meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Аз асын аяған
Көп астан құр қалар.
Аз бергенді көп көріп,
Көп бергенді көргенмін.
Қарындасты қас көріп,
Топ көргенді көргенмін.
Аз ғана игі іске көп рахмет айт.
Аз дәлелден көп мағына тәлім болады,
Уыс дәннен бидайдың қасиеті мәлім болады.
«Аз екен» деп жауыңа мұрсат берме.
Аз кісінің теңдігі бар да, төресі жоқ,
Жалғыз аттың астауы бар да, дересі жоқ.
Аз от алауласа, шаһар өртейді.
Аз өмір сабырмен өтеді,
Ақсақ үйіне асықпай жетеді.
Аз-аздан жиналса, көп болады,
Көп аздан жиналады.
Аз-аздан үйреніп дана болар,
Бір-бір тамшыдан жиналып дария болар.
Азаматтық жасай алмаған адам—
Бұл өмірге келмеген адаммен бірдей.
Азан айтпақ молданың ісі.
Азанда келген мал (байлық) кешке ізін табады.
Азат жанды құл қылайын десеңіз,
Шүлен тарат, қайтар содан есеңіз.
«Жомарт» ат берген ерге тағылады,
Ел-жұрты соған қарай ағылады.
Азға қанағат қылғанды
Барлық жерде сыйлайды.
Азған елге би болма,
Арыған атқа басаубіл болма.
Кемеңгердiң артынан көп ередi.
Ұлтарақтай болса да
Ата қоныс жер қымбат.
Ат төбелiндей болса да
Туып-өскен ел қымбат.
Туған жердiң
Түйе жейтiн жапырағы да дәрi.
Түйе аунайтын
Топырағы да дәрi.
Адамды заманы билейді.
Дүниеде бал тәтті,
Бала балдан да тәтті.
Баланың жақсысы сүйініш,
Жаманы – күйініш.
Тыста ұзақ жүргенің –
Ұзақ өмір сүргенің.
Қотыр қолдан жұғады,
Таз тақиядан жұғады.