11.09.2022
  99


Автор: Гүлден Мүлікқызы

Сені көрем қиялымда, түсімде

Дәл нешесі есімде жоқ ақпанның,
Түн жарымы ұйқылы-ояу жатқанмын.
Басу үшін сағыныштың сарығын,
Қиялымда саған қарай аттандым.
Сөзім де көп, сырым да көп айтатын,
Түрім де жоқ райымнан қайтатын.
Есігіңді айқара ашып кірмекпін,
Бастамақпын махаббаттың шайқасын.
Тұрар жайың, маған мәлім дерегің,
Табылады сенен барлық керегім.
Алай-дүлей ақ боранға қарамай,
Ақ жорғамен құйындатып келемін.
Демекшімін өлгемін жоқ, тірімін,
Қатал тағдыр салғанынша құрығын.
Баяғыда аңыз болып тараған,
Дәл бүгін түн батыр қыздың бірімін.
Сүю үшін қажет екен ерлік те,
Терезе тең, қойылған соң тең нүкте.
Келемін мен ұшқан құстай зымырап,
Көлбеп жатқан кеңістікте, кеңдікте.
Жету қайда, әлі ауылың алыста,
Мекенденіп алғандайсың ғарышқа.
Саған жету мен үшін бір хикая,
Түсу керек ол үшін бір арысқа.
Содан шығар билеп алдым ырқымды,
Бұзбайын деп тыныш жатқан шырқыңды.
Қалжыраған сәтім шығар көз іліп,
Міне, осылай түс көріппін бір түрлі.


Сені көрем қиялымда, түсімде,
Өйткені бір арман жатыр ішімде.
Түсімде емес жетем бәлкім өңімде,
Сол бір шақта мені бөтен түсінбе!





Пікір жазу