Қазақ әдебиеті | Кеңес дәуірі және қазіргі қазақ әңгімелерінің жанрлық ерекшіліктері

 Қазақ әдебиеті | Кеңес дәуірі және қазіргі қазақ әңгімелерінің жанрлық ерекшіліктері

Мазмұны

Кіріспе
І-ТАРАУ. ХХ ғасыр басында қазақ әдебиетіндегі әңгіме
жанрының дамуы мен қалыптасуы
ІІ-ТАРАУ. Кеңес дәуірі әдебиетіндегі әңгіме жанры
ІІІ-ТАРАУ. Қазіргі қазақ әңгімелерінің жанрлық ерекшеліктері
Қорытынды
Қолданылған әдебиеттер

Кіріспе
Әдебиеттану ғылымында әдеби жанр мәселесі жан-жақты зерттелініп келеді. Әдеби жанр (французша genre – тек, түр) термин ретінде шартты түрде екі мағынада қолданылады: 1) әдебиеттің тектері – эпос, лирика, драма; 2) әдеби шығарманың түрлері – әңгіме, роман, баллада, поэма, комедия, трагедия т.б.
Әдебиеттанушы Г.Н.Поспелов жанр мәселесі туралы: „Термин жанр употребляется в нашей науке в двух разных смыслах. Жанрами нередко называют то что издавно было принято называть „родами” литературы – эпос, лирику, драму. Но это нарушает давно сложившуюся традицию называть словом „жанр” не роды литературы, а те более частные ее образования, которые существует в пределах различных ее родов такие как например: эпопея, роман, рассказ, новелла, ода, очерк, трагедия” [1;230], – дейді.
Байқап отырғанымыздай, жанр мәселесінің маңында шартты пікірлер көп. Әдебиет теориясы жайлы жазылған кітаптардың көбінде әдебиеттің тегі – жанр, әдеби шығарма – жанрлық түр деп танылып жүр. Сонда, эпосты – жанр деп білсек, оның шағын, орта және кең көлемді үш түрі белгіленеді де, шағын көлемді эпикалық түрге – очерк, әңгімені т.б. жатқызамыз.
„Литературные жанры обладают структурными, формальными свойствами, имеющими разную меру определенности. На более ранних этапах на первой план выдвигались и осознавались как доминирующие именно формальные аспекты жанров. Жанрообразующими началами становились и стиховые размеры и строфическая организация и ориентация на те или иные речевые конструкции и принципы построения,” [2;372] – деген В.Е.Хализовтың пікірінше әрбір жанрлық туындының жанр түзуші белгісі болады.
Әрбір әдеби туындының жанрлық табиғаты әр алуан: көлемді эпикалық шығармада өмірдің күрделі шындығы нақты көркем тұлғаларға жинақталып, олардың өзара қарым-қатынастарынан туған қат-қабат оқиғалар арқылы ашылса, біздің бітіру жұмысымыздың нысаны „...шағын көлемді эпикалық жанр әңгімеде өмір шындығы бір немесе бірер ықшам эпизод мөлшерінде, адам тағдыры бір немесе бірер жинақы оқиға көлемінде ғана көрсетіледі. Оқиғаға қатысатын қаһармандар санаулы, олардың басынан өтетін құбылыстардың бәрі емес, кейбір үзіктері ғана суреттелетін болғандықтан, мұндай шығарманың көлемі де шағын, ықшам. Адам мінезі мұнда көбіне қалыптасқан, дайын қалпында көрінеді. Кейіпкер өмірінің көп бұралаңы шығарма сыртында – баяндаудан да, суреттеуден де тыс. Авторлық материал – нағыз қажетті детальдар мен штрихтар ғана. Шығарманың сюжеттік арқауы ұзақ желілі, арналы даму үстінде емес, қысқа қайырылған келте суреттер түрінде тізбектеледі, композициясы да – жинақы, үйірімді, ширақ келеді,” [3;290]– дейді белгілі әдебиеттанушы ғалым З.Қабдолов.
Шағын көлемді эпикалық түр әңгіменің жанрлық ерекшеліктеріне тоқталып өтейік. Қазақтан шыққан тұңғыш әдебиеттанушы-ғалым А.Байтұрсынұлы 1926 жылы жарық көрген мәні мен маңызы өте терең, сан-салалы әдебиет табиғатын жан-жақты ашып, талдап түсіндірген „Әдебиет танытқыш” атты еңбегінде жазба әдебиеттің өзіндік ерекшеліктерін айта келіп, оны: 1) әуезе, яки әңгіме 2) толғау тобына қарайтын сөздер, 3) айтыс-тартыс тобына қарайтын сөздер деп үш түрге бөліп қарастырады.
Осы топтағы әуезе немесе әңгімеге анықтама бере келіп, А.Байтұрсынұлы:
„Бұл топқа кіретін сөздер толып жатыр. Оның бәрін түгендеудің қажеті жоқ. Басты-басты түрлерін алғанда, олары мынау болады:
1. Ертегі жыр 2. Тарихи жыр. 3. Әуезе жыр. 4. Ұлы әңгіме (роман). 5. Ұзақ сөз. 6. Аңыз өлең немесе әңгіме. 7. Көңілді сөз. 8. Мысал.
9. Ұсақ әңгімелер” [4,32], – дейді.
А.Байтұрсынұлы ұлы әңгіме, яғни романға жанрлық жағынан сипаттама бере келіп, „ұлы әңгіменің өресі қысқа, өрісі тарлау түрі „Ұзақ әңгіме”, ал одан шағындау түрі „Ұсақ әңгіме” деп аталады”, – деп нақтылай түседі. Одан әрі: „Ұлы әңгіме, ұзақ әңгіме, ұсақ әңгіме болып бөлінулері үлкен-кішілігінен ғана. Мазмұндау жүйесі бәр-бәрінде де бір, айтылу аудандарында айырма бар: ұлы әңгіме сөзі алыстан айдаған аттар сынды жайыла бастайды, ұзақ әңгіме жақыннан айдаған аттарша жайыла бастайды, ұсақ әңгіме мүше алып, оралып келе қоятын аттарша бастайды”, – деп „әуезе түрлерін” одан әрі қарай жіктеп, жүйелеп береді.
А.Байтұрсынұлының „Әдебиет танытқышындағы” „ұлы әңгіме” деп отырғаны – роман, „ұзақ әңгіме” деп отырғаны – әңгіме жанры екені түсінікті.
Жалпы алғанда, „Әңгіме деген не?” деген сауалға А.Байтұрсынұлына дейінгі әлем ойшыл-оқымыстылары да, одан кейінгі отандық зерттеушілеріміз де тынбай жауап іздеп келеді. Осы сала бойынша жарық көрген еңбектерді екі түрлі жүйе бойынша топтастыруға болады. Біріншіден, әңгіме жанрының өзіндік сыр-сипатын сараптауға, жанрлық ерекшелігіне „мінездеме” беруге арналған теориялық тұрғыдағы зерттеулер, ой-пікірлер, мақалалар; екіншіден, мерзімді баспасөз беттерінде немесе әдеби шығармалар жинақтарында жарияланған, жазушылардың қаламынан туған әңгімелерге байланысты жазылған шолу мақалалар, сындар, арнайы зерттеу еңбектер.
Сомерсет Моэмнің пікірінше, „Әңгіме, – ұзын-қысқалығына қарай он минуттан бір сағатқа дейін оқып бітіруге болатын, әбден аршылып алынған бір-ақ нәрсе, бір ғана оқиға немесе бірігіп кеткен бірнеше оқиғалар тізбегі туралы жазылған шағын шығарма. Әңгімені еш нәрсе қосуға да, алуға да болмайтын етіп жазу керек”. Бұл жерде әңгіме жазудың екі түрлі ерекшелігі, біріншіден, оның қысқа жазылуы керектігі, ал, екіншіден, шебер жазылуы қажеттілігі басты назарға алынып отыр.
Академик З.Қабдолов бұл жанрдың сипатын былай ашып көрсетеді:
„Әңгіме – қиын жанр. Алдымен, көлемі шағын. Ол – жазушыдан барынша жинақы болуды талап етеді. Содан соң оқырманды бірден үйіріп әкету үшін, сол шағын көлемдегі өмір эпизодының өзі соншалық тартымды, сюжет желісі қызғылықты болуға тиіс. Сюжетке ене бастаған бетте-ақ оқырманның көз алдына іші-сыртын, мінез-құлқын, іс-әрекетін аттаған сайын аңғартып, адам келе бастауы керек. Ол адам өзіне тән ең бір елеулі өзгешелігімен шұғыл даралана беруге тиіс. Адам тұл көрінбейді; оның өзін қоршаған айналасы айқын көзге түсуі, сол арқылы белгілі бір әлеуметтік топ, қоғамдық орта танылуы шарт. Әлгі адам – соның өкілі, типтік тұлға болуы қажет. Осының бәрі жазушыдан өмірді терең білумен қатар, шұрайлы сөз байлығын, жіті бақылағыштықты, асқан талғампаздықты, тілдегі тамаша суреттілікті, бір сөзбен айтқанда, қалам тиген жерді өмірдің өзіне айналдырар нағыз шеберлікті, соған қоса кемел идеяға апарар терең білім мен мәдениетті талап етеді. Мұның бәрі – күрделі, қиын жұмыс, сондықтан болуға тиіс, қаламгер қауым әңгіме жазуды шеберлік шыңдау деп ұғады.
Әңгіме – әдемі дүние: жауынгер, ұшқыш, өмір құбылыстарына шұғыл үн қосқыш, оқушысын тез тапқыш, өткір, икемді, сүйкімді жанр. Ұзақ поэманың қасындағы қысқа лирика секілді, көп актілі драманың қасындағы бір актілі пьеса тәрізді, әңгіме де романнан тез жазылып, шапшаң тарайды. Жақсы әңгімені сахнадан тыңдауға, дала қосында қарауға, жайлауда жатып оқуға, қалтаға салып, жолға алып шығуға болады. Әдебиет сүйетін адамға әр жерде-ақ сыршыл серік, сырмінез дос боп кетеді; оның ойын тербеп, қиялын қозғап, жанына жалын қосады. Бұл – әңгіменің эстетикалық күші” [3;297].
Академик З.Ахметовтың пікірінше: „Әңгіме – оқиғаны баяндап айтуға негізделетін, қара сөзбен жазылған шағын көлемді шығарма. Әңгіменің жанрлық ерекшеліктері алдымен оқиғаны баяндау тәсілі, композициялық, сюжеттік құрылысы, кейіпкер жүйесі арқылы айқындалады. Әңгімеде әдетте бас-аяғы жинақы, тиянақты бір оқиға айтылады. Әңгімеде басқа жанрлар секілді, алдымен адам – оның өмірі мен тағдыры көрінуі тиіс. Аса маңызды деген оқиға суреттелуі керек. Сөйтіп әңгіме көлемі шағын шығарма болғанымен, қаламгер үшін нағыз шеберлік мектебі екеніне сөз жоқ. Оған қатысатын кейіпкерлер де көп болмайды. Сюжет желісі бір арналы, ширақ келіп, тақырыбы мен идеясы айқын болады. Мұнда бір айтылған жайларға қайта оралуға, тәптіштеп баяндауға, ұсақ-сонар суреттеме беріп жатуға орын жоқ. Бір оқиға, тартыс-қақтығысты бейнелеумен кейіпкерлердің мінез-тұлғасы толық, айқын көрініс тауып, маңызды ой түйіндер жасалуы қажет. Әңгіме жанры аз сурет арқылы көп жайды аңғарта білетін айрықша көркемдік шеберлікті талап етеді” [5;89].
Сыншы-әдебиетші Қ.Ергөбек шағын жанр әңгіменің шарты – өмірдің бір кешін, көңілдің бір сәттік сезімін, т.б. бейнелеу деп санайды [6;112].
Әңгіме жанрының өзіне тән өзгеше сипатын және әңгіме жанрының жай-күйін анықтап, жетістіктері мен кемшіліктерін ашып, өресі мен өрісін саралап отыру мақсатында кезінде „Қазақ әдебиеті” газетінің беттерінде „Қазіргі қазақ әңгімесі” деген тақырыпта пікір талас ұйымдастырылып, оған жазушылар Ә.Тарази, Т.Нұрмағанбетов, Т.Әлімқұлов, сыншылар Т.Қожакеев, Т.Жұртбаев және т.б. белсене ат салысты [7;166].
Осы пікірталасқа үн қосып, онда ортаға салынған ой-пікірлерге шолу жасап, талдау арқылы „Қазіргі әңгіме хақында” атты мақала жазған сыншы Б.Сарбалаев қазақ әңгімесіне жетіспей жатқан кемшін тұстар қатарында мына мәселелерді атап көрсетеді: бұл жанрдағы басты кемшілік – көптеген қаламгердің әңгімешілік талантының тапшылығы; көлемі жағынан көсіліп жатқанымен, көбіктік танытуы, жақсылығы аздығы, қайталаудан аса алмауы, бір емес, бірнеше қайнауы кем дүниелер болып келуі; жауапкершілік жетіспеуі, салдыр-салақтық салдарынан жіберілген кемшіліктерді саралап қарағанда: а) оқиға, ой, детальдар ысырабы; ә) кейіпкер табиғаты мен іс-әрекеті арасындағы қайшылық, қисынсыздықтар; б) тілдік мін-мүліктер.
Сондай-ақ, әңгіме жанры мен оның әдебиеттегі көрнісі жайында қазақ әдебиет зерттеушілері көптеген өзекті мақалалар мен монографиялық зерттеу еңбектер жазып, жариялады.
Атап айтқанда, жеке монографиялық зерттеулер мен диссертациялар қатарында З.Қабдоловтың жазушылық шеберханасы мәселелерін талдауға арналған „Қазіргі қазақ әңгімесі” (1961) атты филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін жазылған диссертациясын [8], Б.Наурызбаевтың „Бейімбет Майлиннің эпикалық жанрдың шағын түрлері” (1963) атты тақырыптағы кандидаттық диссертациясы мен „Бейімбет Майлин шеберлігі” (1974) атты докторлық диссертациясын [9], Б.Байтанаевтің фольклор мен әңгіменің арақатынасын тексеруге арналған диссертациясын (1974), С.Шарабасовтың қазіргі қазақ әңгімелеріндегі характер мәселесін талдауға арналған (1981) диссертациясын [10], М.Әдібаевтың М.О.Әуезовтің жиырмасыншы жылдардағы повестері мен әңгімелерінің поэтикасы туралы (1987) кандидаттық диссертациясын [11], А.Құлымбетованың қазақ әңгімелері мен повестері мен стиліне ғылыми сараптама жасалған (1993) докторлық диссертациясын [12], Ш.Уәлихановтың С.Мұратбеков шығармашылығы негізінде жазылған „Қазіргі қазақ прозасы шағын түрлерінің поэтикасы” (1997) атты кандидаттық диссертациясын [13], А.Жұмағұлованың „Ғабит Мүсірепов әңгімелерінің лексика-грамматикалық ерекшеліктері” атты (1998) кандидаттық диссертациясын [14], Г.Балтабаеваның „Қазіргі қазақ әңгімесі (1980-1990-шы жылдар)” атты (1999) кандидаттық диссертациясын [15] жатқызуға болады.
Ал әңгіме жанры жайында сөз етілген еңбектер қатарында М.Қаратаевтың [16], Н.Ғабдуллин [17], З.Қабдоловтың [18], А.Исмақованың [19], Р.Рүстембекованың [20], Г.Пірәлиеваның [22] және тағы басқа ғалым-зерттеушілердің зерттеу еңбектерін атап өтер едік.
Жоғарыда аталған еңбектердің барлығында әңгіме жанры түрлі қырынан зерттелініп, талданды. Бітіру жұмысымызда қазақ әдебиетінде әңгіме жанрының тууы, дамуы мен қалыптасуына кеңінен тоқталамыз. ХХ ғасыр басынан бастап, кеңес дәуірі тұсындағы қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрынан бастап 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бергі әдебиетіміздегі әңгіме жанрының даму жолдарындағы жанрлық ерекшеліктерін жан-жақты талдауды мақсат еттік. Жанр – даму үстіндегі ұғым. Әрбір тарихи дәуір әр түрлі жанрдың түп негізін сақтай тұра, оның табиғатына өз ерекшеліктерін енгізеді. Мұндай ерекшеліктер әр әдебиеттің ұлттық сыр-сипатымен тығыз байланысты болса, әр жазушының әлеуметтік орта мен әдеби процестегі атқарар роліне, алар орнына байланысты. Өткен ғасыр басындағы Б.Майлин мен замандасымыз Д.Амантай әңгімелерінен жанрлық ұқсастықтар көре тұра, жер мен көктей айырмашылықтар байқаймыз. Қым-қиғаш оқиғаларға толы ХХ ғасыр әдебиетіндегі әңгіме жанры бүгінде жаңа ғасыр белесінде талай өзгерістерді басынан кешті. Демек, қазіргі қазақ әңгімелерінің жанрлық ерекшеліктері жан-жақты зерттеуді қажет ететін өзекті тақырып. Зерттеу барысында бітіру жұмысымызда алдымызға мынадай мақсат-міндеттер қойдық:
– қазақ әдебиеттану ғылымындағы қазақ әңгімелері туралы зерттеу, сын еңбектерін негізге ала отырып, назардан тыс қалған мәселелерді қарастыру;
– қазақ әңгімесінің өсу, өркендеу жолына баға беру;
– қазақ әңгімелеріндегі жанрлық ерекшеліктері мен көркемдік ізденіс сипаттарына талдау жасау;
– қаламгерлердің әңгімелерінің әдеби процестен алатын орнын, көркемдік-идеялық деңгейі мен жетістіктерін, эстетикалық қуатын айқындау.
1980-90-шы жылдар еліміздің тарихында ерекше орын алады. Елде ұлы өзгерістер жасалатынын, әміршіл-әкімшіл жүйе күйрейтінін, Кеңес Одағы ыдырап, оның орнына тәуелсіз мемлекеттер орнайтынын ешкім болжап білмесе де, әйтеуір өзгерістердің болатыны сезілетін. Бұл ең алдымен қоғамымыздың ең сезімтал құбылнамасы – әдебиет айналасынан байқалады. Әсіресе, елгезек не жаңалықты барлағыш, оперативті әңгіме жанрында келешек жаңалықтардың әлдебір сілемдері, нұсқалары сезіледі. Кері кеткен тоталитарлық жүйенің сетінеп, құрып бара жатқан белгілерінен, солардың әдебиеттен ащы шындық ретінде бейнеленуінен көрінді.
Қазіргі егемендік жағдайымызда біз болашақ қадамдарымызды нық, сенімдірек басу үшін, алдымен өткен жолымызды біліп алуымыз керек. Ондай танымды қазіргі қазақ әдебиетіндегі әңгімелер молынан береді. Бұл тақырыпты зерттеудің зәрулігі міне, осында.
Зерттеу жұмысымызда әр дәуірдегі әңгіме жанрының хас шебері Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов әңгімелерін талдаймыз. 1980-90-шы жылдардағы қазақ әңгімесінің есеюі мен дамуын, көркемдік-реалистік бағытын тану үшін, осы кезең аралығындағы қазақ әңгімесінің деңгей, дәрежесін белгілейтін О.Бөкей, Д.Исабеков, М.Ысқақбаев, С.Мұратбеков туындылары зерттелді. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі жас толқын Д.Амантай, А.Алтай, А.Кемелбаева сынды жазушылардың әңгімелері алдыңғы толқын жазушыларының әңгімелерімен салыстыра қарастырылады.
Қорыта айтқанда, әдебиет зерттеушілерінің пікірінше, әңгіме – бес жүз бет роман емес, көлемі бес-ақ бет болуы мүмкін. Сергей Антонов, мәселен, бұл жанрдың үздік үлгісі – жеті-сегіз беттік әңгіме деп біледі. Қалай болғанда да, әйтеуір, әңгіме оқу үшін бір жеті керек емес. С.Моем айтқандай, бір-ақ сағат жетуі мүмкін.
Ал мұншалық қысқа мерзімде оқырманға қыруар эстетикалық ләззат беру тек шебер жазушының ғана қолынан келеді: бес-он бет қана кішкене шығарма көлемінде үлкен өмірдің бір бөлігін жарқ еткізіп жайып тастап, оқырман алдында қилы-қилы мінездің адамын жетелеп әкеп, жақсысына сүйсінтіп, жаманынан түңілтіп отыру – ірі шеберлік.

І тарау. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде әңгіме жанрының
дамуы мен қалыптасуы

Әдебиетте жазушылардың барлығы дерлік шығармашылық жолын әңгіме жанрынан бастайды. ХХ ғасырдың басында қазақ прозасының дені әңгіме болатын, прозадағы ұнамды кейіпкерлер де сол әңгімелерден басталған. Белгілі әдебиеттанушы ғалым З.Қабдолов әңгіменің хас шеберлері ретінде Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтерді атайды, олар көркем әңгіменің классикалық үлгілерін туғызды.
Әңгіме – қиын жанр. Алдымен, көлемі шағын. Ол жазушыдан барынша жинақы болуды талап етеді. Оқушыны бірден үйіріп әкету үшін, сол шағын көлемдегі өмір эпизодының өзі соншалық тартымды, сюжет желісі қызғылықты болуға тиіс. Мұның бәрі күрделі, қиын жұмыс екені рас. Бірақ қиындықтан қашқан адам қаламгер бола ала ма? Әр жазушы өз ісінің шеберлігіне талпынады. Ал әңгіме – шеберлік мектебі. Ірі жазушылардың бәрі қаламын осы „мектепте” ұсталып шықты. Әлем әдебиетінде М.Горькийді алып қараңыз. М.Шолохов, А.Фадеев, А.Толстой – бәрі де романнан бұрын әңгіме жазған адамдар. Олардағы зор шеберліктің бір ұшы осында жатса керек.
ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрының шеберлері М.Майлиннің, М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің бірнеше әңгімелерін, талдап көрелік.
– „Өй, өзі де Шұға десе – Шұға еді-ау!”
Қасымжан әңгімесін осылай аяқтайды. Әңгімені бір сағат оқыдық па, жоқ па, тез бітті. Амал жоқ, кітап бетін жабасыз, еңсеңізді көтересіз. Бірақ қиғаш қызық әсерлерден айығар емессіз. Жаңа ғана өзіңіз кезіп өткен өмір, өзіңіз сезіп білген шындық құбылыстар көз алдыңызға қайтатын тізбектеле береді: дала, жазғы күн, айлы түн, ауыл, алты бақан, ән, күлкі, мінездер, іс-әрекеттер, тағдырлар тартысы...
Шұға!.. Ақыр аяғында, міне, сұлу Шұға дүниден кетті. Есіл аяулы ерке!..
Жүрегіңіз елжіреп, баяу лүпілдейді. Көңілде құйын ұйтқып жүр: арман бар, өкініш пе, әйтеуір бір мұң, бір сыр... Осы кірбіңнің өзі бір түрлі жайлы, рақат. Тіпті осы халден арылғыңыз келмейді. Көзіңізді жұмып, тағы да ұзақ ойға шомылыңыз. Не деген күшті әсер! Бас-аяғы бір-ақ баспа табақ шағын әңгімеге қаншалық мол тіршілік, зор шындық сиып кеткен. Тоқтаусыз төгілген тіл қандай әсем, көлдей шалқыған сыр, жалындай шарпыған сезім қандай ғажап!.. Қас пен көздің арасында қандай кісілермен танысып, білісіп, ұғысып үлгергенбіз. Кейбіреулермен мүлде сырлас дос боп кетіппіз. Әбдірахман арманда қалды, оқырман өкініште қалды. Шұға да зарлап өтті:
Жолыңа құрбан қып ем жан мен тәнді,
Дариға, айтылған серт болмай қалды.
Қайран ару! „Шұға десе – Шұға, өй, шіркіннің өзі де келбетті еді-ау... Аққұба, талдырмаш, көзі қап-қара... Өзі үріп ауызға салғандай еді. Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Жеңілдік дегеннің не екенін білген бала емес. Сөйлеген сөз, жүрген жүрісі қандай, бір түрлі паң еді-ау шіркін!..”
Біз Шұғаны алғаш рет Есімбектің бір отауынан көріп, келбетінен көз ала алмаған едік. „Апыр-ай адамзатта да ондай сұлу болады екен-ау!.. Аққудың көгілдіріндей, осы аппақ... Үстінде шетін кестелеген ақ көйлек, омырауын неше түрлі ілгектермен безеп тастаған қызыл пүліш камзол, басында үкі таққан түлкі бөрік; өзі сұлу адамды мүлде жандандырып, құбылдырып тұрады”.
Түрі мен мінезі осындай Шұғаның лебізі қандай әдемі! Бүкіл әңгіменің өз бойында үш-ақ рет тіл қатып, сараң сөйлейді. Әбдірахманды көрген бетте іште тулай қалған бір оқыс толқынын жасыра алмай, отауға кіріп бара жатып: „жап-жас жігіт екен ғой”, – десе, сол Әбдірахманды болысқа еріксіз әкетіп бара жатқанда жолдан кездесіп: „Қош, қалқам, қалқам! – деп кемсеңдеп жылап отыра кетті”. „Өлем деп арман қылмаймын, – дейді Шұға ақырғы минуттарының бірінде: – жалғыз-ақ арманым бар – түнеугі көргенімде Әбдірахман бір ауыз сөз айта алмады. Бір көріп сөйлесіп, жаным шығарда „Шұғам” деп бетіме бетін тигізсе, бір арманым бітіп, дүниеден армансыз өтер едім. Әй, ол жоқ, қой!.. „Міне, осынау аз ғана лебіз Шұғаның сөз мәнерін, сөйлеу ерекшелігін әрі айқын, әрі дәл танытады. Оқушыда „бұл тұста, мына жағдайда Шұға болса, былай дер еді...” деген бағдар анық түйіліп отырады. Әңгімеші жігіттің авторлық баяндаумен астасқан аңыздауы, сол кездегі қазақ аулына тән салт, сана, ауыл адамдарына тән әдет, ғұрып, жастарға лайық ой, арман, үміт, сезім сырлары, ең арғысы табиғат көріністеріне дейін Шұғаны мегзеп, соның тұлғасын даралап, бейнесін бедерлеп жатады. Осының нәтижесінде оқушының Шұғаға деген ілтипаты арта келе оны соншалық ұнатады. Сондықтан Шұға ғашықтық құсасымен дүниеден көшкенде оқушы көңілін де кірбің, мұң басады, оқушы көкейінде де өкініш сезімі қалады. Не істеу керек? Жоқ істер амал жоқ. Әбдірахман да қайтсін, оның қолынан келер не бар?
Жүзі құбыла, сөзі құран Шұғамның,
Бір Шұға үшін жанды құрбан қыламын, –
деп басын тауға да ұрады, тасқа да соқты, ешбір айла таппай, зарлап қалады да барды. Бұл жағдай оқушы көңіліндегі кірбіңді көбейте түседі.
Шұға – Шұға ғой! Әбдірахманды да өз алдына қоя тұралық. Екінші пландағы кейіпкерлер де әңгіме жанрының талаптарына сай нақты, ерекше сомдалған. Тіпті сұлу Зәйкүлді қараңызшы. Қандай әсем жеңге: бақытсыз ғашықтарға ортақ бар сырдың үнсіз куәсі. Осы кісімен де оқушы жақсы ұғыспай ма? Ал Күлзипа бейшара ше? Мұның тағдыры да бірер толқытпай қалмайды......
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру