Сатиралық ертегі: Құлақай

Сатиралық ертегі: Құлақай

Құлақайдың әкесі елге беделді адам болса керек. Мекені – Тарбағатай тауының алқымы, «Саршоқы», «Аршалы» деген жерлер. Сол уақыттағы дәстүр бойынша Құлақайдың әкесі күз болып, мал семірген уақытта маңындағы елдерге жата-жастана қонақтайтын әдеті екен. Құлақайдың сегіз-тоғыз жастағы кезі. Әкесінің алты ұлының ең кішісі де осы – Құлақай. Сондықтан да оны жасынан-ақ еркелетіп, бетін қақпай өсіріпті. Әкесі қайда барса да, өз қасынан қалдырмапты. Ел ішінің беделді адамы, атақты рудың баласы болғандықтан, Құлақайдың әкесін елі құрметтейтін. Өзі жоққа нанғыш, байлығы болмаса, момын адам еді. Сүйтіп, жас Құлақай әкесімен қонақтап жүріп, барған үйінен үнемі құлақ (малдың) жеп, оның тәттілігі жас баланы кәніктендіреді. Жасы жеткен адам болғандықтан да, қай үйге барса да, бас Құлақайдың әкесінікі де, құлағы – баласынікі. Көбінесе, ағайын ішіндегі бір ауылдың, қалса, бір елдің ақсақалы болғандықтан, бір үйден екінші үй өздері–ақ құрметтеп әкететін. Оған деген бір малдары ертеден арнаулы.
Құлақай жасынан-ақ бір бетті, көңілге алған ісіне тиянақты, көпшіл болды. Өзімен замандас балалардың ортасында әр нәрсеге ыңғайлы, қолынан іс келетін қабілеті күшті еді. Ең аяғы, ауыл балаларын әртүрлі ойынға ұйымдастыратын да осы Құлақай болды. Онсыз ойындарының беделі болмайтын, қызықсыз өтетін.
Әкесі бертін келе қартейеді. Жасы өсіп, ақылы кіре бастаған Құлақай да әкесімен ілесіп, әр үйде қонақтауды мінәжіп етпеді. Өзінше ұят көрді. Оның орнына ауыл балаларымен бірге қозы-лақ бағу қызық көрінеді.
Бір күні әкесімен құрбылас [адамдардың] бес-алты балалар[ы]мен асық ойнап отырғанда, қозы–лақтарына қасқыр шауып, сол ауылдағы атақты бай Мүрсәлімнің бес қозысын жаралап, үш қозысын қасқыр алып кетеді. Мүрсәлімнің бәйбішесі Қанымжан қозыға шапқан қасқырдың әрекетін естуі-ақ мұң екен, Құлақай мен Серік деген жетім баланы таяқтың астына алып, қозыға қасқырдың шабуын бұлардан көреді.
Мүрсәлімнің қозышысы – Серік. Қанымжан бәйбіше қарғап-сілеп, жатарда беретін бір тостаған ащы іркітін де бермеді. Ұйқыда жатқан Серікті таң сәріден жабу арасынан тауып алып, үстіне бір шелек суық су құйып, қаперсіз жатқан баланың зәресін ұшыра оятып, қой артынан қозыны да өргіздіріпті. Қозы бір белді асқанша, бәйбіше де екі көзін сол жақтан аудармады.
Құлақай Серікті өте ұнататын. Жетімдігінен басқа міні жоқ деп есептейтін. Балалар ішінде екеуі өте сырлас, тату еді. Құлақай ауылға беттеген қозы алдына шықты. Серік оған күндегідей емес, жүзі баяу. Кейістің көлеңкесі бар бетінде. Құлақай оның мәнісін сұрап еді, қозы-лақтың өткен күнгі жамырауы, кешегі қасқырдың қозыға шабуы, сол үшін бәйбішенің шекесін жарып, бір сөтке тамақ таттырмауын айтып, мұңын жолдасына шаққандай болып, көзінің жасын іркіп-іркіп алды.
Құлақайдың бәйбішеге деген ыза кегі қайнады. Бірақ ол жерде Құлақай да, Серік те ешнәрсе демеді. Құлақай үйіне келді. Киіз үйдің ішіндегі шидің есігін ашты. Екі қалтасына құрт пен ірімшікті толтырып алып, суатқа қарай суға кеткен Серіктің артынан барып, қалтасындағы тағамдарын берді.
Арада бірнеше күн өтті. Құлақай балалардың ақсүйек тастау ойынынан келе жатып, кілт тоқтай қалды да, қайта ілгері аттады. Оның ой түйіні шешілгендей болды. Ел тегіс ұйқыда. Сол бетінше қора ортасындағы көген басына келді. Көгендегі қозы-лақтарды ағыта бастады. Желідегі бұзауларды да босатты. Сүйтіп, Мүрсәлімге қарасты алты-жеті ауылдың төлін түгел босатты. Ауыл адамдары бұл істі көпке дейін сезбей жүрді. Бұл іс күн санап, шиеленісе берді. Малшыларға бәйбішелер нанбай, өз көздерімен қозы-лақтарды көгендетіп, түгендейтін болды. Бірақ та қозы-лақ, бұзаулардың таңертең енелерімен бір жүруі әдетке айналды. Құлақай бұл істі өз үйіне де істеп қояды. Үйткені, оқиғаның мәнісін басқаларға сездірмеу. Міне, бұл іс күн санап, өріс алып, мал төлдерінің түн ішінде қосылып кетуі ақсақалдардың айтуы бойынша, Құдайдың құдіретімен істеліп тұрған болып шықты. Үйткені, үлкен-кіші Құдайға құлшылық ету дегенді міндетім демейді. Малға (закат) садақа беруді, Құдайға құлшылық етуді халық ұмытты деп, молдалар шықты. Сайып келгендегі істің түйіні құдайға құлшылық етіп, тасаттық садақа беруді ұйғарды. Ауыл болып, үй басы мал шығарып, оны сойып, садақа берісті. Ауыл болып, сойылған малдың етін жесті. Құлақай да бірнеше малдың құлағын жеп, Серік сияқты балалар етпен бірге сорпа-су ішіп, оларға кішігірім тойдай болды. Құлақайдың іш пікірі ішінде. Бірақ мұнымен іс бітпеді. Төлдер бірге жатуын қоймады. Құлақай да күнделікті байырғы әдетін қоймады.
Күндерде бір күн ауыл әбден ұйқыға кеткен мезгіл еді. Желідегі қозылардың арасына келіп жатқан Құлақайды ауыл жігіттерінің бірі көріп қалады. Бірақ Құлақай оны аңғармайды. Ептеп қозы-лақтарды ағыта береді. Осы мезгілде бір қозы мойнынан көгені босауы-ақ мұң екен, маңыраған бетімен енесіне қосылады. Оның дауысымен мойнынан көгені босанған барлық қозылар шулап, енелері маңырап, у да шу болып, Құлақайдың көген арасынан тұра жөнелгенін әлгі жігіт әбден аңғарып, таниды. Оны қорқытпақ болған жігіт:
– Әкеңе айтайын ба, не істеп жүргеніңді? – дейді.
Оған Құлақай ешнәрсе деп жауап та қатпады. Үйіне келеді де, жатып қалады. Таңертең ерте тұрады да, кебежедегі асықтарын алып, жолдас–ауылдас балаларын ертіп, асық ойнауға кетеді.
Жігіт түндегі көрген-білгендерін ауыл адамдарына, ауыл адамдары Құлақайдың әкесіне айтады. Әкесі бұл сөзді естісімен баласының ісіне ашуланып, қолына таяғын алып, ауылдың сырт жағындағы бір топ асық ойнап жүрген балаларға келіп, Құлақайды жуан қара таяқтың астына алмай ма кеп. Өз ісі өзіне аян Құлақай топ баладан жырыла қашқан беті ауыл малдарының су ішетін таққай атқысы (суаты) деген қорыққа таман қашпасын ба? Әкесі соңынан қалар емес. Қуып келеді, сол-ақ екен Құлақай су жағасына барлық киімдерін шешіп, әкесі келе бергенде:
– Ал, әке, хош, сорлы шешеме сәлем айт, – дейді де, қара суға күмп беріп, сүңгиді де кетеді. Әкесі аң-таң. Ешбір дыбыс жоқ. Су бетіне шығар, бір дыбыс берер деп үміттеніп еді, бірақ Құлақай шықпады. Ары-бері күтті, дыбыс жоқ. Әбден күдерін үзгендей болған кезде екі көзінен аққан жас сақалынан сорғалап, баласының киімдерін алып, үйіне қайтады. Ауыл адамдары суға ошақ салады, Құлақайды су астынан іздейді, таба алмайды. Әкесі «ой, бауырым» салады.
Ал, Құлақай ше? Суға алғаш күп беріп түскен бетінде су астымен малтып, судың ортасындағы жағадан жетпіс метрдей қашық шоқ қамыстың ортасына еніп, судың ар жақ жағасына қамыс қалқасымен шығады. Оны әкесі аңғармай қалады. Келген бетте-ақ оның екі көзі баласының суға сүңгіген жері болды. Сол жерден шығар деп, көпке дейін үміттенді.
Түн ортасы, ел аяғы басылды-ау деген кезде Құлақай су жағасындағы ұзын қамыстан бір қамыс жұлып алып, ұзын түтік жасады. Ішіндегі өзегін түсірді. Содан үйіне таман аяңдап, бет бұрды. Өз үйінің қасына келді. Киіз үй жабығынан сығалады. Көрші үйлердің үш-төрт әйелі отыр. Бәрінің жүздері баяу, өте жабыраңқы. Әкесі таяғын маңдайына тіреп, қалғып кетіп, қалғып кетіп отыр екен. Шешесі оң қолын жағына тіреп, анда-санда бір күрсінеді, өксіп алады.
Құлақай киіз үйдің жабығынан түтігін сұқты. Әкесінің құлағына таяды да: «ей, шал!» – депті. Дыбыстың қайдан шыққанын еркін аңғармады да, жан-жағына қарады. Болмаса, құлағы құрғырға әлде не жаңғырығады деді ішінен.
– Балаңды өзіңе берейін, бұдан былай ұрмайсың ба? Әкесі қайта елеңдеді, үйдегілерге білдіртпей, сыртқа шығып, үйдің артын қараған болды. Сонда да дыбыс жоқ. Ешнәрсе көре алмады. Құлақай осы уақытта екінші бір үйдің қалқасын тасалап тұр.
Әкесі үһлеп, не екенін түсінбей, қайта келеді. Оның артынша Құлақай да іле-шала үй жабығынан сығалады да, шешесінің құлағына қамыс түтігін таяп тұрып:
– Ей, кемпір, балаңды әкеп берсем, әкесіне ұрғызбас па ең?
Бұл сөзді естіген Құлақайдың шешесі таяғына сүйеніп, әлденелерді айтып, ернін жыбырлатып отырған шалына:
– Құдай тағаланың өзінің құдіреті, өзі берген баласын өзі алып, көз жасымызға қайта берейін деп тұрған ғой. Барлық кесел өзіңнен. Құдайдың ен даласы құрығандай, су ішімен қуып, су иесі Сүлеймен қамқорлығына алмасын ба жас нәрестені?
Шал-кемпір өзді-өзі осылай дауласып отырғанда әкесінің құлағына екінші рет:
– Балаңды әдейі өзім әкеп тұрмын, бұдан әрі ұрмайсың ба, өз еркіне жібересің бе? – дейді.
Бұл сөзді естіген шал сыртқа жүгіре шығып, аспанға қарап, алақанын жаяды.
– А, Құдай! Рақым ет құлыңа, егер баламды көзіме көрсетсең, бетіне қарап, сөйлеп, етіне таяқ тигізбес ем, – деп, өзінен-өзі жатып қалған елдің түн тыныштығын бұзып, айқай салды. Бұл айқайға ауыл оянып, «баласының күйігі ғой, жынданған ғой» деп, екі жігіт қолтығынан сүйеп, үйіне әкелді.
Дәл осы уақытта денесін қамыспен сызып-сызып, өн бойына батпақ жағып, үйіне кіріп келеді. Үй ішіндегі бөгде адамдар да үрпиісіп, таңғажайып бұл адамзат баласынан жөн сұрайды.
– Суға күп беріп, түскенімді ғана білемін. Одан соңғы не болғанымды түсінбеймін. Бір шал бұта-бұтаның арасымен жүрмес еркіме қоймай, «әкең шақырады, шешең сағынды» деп, осы есіктің алдына әкелгенін ғана білем. «Бармаймын үйге, әкемді көрсем, денем түршігеді, тағы ұрады ғой» – деп ем, «әкеңе сөйлестім, бетіңе қарап сөйлемеуге, етіңе таяқ тигізбеуге серт етті» [деп], осыны айтты да, әлгі ақсақалдан айрылып қалдым, – депті.
Үй ішіндегілердің барлығы да жағасын ұстады. Сорлы шешесі баласының үстіне кеп, құлап түсті.
***
Құлақай Есеналы деген рудың Қасқырбай деген байымен бір жиында сөзге келісіп қалса керек. Сөз аяғы шиеленісе келе, жесір дауы, барымта алуға дейін барған.
Арада бірнеше күн өткеннен кейін қасына оншақты жігіт ертіп, Қасқырбай аулынан жылқы алмақ және келемеж, ақымақ ету ниетімен аттанады. Одан алған жылқыларды ауыл кедейлеріне үлестірмек болады. Бірақ күзет өте қатты екен, жылқы ала алмайды. Содан жолдастарымен ауылға таяп келіп, таң да атуға таянып, шығыс жақ түріліп келе жатқан уақыт болса керек, бай ауылына жалғыз өзі келіпті.
Ауыл ақсақалдары таң намазына тұрып, кейбір малжанды бәйбішелердің тұра бастаған мезгілі еді. Құлақай келген бетте сәлемдескен соң:
– Найман елінен келе жатқан көптеген адам едік, мына Тарбағатай тауы құлағалы тұр дегенді естіп, соған тіреу тірейік деп, шығып едік, жолдастарымның аттары болдырып, азықтары таусылып, далада қалды. Соған не көмек көрсетесіздер? – депті ғой.
Сонда ауыл ақсақалдарының ішінен бір кәрия:
– Е, ол Тарбағатай болғалы қашан, мүмкін құлауға?.. Астының шіритін уағы жеткен шығар, – депті.
Ауыл адамдары бастығы Қасқырбай болып, Құлақайға оншақты ат жинап беріпті. Ішінде Қасқырбайдың қос күреңі де бар. Он атты айдаған Құлақай:
– Дайындала беріңдер, біраздан соң біз де келіп қалармыз, – деп, жүре беріпті.
***
Құлақай бір күні келе жатса, ауыл арасынан садақа жинап жүрген бір қарт адамға жолығады. Қарттың ішерге асы, киерге киімі жоқ, мүсәпір адам екен. Оны үйіне ертіп келе жатқан Құлақайға ол:
– Қарным ашты, – десе керек. Оған Құлақай:
– Біздің ауыл әлі талай жер, сіз қолыңыздағы дорбаңызды маған беріңіз, мені осы арадан күте тұрыңыз. Сізге мына ауылдан тамақ әкеп берейін, – дейді. Құлақай таяудағы бір ауылға келді. Бірақ ыңғайлы ешнәрсе кездеспеді. Шеткерірек отырған бір үйдің жер ошағынан от жылтырайды. Жылтыраған отқа таяп келсе, бір кемпірдің қазан ішінен ет алып көріп, аударыстырып отырғанын көреді. Бір уақытта кемпір үйіне ене бергенде, аңдып тұрған Құлақай етімен қазанды көтере жөнеледі. Демін алып, пісіп тұрған ет екен, сорпасын жерге төге салады. Кемпірдің жер ошақтағы қазанға қайта оралуы да, оны іздеуі де өте тез болса керек. Ай жарық, қазан көтеріп бара жатқан адам да тез көзге шалынады. Құлақай қатты жүгіре, аяңдай басып, мойнына ілген дорбаға етті салып келеді.
Әйелдің дауысымен қой күзетшілерінен екі-үш адам кемпір нұсқаған жаққа қарай тоқталмастан жүгіріп келеді. Құлақайға қуғыншылар өкпе тұсынан келе айқасады. Оларға Құлақай:
– Сендердің ойнайтын кісілерің мен емес, қазан сынады, жаман болады, – дейді. Тыңдамаған қуғыншылар айқаса келіп түскенде, Құлақай:
– Әкелеріңнің құны кеткендей жүгірмесеңдер де болады ғой, қазан сынады десе де, болмайсыңдар ғой, – деп, үлкен бір қара тасқа қазанды періп кетіпті ғой.
Қуғыншылар аң-таң. Құлақай өз бетінше жүріп кетіпті. Содан айтулы уағдалы жерге келіп, шалға тамақ беріп, үйіне апарып, киім-кешек, әртүрлі сый, құрметтер көрсетіп жіберсе керек.
***
Бір күні Құлақай қой ұрламақшы болып, қораның ортасында жатқан қойға кіреді. Ел түгел жатпағандықтан, көгендегі қозылардың арасына келіп жатса, қой күзетшісі ұстап алыпты. Ұрады. Ел де жиналып қалады. Құлақайдың қолын байлап, жөнін сұрайды.
– Кімсің? Не ұрламақсың? Жолдасың бар ма? – десе, оларға Құлақай «Әринеден» басқа ешнәрсе айтпайды.
– Атың кім? – десе де, «Әрине», – дейді.
Содан ауыл адамдары:
– Дені сау адам емес қой, қоя берейік, – деп, Құлақайды қоя беріпті.
Былай шыға салып, Құлақай:
– Қойға келген ұры едім, әринемен құтылдым, – деп, айқай салыпты.
***
Құлақай көршілес ауылдағы қыз ұзату тойынан таң ата қайтып келе жатса, өз үйінің сары атанын Масалы сайынан жетектеп, бездіртіп бара жатқан бір кісіні көреді. Түйе жетектеушінің ұры екеніне түсіне қалған ол ұрының алдын ала бірнеше қырқаларды асып, осынау жерден жүреді-ау деген мөлшермен оның жолын тосады. Тау ішінің жалғыз аяқ жолы өзіне белгілі. Қайтсе де, ұрының Масалы сайымен жүретіні күмәнсіз. Басқа жерде ол кете қоятын дағдылы жол жоқ. Сондықтан ол Масалы сайының бір белесінің астына атын байлап, киімдерін түгел шешіп, денесінің әр жеріне батпақ жағып, ұрының алдын тосып, тұра қалады. Сары атанның сыры өзіне мәлім. Мыңқ етіп, дыбыс шығаруды білмейді. Ұры да белгілі жерден өте бергенде жанасалап, қосыла кетеді.
Ұрының беті – «Қызыл тас», «Өкпеті» жақта. Таңның салқын самал желі. Күншығыс жақ түріліп, таң белгісін беруде. Даланың жыршы құстары атар таңды қошеметтеуде. Түйемен бір-екі минуттай қатарласа желіп отырып, оның ұзын қара бұйдасын қиды. Бұйданың бір ұшы – ұры қолында. Екінші ұшын Құлақай аузынан тістейді. Түйе бұйдасы қиылған жерде қалды. Құлақай да ұры артынан жетектеліп, желіп келеді. Әлден уақытта түйе қарасын үзіп, бір белесті асып түскеннен кейін аузына тістеген бұйдасын тісімен тартып, табандап тұра қалады. Түйе жетектеуші артына қарауы-ақ мұң екен, атты борбайға салып қалып, безбесін бе? Құлақай да бір бел асқанша артынан шамасынша жүгіріп бақты.
Қарасын үзген ұры үйіне жетер-жетпесте-ақ аттан құлады.
– Не болды? – деген адамдарға даланың «кісі киігі» қуып, ат құйрығынан әне ұстап, міне ұстап жүргенде, Алла тағаланың жар болуы. Зорға құтылдым, – депті.
Содан шошынған ұры екі ай төсек тартып, жатып алыпты.
Ал, Құлақай ше? Ұрының зәресін ұшырып, қайта келіп, атына мініп, киімін киіп, түйесін алып, үйіне келіпті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру