13.07.2022
  77


Автор: Аманғали Ербозұлы

Ана тілі

Ана тілі, аяулым, баста бағым
Күндіз-түні баққаным қас-қабағың.
Жоғалтқандай Аралды –ардағымды
Орнамасын басыңа масқара күн.
Ана тілім – санама жарық берген
Не болады айрылса балық көлден.
Таза, тұнық күйіңде бізге сені
Айналайын бабамнан алып келген.
Кімге керек шұбар тіл күлді-көмеш
Эсперанто тірлігі тірлік емес.
Жүректегі сөзіңді айта алмаса,
Алла добы – бас түгіл, тілді де кес.
Көріп тұрып қалайша үндемейік,
Ораламын көшеден күнде кейіп.
Ана тілдің кетірген қасиетін,
Дүбаралар барады тым көбейіп.
Тұшынғаным – ана тіл, сүйенгенім
Тұшынбасам тілімді сүйер ме едім.
Биігіңе жетсем деп өрмеледім.
Домбыраның үніндей қоңыр үнің
Құлағыма жұмсақтау тиер менің.
Жүрекжарды бұл сөзім мұңым, бәлкім,
Ана тілдің сақтайық шырын қалпын.
Таза, тұнық күйінде ұрпағыңа
Жеткізуді парыз деп ұғын, халқым.
Жалғанның бес күндік бар ма опасы?
Аяулы жарым, төрт баламның анасы
Қанзияның рухына бағыштаймын
Бірге ұшып қанат қаққан сан қияда,
Бұл жырым ескерткішім Қанзияға.
Сен үшін енді сәуле нұрын төкпес,
Сен үшін күн де батты мәңгі ұяға.
Жолына ізгілікті желкен еткен,
Жан едің көзің жұмдың ерте көктем.
Қалдым ғой жетімсіреп ойда жоқта,
Мен де бір балаңдай-ем еркелеткен.
Таттық біз ащыны да, тәттіні де,
Жасырдың мұңымызды қап түбіне.
Ешқашан тура жолдан тайған жоқсың,
Сендім мен көңіліңнің пәктігіне.
Қиындық, қуанышты бірге бөліп,
Біз қатар қол ұстасып жүрген едік.
Шыны-аяқ сылдырлаған жоқ демеймін,
Әйтсе де болатұғын ірге берік.
Кешіксем түні бойы көз ілмедің,
Бар еді не білгенің, білмегенің?
От беріп өлеңіме ықыласыңмен,
Сен менің болашағыма сенімді едің.
Жан едің көңілі пәк, кең жүрегі,
Ойласам ет жүрегім елжіреді.
Түн бойы кірпік ілмей алаңдаумен,
Кешіксем, кім күтеді енді мені?
Түймеңді моншақ еткен тізіп бәрін,
Шауып жүр аман-есен «бұзықтарың».
Солардың қамы болып бар пейілің,
Үлде мен бүлдеге де қызықпадың.
Ісіне тәңірімнің шара бар ма?
Өлімің кетті салып жара жанға.
Өмірден бір рахат көрдің бе осы,
Барыңды тоса жүріп балаларға.
Тірліктің болдық енді ұғар нарқын,
Кетпейді көз алдымнан шынар қалпың.
Баланың қуанғаны сенің үшін,
Өмірдің рахаты шығар бәлкім.
Әлі де көз алдымда сөзің, кейпің,
Бабымды таба алады өзіңдей кім?
Сен барда ойламаушы ем ештеңені,
Сен барда мұқтаждық та сезілмейтін.
Білмеймін еліттің бе, еріттің бе?
Түсіме еніп жүрсің келіп түнде.
Төрт бала және мені жетім қылып,
Құдай-ау тастап кеттің сеніп кімге?
Жүрегім сыздайды көп мұң толғаса,
Пұшайман, жарым көңіл шын далбаса.
Айтуға ақтық сөзді жылай-жылай,
Қоштаса да алмадық тым болмаса.
Сен енді арбамашы, арбамашы,
Жалғанның бес күншілік бар ма опасы,
Жаным-ау жатырмысың жалғызсырап,
Жібермей қара жердің тар қапасы.
Бақұл бол, адал досым, асыл жарым,
Мұңымды жүректегі жасырмадым.
Бұл менің жазам деген жырым ба еді,
Бұл менің рухыңа бас ұрғаным.





Пікір жазу