақылды таласса, атысқан жаудай болар.