27.02.2022
  128


Автор: Абдрахман Асылбек

Қазақ тілім

Танытқан қазағымның қазақтығын,
Танытқан қазағымның азаттығын,
Танытқан қазағымның ғажаптығын,
Айналдым құдіретіңнен, Қазақ тілім!
Сенімен тоқсан толғап тебіренем,
Сенімен елім үшін еміренем.
Сенімен өмір дарқан, өмір ерен,
Сенімен өмір тарих, өмір өлең.
Сенімен сарапталып шешендігім,
Сенімен мадақталған көсемдігім.
Сенімен ел алдында есем мығым,
Сенімен ел алдында өсем бүгін.
Сенімен бағаланып батырлығым,
Сенімен арта түскен ақындығым.
Сенімен сөйлегенде шат үндімін,
Сенімен сөйлегенде ақылдымын.
Сенімен сараланып саналығым,
Сенімен дараланған даналығым.
Алтай мен Атыраудың аралығын
Өзіңсің тұтастырған нар алыбым.
Тамсанып, кәусарыма санай жұттым,
Сенімен алаулаған талай мықтым:
Сенімен Махамбетті, Абайды ұқтым,
Сенімен Жамбыл жыры – арайды ұқтым.
Сенімен мейірімді анамды ұқтым,
Сенімен мейірімді даламды ұқтым.
Сенімен жолын кесіп арамдықтың,
Шыңына көтерілдім адамдықтың.
Сенімен мәнін ұқтым тірлігімнің,
Сенімен әлін ұқтым бірлігімнің.
Сенімен сәнін ұқтым нұрлы күннің,
Сенімен әнін ұқтым құрлығымның.
Сенімен жетіп арман асылына,
Сенімен жыр ақтардым ғашығыма.
Сенімен ұқсап көктем жасынына,
Үн қаттым келер қымбат ғасырыма.
Танытқан қазағымның қазақтығын,
Танытқан қазағымның азаттығын,
Танытқан қазағымның ғажаптығын,
Айналдым құдіретіңнен, Қазақ тілім!





Пікір жазу