meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Алыс болса да жол жақсы,
Соқыр болса да қыз жақсы.
«Алыс» деме, жүріп кетсең, жетерсің,
«Ауыр» деме, иыққа алсаң, көтерерсің.
Алыс жолдың іздерін түйе білер.
Алыс пенен жуықты білген, жүрген білер.
Алыс-беріс адал істе епшіл бол,
Жол ашылар, әр кезде де көпшіл бол.
Алыс-беріс қолынан,
Шығарып қояр жолынан.
Алысқа барса, олжамен оралар.
Алыстағы дұшпаннан
Аңдып тұрған орыс жаман.
Алғаш теріп жегенде (бұрын жеп көрмеген адамға)
Жүзім де қышқыл көрінеді.
Алды қозғалған керуеннің арты кідірмейді.
Алдыңғы тегершін қайда жүрсе,
Артқы тегершін сонда жүрер.
Алдырған анасының қойнын ашады.
Алла деген ар болмас,
«Алла» деген бенделер
Ешнәрсеге зар болмас.
Аллаға жағамын десең,
Азаның болсын.
Пендеге жағамын десең,
Қазаның болсын.
Алланың алдында арамтамақтың қолы дірілдейді.
Алланың берейін деген құлына
Онан-мұнан құралар.
Бермейін деген құлының
Жалғыз атын ұры алар.
Алпыс батпан көтерген кісі
Бес батпан қосқаннан қорықпайды.
Алпыстан асқан атаңнан ақыл сұрама.
Алты ай от болып,
Айырылар күні боқ болма.
Алтын — жай тас, босқа жатқан жердегі,
Қазып алса — бек тәжінің өрнегі.
Алтын сырға құлақты ауыртады,
Алтындаған етік аяқты ауыртады.
Алтын-күміс жиғандар үй салады.
Алтын-күміс әманда таспен бірге жүреді.
Алтынның қолда барда қадірі жоқ.
Алтынның құны түспейді,
Тастың бағасы артпайды.