Бақытсыз бай

 Бақытсыз бай

Ертеде жалғыз басты бір бай өмір сүрді. Оның туысқаны да, баласы да жинаған мал мүлкі мен ақшасы еді. Соларды баладай мәпелеп күтетін. Бір күні ол жалшысының көңілді күлкісін естіп оның үйін айналшықтап тың тыңдады. Бірақ мардымды ештеңе ести алмады. Ол ертесіне жалшыны түннің ортасына дейін босатпай әбден жұмысқа салды. Бірақ кешегі күлкі тағы қайталанды. Дегбірі қашып шыдамсызданған бай енді “мынау менің қазынамнан ұрлап жүр, сол үшін үйіне барып мәз болып жатыр” деген жаман ойға кетті. Ол жалшысының есігін бір теуіп кіріп барды. Сөйтсе жалшысы екі баласын арқасына мінгізіп алып, өзі ат болып ойнап жүр екен.

— Ақымақ, бүгін қиралаңдап дұрыс жұмыс істемедің! Түнімен мына мұрынбоқтарыңды ойнатамын деп шаршайды екенсің ғой! — деп ақырды.

— Қожайын, осы екі балапанымды көргенде шаршау, уайым дегенді ұмытып, тыңайып, сергіп қалам, — деп байыпты қалпынан жазбай жауап берді малайы.

— Нағыз ақымақ екен! — деп үйден атып шыққан бай енді “мен кеш кіріп қалдым ба екен, ол ұрлаған ақшасын тығып үлгерді де, маған сыр бермей отыр сұмпайы” деп күдігінен арыла алмай-ақ қойды.

Екінші күні жалшы таң атқанша жұмыс жасады. Бірақ ол еш реніш білдірмей үйіне қайтты. Бай соңынан бұқпантайлап барып тағы тың тыңдады. Құлағына шықырлаған ақша мен сылдырлаған күміс теңгені жалшысы санап жатқандай естіліп кетті. Ол тағы да есікті бір теуіп кіріп барды. Екі баласын екі жағына алып қаннен қаперсіз рахаттанып ұйықтап жатқан жалшысын көргенде не істерін білмей қалды. Үн-түнсіз білдіртпей үйден шығып кетті. Сонда да күдігі сейілер емес.

Ертесіне жалшысының көңілді, сергек қалпы байға өзін мазақ қылып тұрғандай көрініп кетті. Бай ақыры:

— Менің қазынамнан біраз қаражат жоғалды. Соны сенен басқа ешкім алған жоқ. Себебі сен үнемі көңілді жүресің, тыққан ақшаң болған соң көңілің тоқ боп жүр, — деді.

Сонда жалшысы:

— Қожайын, жағдайың сорлы құлдан да жаман-ау. Күнде кешке үйімді торауылдайсың. Менің байлығым екі балам мен жан жарым және денсаулығым мен қара күшім. Құланиектеніп таң атқаннан кеш батқанша Алладан осы байлығымнан айыра көрме деп тілеймін. Сондықтан мен бақыттымын, көңілдімін, — деп жауап берді.

Не дерін білмеген бай үн-түнсіз қалды. “Япырмай, шынында да мына қара құл бақытты. Мен сияқты қызғанатын байлығы да жоқ. Байлық маған бақытсыздық үшін біткен бе? Басым ауырып кетті”.

Осы күні жалшы үйіне ерте қайтты. Оның сыртынан қарап тұрған бай алдынан жүгіріп шыққан екі баласына қызыға қарап қалды…


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру