Баласын жоғалтқан Күнше

 Баласын жоғалтқан Күнше

Ертеде Күнше дейтін бір жесір әйел болыпты. Ол күндердің бір күні өзінің құрым лашығынан жалғыз баласын ұрлатып алып, зар илепті. Күншенің мұндай күйге ұшырағанын көрген ел-жұрты қатты налыпты. «Бейшараға қалай жәрдемдесеміз?» – деп өзара кеңеседі.

Арада төрт жыл өтеді. Қанша іздегенмен бала табылмады. «Толыбай деген сыншы бар, соған барып арыз айт», – деп, ауыл адамдары Күншеге ақыл айтты.

— Толыбай мың түрлі аңдар мен құстардың тілін біледі. Адамның не ойлап отырғанын айтпай табады. Жаңа туған еркек құлынның өскенде қандай ат боларын қатесіз айырады. Әйтеуір, білмейтіні жоқ, – десті...

Күнше ерінен қалған торы қасқа атқа салт мініп, Толыбайды іздеп кетті. Елсіз, жолсыз даланы кезіп, жолшыбай талай таңды атырды, талай күнді батырды. Өзі жүдеп, аты әбден болдырды.

Өлдім-талдым дегенде, Күнше Толыбай данышпанның үйіне жетті. Ақ сақалы омырауын жапқан қара шал өзінің жұлым-жұлым қара күркесінің алдында астына ескі текемет төсеп отыр екен. Өзі сіңірі шыққан кедей еді. Сонда да данышпандық айтқан адамдарынан бір тиын аямайтын. Толыбай Күншені жылы шыраймен қарсы алды. Оның келетінін күні бұрын біліп отыр екен. «Сізден ақыл сұрауға алыс жерден Күнше деген әйел келе жатыр», – деп, Толыбайға қарлығаштары айтып қойған екен.

— Қош келіпсің, шырағым, арызыңды айта отыр, – дейді Толыбай.

Күнше еңіреп жылап жібереді.

— Жалғыз баламнан айырылып, қанаты кесілген құстай сорлап қалдым, ата! Мұңымды шағайын деп, әдейі сізге келдім.

Толыбай Күншенің арызын ықыласпен тыңдады. Құс болып ысқырып қалып еді, бір топ қарлығаш ұшып келді. Қарлығаштар Күншені қанатымен желпіп, ауыздарымен су бүркіп жүр. Толыбай қолын серпіп ымдап қалып еді, бір топ қарлығаш тізілген бойларымен Күншенің еліне қарай ұша жөнелді.

Қарлығаштар кешке таман қайта оралды. Бармақ басындай бір сұр тышқанды алып келді.

Тышқан өзінің көрген-білгенін Толыбайға айтып берді.

— Күншенің баласын іркілдеген ала көзді әйелдің ұрлап кеткенін көріп едім, – деді тышқан.

Тышқанның айтқанын Толыбай адам тілімен жеткізіп еді, Күнше еңіреп жылай бастады:

— Ойбай, баламды ұрлаған Айжарық сұм екен ғой. Өмір бойы бала көрмей жүріп, алпысқа жеткенде, балалы бола қалғанына күдіктенетін едім.

Толыбай құс тілінде ысқырып қалып еді, дәу екі қара бүркіт жетіп келді де екі иығына қона қалды. Толыбай бүркіттерге әмір етті:

— Мына Күншенің еліне тез барыңдар да Айжарық деген кемпірді баласымен алып келіңдер.

Екі бүркіт биікке самғап ала жөнелді. Ертеңіне күн шығып келе жатқан мезгілде, бүркіттің біреуі бет-аузы қожыр-қожыр, екі иығына екі кісі мінгендей, басы қазандай, шүңірек көз қара кемпірді Толыбайдың алдына әкеп тастады. Екінші бүркіт өзінің қанатына мінгізіп әкелген баланы еппен түсірді. Өзі аппақ, көзі ботаның көзіндей жаудыраған бала аң-таң болып үнсіз тұр.

Жүрегі бірдеңені сезгендей бала көрген жерден-ақ Күншеге қолын созды. Айжарық баланың қолын қағып жіберді де өзіне қарай тартып алды.

— Мына Күншенің баласын өзіне бер! – деп Толыбай ақырып қалды.

— Өзің бір алжыған шал екенсің! – деді Айжарық саспай.

— Өз баламды неге берейін біреуге. Бала Күншеден көзін алмай жаутаңдап қарай берді.

— Тілімді алмасаң, – деді Толыбай, — мен бұл баланы екеуіңе теңдей бөліп беремін! Айбалтасын алып балаға тұра ұмтылды. Айжарық тебіренбестен:

— Ерік өзіңде, – деп баланы Толыбайға қарай итеріп жіберді.

Күнше Толыбайдың аяғына жығылып:

— Ағатай, айта көрмеңіз, қайда жүрсе де тірі болсын! Осыған-ақ беріңіз, – деп жалынды.

— Айжарық, бұл сенің балаң емес, сондықтан оның өлі-тірісі сен үшін бәрібір. Ал, Күнше - баланың туған анасы. Сондықтан ол баласы өзгеге кетсе де оған өмір тілейді, өлімге қимайды, – деп, Толыбай сыншы баланы шын шешесі Күншеге алып беріпті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру