Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» романы 2-сабақ (8 сынып, III тоқсан )

 Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» романы 2-сабақ  (8 сынып, III тоқсан )

Пән: Қазақ әдебиеті
Бөлім атауы: Махаббат және абырой
Сабақтың тақырыбы: Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» романы 2-сабақ
Осы сабақ арқылы жүзеге асатын оқу мақсаттары: 8.А/И1.Композицияны тұтастан бөлшеккке, бөлшектен тұтасқа қарай талдау.
Сабақ мақсаты:
Шығарма композициясын біледі;
Шығарма композициясын тұтастан бөлшеккке, бөлшектен тұтасқа қарай талдай алады.
Сабақ барысы:
1-сабақ
Қызығушылықты ояту
Оқы, жұпта талда.
Композиция(лат.-құрастыру, шығарма) -көркемөнер туындысының құрылымы, оның жанры мен мазмұнына орай құрамдас бөліктерінің тұтастығы. Композиция - құрамдас бөліктері бірлікте ұштастырылған, бір-біріне және жалпы мүддеге бағындырылған мақсатты көркем құрылым. Композиция тектері "орнықты", "айнымалы", "ашық" және "жабық" болып бөлінеді. Композицияның орнықты және жабық тектері Қайта әрлеу дәуіріндегі өнерде басымырақ қолданылды, ал айнымалы және ашық тектері барокко стилінен айқын көрініс тапты; Композицияны түрлері:-сюжеттің басталуы (уақиғаның басталуы),-шығарма ішіндегі уақиғалар байланысы,-уақиғаның шарықтау шегі,-уақиғның аяқталуы (шешімі).
Сюжет (фр.-зат) - өзара жалғасқан оқиғалардың тізбегі, біртұтас желісі. Сюжеттің негізі - өмірлік тартыс, конфликт, кейіпкерлердің қарым-қатынасындағы қақтығыс. Ол тартыс, конфликт - әр түрлі адамдардың көзқарасындағы қарама-қайшылық. Мұндай кайшылықтар әр түрлі әлеуметтік топтардың ымырасыз күресі, таласы үстінде қандай айқын бой көрсетсе, сонымен қатар, баяндалған оқиға, жағдайларға кейіпкерлердің әр түрлі қарап бағалауынан да жақсы аңғарылады. Кейіпкерлердің қақтығысы қалайда қоғамдық өмірдегі күрес-тартыспен қабысып жатады, жеке адамдардың іс-әрекетінен, тағдырынан оқырмандар заманның, дәуірдің шындығын көріп, әлеуметтік қайшылықтардың сырын ұғады.
Мағынаны тану кезеңі
1-топ тапсырмасы
Үзіндіге дейін үзіндіден кейін қандай оқиға болды?
Үзіндінің роман композициясында алатын орны қандай?
... Сондай шырын шақтарда ең алдымен ата-аналарымның бейнесі елестейді. Солардың уағызы басымырақ бола береді...
Өйткені есейе келе көрген көп ұстаздарым талай-талай тағылымға бой ұрғызғанымен, солардың бірде-бірі нақ өзімнің әжемдей, әке-шешем мен ауылдың қадірлі ақсақалдарындай өсиет айдынына жүздіре алған жоқ, молынан құлаш сермете алған жоқ десем, ардақты ұстаздарымның көңіліне келмес. Бұл сезім өзіме қанымның тартқанынан немесе жақыныма сезімімнің бөлектігінен, әлде ата-анаға деген парызымның молдығынан ғана туып отырған жоқ. Өмір шындығының өзі ақиқатқа бас ұрары даусыз. Дүние тарихы. жаратылыс шежіресі, жан-жануар болмысы жайлы алғашқы әңгімені әжемнен естігенімді, адамзат қауымының қалыптасуы туралы тұңғыш мағлұматты әжемнен алғанымды қалай ғана ұмытармын... Иә, әлемнің пайда болуы, тірлік дамуы, адамзаттың шығуы, өмір жайлы шынайы сезіммен азаматтық тұрғысындағы жан баурайтын аңыздарды айтқан; ненің жақсы, не жаман екенін, нені сүйіп, неден аулақ жүруді үйреткен; ар заңының, әдеттің жинағынан алғашқы тарауларды таныстырған да, ең алдымен, ата-ана, ағайын-туған еді. Әрине, ол кезде мен де өзге сәбилер сияқты әжем айтқан ертегі мен аңыздардың түпкі байыбына бара бермейтінмін, әке әңгімесінің өсиетін ұға бермейтінмін және үлкендердің талай-талай өнегесін орындай бермейтінмін... Ол кезде мені қызықтыратыны ертегі-аңыздардың ғажайып оқиғалары еді... Енді, міне, есейіп ер ағасы болғанымда ойласам, мен сол әңгімелерден адамзат өресінің өрісін тани берген екем ғой...
2-топ тапсырмасы

Үзіндіге дейін үзіндіден кейін қандай оқиға болды?
Үзіндінің роман композициясында алатын орны қандай?
Менің ұстаздарым әріптен бастап буынға дейін, сонан соң ақ қағазға қаламмен өрнек жазуға дейін үйретті. Келе-келе жүйелі оқып. есепті жүйрік шығаруға қол жетті... Ал өмірдің өзі ше? Осынша ғұмырымның ішінде түрлі-түрлі күрделі жағдайда; толқымалы тоқсан сырлы кезеңде кездесіп дидарласқан, тағдырлас болған, табақтас болған адамдар ше? Мамыражай сәттерден мазасыз майданға көшіріп, көбік шашқан өмір дариясының бір толқынынан екінші толқынына аямай лақтырған уақыт ше? Осының бәрі де менің тірлігімдегі тірек болған, жүрек болған, қол ұшын берген, қорған көрсеткен ұстаздарым деп білем. Осындай уақыт талқысы ғана. өмір өткелдері ғана, тірлік тізбегі ғана менің әжемнен үйренген «жақсы», жаман», «мақұл», «ие, мақұл» деген сөздердің байыбына терең бойлата алды.
Әжемнің «осылай болған екен» деген сөздері мені бірде ғасырлардың шыңырауына сапар шектірсе, бірде құс қанатындай демеп ілгері ұмтылдырды, биікке самғатты...
3-топ тапсырмасы
Үзіндіге дейін үзіндіден кейін қандай оқиға болды?
Үзіндінің роман композициясында алатын орны қандай?
Осы сәтте үйдің шаңырағынан бір қарлығаш ұшып кірді. Мұны сезген ұядағы шақалақ балапандар аузын ашып қорек тілей бастады. Бәріміз де төбеге қараппыз. Қарлығаш төбедегі ұясының шетіне жайғасты да, балапандарын кезектеп жемдей бастады. Алғашқы шақалақтың аузына жем тастап жіберген қарлығаш қайта ұшты. Қарлығаштың аспанға тік атылып, канат қақпай қайтадан төмен құйылғаны шаңырақтан айқын көрініп тұр. Көп ұзамай ол екінші балапанға жем әкелді. Осылайша қалқып ұшып, қайта кіріп қанаты талды ма, ақырғы балапанын жемдеген қарлығаш енді ұя аузында отырып тарана бастады. Шіркіннің сүйкімдісін-ай. — Фью-ю! —деп ысқырып жібердім де, әжемнің сабауын ала салып, қарлығашқа сілтеп үркіттім.
— Е-е! Жаман бала болмасаң етті! Бұзақының тірлігі ғой мынауың, — деп әжем қолымнан ұстай алды. — Қарлығашқа неге тиесің? Бұл киелі құс екенін, адамның досы екенін білмеуші ме ең, сен бейбақ? Балапанын емін-еркін ұшырып, бақытын тапқанша, бұл құс менің үйімнің төріндегі ең қадірлі қонағым ғой... Қонағыма қол көтергенің — менің де сыйламағаның емес пе, шұнағым, — деп ұялтып тастады.
Қыздар мені мұқатқанына мәз болып күліседі. Сонда әжем мені бауырына тартып, маңдайымнан иіскеп былай деп еді:
— Қоя қой, құлыным. Кел, алдыма отыршы, мен саған қарлығаштың құйрығы неге айыр болғанын, масаның тілі неге жоқ екенін айтып берейін.
4-топ тапсырмасы
Үзіндіге дейін үзіндіден кейін қандай оқиға болды?
Үзіндінің роман композициясында алатын орны қандай?
Әжемнің қасына отыра кеттім де, жүн шашып ойнай бастадым. Кіші әпкем түйдекті жұлып алып итеріп жіберді. Қатты ызаланып мен оны «маймылсың» деп келемеждедім. Әпкем өкпелеп жағымнан тартып жіберді.
— Неге маймыл дейсің?
— Өйткені сен маймыл — мешін жылы туғансың.
— Ал онда сен доңызсың. Өйткені сен доңыз жылы туғансың! — деп әпкем маған тілін шығарып келеке етті. Мен шыдап тұрайын ба, ызаға булығып әпкеммен жұлқыса кеттім. Әжем мейірлене күліп, екеумізді арашалап жүр.
— Құрманкүл қай жылы туған? — деп сұрадық біз.
— Тауық жылы, — деді әжем.
Құрманкүл тұлымы желбіреген жіп-жіңішке нәзік қыз еді.
Бәріміз енді оны «жүнін жұлған тауық» деп мазақтадық.
Құрманкүл сөз таба алмай жылап жіберді...
Сонда ғой, әжемнің бәрімізді отырғызып ыстық күлше үлестіргені. Сөйтіп өзі ортаға отырып алып әдемі аңыз айтып еді-ау.
5-топ тапсырмасы
Үзіндіге дейін үзіндіден кейін қандай оқиға болды?
Үзіндінің роман композициясында алатын орны қандай?
Әжем өзінің кейбір көңілсіз сәттерінде бізді қасына отырғызып алып аңыз-ертегілер айтушы еді. Бәлкім осындай әңгімемен көңіліндегі көмескі, көлеңкелі сәттерді қуатын шығар. «Балаларым, құлақ салыңдар» деп бастайтын әжем.
— Бұл тәңірінің жер бетінде тірлік орнатқаннан кейін болыпты. Ол кезде жаратушы адамзатты жарылқап, топан суынан да сақтаған екен, — дейтін әжем. — Адамдар «тәңір жарылқасын» деген сөзді, алғыс айтуды білмесе керек. Күннің жылуын, самалдың шипасын, айдың ақ сәулесін, жер жемісін керегінше пайдаланғанымен, бірде-бір іш жылытар ықыласты сөз айтпапты... Сондықтан қажыған Күн Алла Тағалаға арыз айтыпты:
— О, жаратқан ием, дамылдауды білмей, сабырлауды білмей, ұйқы көрмей, күлкі көрмей тірлік үшін қызмет етем. Дүниенің түкпір-түкпіріндегі кеудесінде жаны бардың бәрін шуағыммен қыздырам. Бір тал шөбінен бастап, жер бетінің бәріне шұғыла төгем. Таң сәріден арай шашып ғаламды түнектен арылтамын. Бәріне нұр беремін. Жарқырап көрінгенімде, тірліктің бәрі жадырайды, күледі, қуанады, жұбанады. Суықтан тоңғандар жылынады, жауыннан мас болғандар денесін құрғатады. Ал өзің өмір берген дүние бой жазып керіліп, сәулеге көміліп, гүл шашағы өріліп мамыражай күйге енеді. Мен түн мен түнек сияқты дүниеге ауыр зіл, қоңырқай түр әкелмеймін. Мен өзіммен бірге күлкі мен қуаныш әкелем. Мен барда қар еріп, сай-сала сылдыраған бұлаққа толады. Мен барда бұтаққа бұлбұл қонады. Бірақ осыншама баға жетпес еңбегімді елеп бірде-бір тірлік иесі алғыс 'айтқан емес. Мұндай әділетсіздікке шыдар шама қалған жоқ. О, тәңірім, сондықтан мені бұл азабыңнан босат. Тыным бер, аздап тынығайын!
— Бара бер. Баяғы қызметіңнен танба, — депті Алла Тағала Күнге, — мен сенің баға жетпес еңбегіңнің алғысын немен өтеуді ойланайын...
Күн кеткен соң Алланың алдына Ай келіпті. Жадырай күліп, жарқын сөйлепті:
— О, тірліктің тірегі, бар әлемнің жүрегі — жаратушы ием, өзіңе тілекпен келіп тұрмын...
— Неден тарықтың, неден түңілдің, түн еркесі — алтын Ай.
6-топ тапсырмасы
Үзіндіге дейін үзіндіден кейін қандай оқиға болды?
Үзіндінің роман композициясында алатын орны қандай?
Қонақтар көп жатпады. Ертеңіне жолға жинала бастады. Көкемді әкетуге арнайы келген екен. Көкем бұрынғыдай емес, тіптен жуасып қалыпты. Айналсоқтап әкеме жалтақ-жалтақ қарайды. Серкебай нағашым өзі атқа нығарланып отырып алған соң, баяғы әмірлі үніне көшті. Тіптен қатуланып алған. Көкемді қамшымен екі-үш салып қалды да ақырып жіберді.
— Жаман күшікше неменеге жалтақтап тұрсың? Ұзатылатын қыздай сызыла қалыпты ғой, қызталақ. Мен саған әлі көрсетермін. Ауылға барған соң екі аяғыңды бір етікке тықпасам ба. — Сөйтті де әжем жаққа алара көз тастап, тістене сөйледі. — Балаңның сүйегі ғана сенікі, әжеке! Қалғанын өзіме жіберіңіз бұл тентектің...
Көкем әжем жаққа соңғы рет жалынышпен қарап еді, әжем де шыдай алмай даусы дірілдеп кетті...
— Қайдан білейін, шырағым. Сүйек өзіңдікі ғой әйтеуір. Адам етсең болғаны да. Серкебай үзеңгіге шіреніп тұрып бізбен қоштасты да, ат басын ауылына бұрды. Соңынан ат үстінде иығы салбырап еріксіз адамдай көкем еріп бара жатты. Бұрынғы өжеттігінен, қайсарлығынан, жігерінен жұрнақ та қалмағанына бәріміз де таңдандық. Жат қолға түскендей жабығып кете берді. Әжем соңдарынан ұзақ қарап тұрды да, жанарына үйірілген жасты жаулығымен сүртті.
Тәңірім жолыңды оңғара көрсін, құлыным! — деді ол ұлына арнаған тілеуін болар-болмас күбірлеп.
Әр топ өздерінің ойларын ортасынан бір спикер дайындап, әр түрлі формада қорғайды......


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру