13.05.2022
  112


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Қанағат туралы жыр

Көп нәрсенің бағасын
Салыстырып көрмесең
Ұға алмай дал боласың.
Жер мен Көктей деп өлшедік кейде біз
Жақсылық пен Жамандықтың арасын.
Жазамыз деп жанымыздың жарасын,
Демдеу үшін қам көңілдің сабасын:
-Талайлардан артықсың ғой, қарашы,
Неге ендеше тым ақымақ боласың?!-
Деп жұбаттық.
Жұбанды мак көңіл одан,
"Ақылды" боп кетті талай оңбаған.
Сайқал сөздің құдіретін қарашы,
Өзін-өзі алдағанға мәз болар.
Бұл ойыма қарсы келер ұғым көп


-Неге керек жоқты қуып түңілмек?
Қанағаттан асыл ұғым жоқ қой- деп
Бір қайыршы қолын жайды дірілдеп.
Ойланып көр,
Ойланып көр, ақыным,
Қанағаттың қарын тойғызатынын
Мақалдардан білесің ғой ежелгі,
(Дер кезінде айтылмаған сөз өлді)
Ал, көңілді қанағатпен қампитып
Айтшы, кімнің көсегесі көгерді?!
Бұл өмірде мен шеше алмас көп сұрақ
Қаумалап кеп терең жарға тықсырар.
Бір сауалды тесіп іліп мойныма
Батып кетем ой-теңіздің қойнына.
Ой түбінен не табамын сипалап
Маржан ба,
Әлде мағынасыз жұрқа ма?
Қолыма түк ілінбесе қымсынып
Сол жақта өліп кетем бе әлде тұншығып?
Оның бәрі болашақтың үлесі,
Сыбағамыз сақтаулы тұр тиесі.
Ал әзірше алаңдатқан мені шын
Бір әңгіме айтып берсем көп үшін,
Тыңдаймысың?
Қажетіңе жарай ма,
Айта алмаймын, тек әйтеуір абайла.
Жолдастарым көп-ті менің қысқасы,
Біреуімен көрген емен ұстасып.
Артық сөзге барған жоқпыз көңіл үшін,
(Міне, нағыз сыйластықтың белгісі!)
...Бір күні кеп жолдастарым көп ішті,


-Ең бірінші денсаулық қой- деп ішті.
Еңбегіміз болсын деді жемісті,
Тағы, тағы, тағы, тағы көп ішті.
Батыр болып шыға келді біреуі,
Маған қамқор боп жүруші ед үнемі.


-Аға, сені ренжіткен кім бар?!- деп
Қабырғаны ұрған еді, сынған жоқ.
Сезім сынса сына берсін,
Қабырға
Аман екен, інішегім, дамылда.
Мың бір алғыс айтам- дедім сол үшін
Ақ көңілін пәк күйінде қабылдап.
Сонда-дағы кеуде жақта тымырсып
Бір қарау ой жатып алды ыңырсып.
Жүрекке де ауыр салмақ түсті есе,
"Қайтер еді арақты адам ішпесе,
Шошқа сынды шалшық суда сайрандар
Бір-ақ сәтте айналарын хайуанға
Білмей ме екен?
Осы ойымды қамығып,
Бір ағама айтқан едім шағынып.


-Ақыл айтып қайтем деді саған көп,
Інішегім, көрмепсің
-ау таяқ жеп.
Бұл сөзіңді қоя алмасаң көр де тұр,
Талай таяқ жейтініңе мен кепіл.
Адамда да бар ғой талай жауыздар
Құбылаға қаратпай
-ақ бауыздар.
Сезім- суық, жүрегі- тас, жан- қатал,
Жүреді олар сол ісінен ләззат ап.
Сен ендеше қапа болған бұл қайғың
Ондайлардың қасында
Сөз етуге де тұрмайды.
...Бұл сөз маған әсер етті қаншалық,
Үндеместен кете бардым томсарып.
Бірте-бірте көңілденіп қайтадан
Айналайын сенен!- дедім
Шайқала
Басып келе жатқан інімді көріп
Жібіп кетті мұз боп қатқан жүрегім.
Содан бері салыстыруды үйрендім,
Қарау ойдан алыс тұруды үйрендім.
Бір қиындық көрген болсам, жасымай,
Өрге өрмелеп көнбістіктің тасы ұдай
Өзімді-өзім қаншама рет жұбаттым:
-Мына күнің айналайын емес пе
Ертең көрер қияметтің қасында!
Таяқ жеуден қорқады екем мен, сірә,
Қанағатшыл пенде болған жөн шығар.
Десем-дағы қалай көнем қамытқа,
Жігіт ем ғой жүрегінде өрті бар?!
Қанағаттың асыл ұғым екенін
Мойындаймын,
Маған сол да жетеді!
Сорым болса маңдайымда үш елі,
Бақытым да бар шығар-ау екі елі.
Мен де ендеше тайталасып өтемін,
Бауырым, саған көлеңкемді түсірмей
Күресемін өз бақытым үшін де.
Сыбағасы керегі жоқ ешкімнің,
Өзімдікін бергім де жоқ, кеш, құрбым...





Пікір жазу