meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Жақсы көрісіп келіседі,
Жаман келісіп керіседі.
Жақсы келді дегенше, жарық келді десеңші,
Жақсылықтың ұрығын алып келді десеңші.
Жақсы қыдырып жүрер,
Қыдыры артынан шұбырып жүрер.
Жақсы қырқында толады,
Жаман қырқында солады.
Жақсы қартайса да, ақылынан танбас,
Жаман ат қартайса да, жүрісінен танбас.
Жақсы кісі текшіл,
Жаман кісі кекшіл.
Жақсы кісінің ашуы - шай орамал кепкенше.
Жақсы - суы тәтті көлмен тең,
Жаман - желі қатты шөлмен тең.
Жақсыға ерсең, жетерсің мұратқа,
Жаманға ерсең, қаларсың ұятқа.
Жақсының қадірін жақсы білер.
Жақсы болсаң - озарсың,
Жаман болсаң - азарсың.
Жақсы сынаумен жариды,
Жаман сынаумен қариды.
Атасы жақсы, көргенін айтады,
Атасы жаман, бергенін айтады.
Әркім жолдас болады амандықта,
Жаман тастап кетеді жамандықта.
Басыңа іс түскенде жақсы көмектесер, жаман күліп кетер.
Биік тауды алыстан көріп, түбіне барма,
Жақсының атын естіп үйіне барма.
Биікке шықсаң көзің ашылады,
Жақсымен сөйлессең көңілің ашылады.
Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді,
Бір жақсы мың қолды ерітеді.
Бітісі жаман қамысты, су ішінен өрт шалар,
Туысы аман жігітті, түйе үстінен ит қабар.
Бір сынаған жаманды, екі қайтып сынама,
Өлшеп-пішпей шамаңды, құр жаныңды қинама.
Бұқаның өзі қартайса да, мұрны қартаймайды.
Жақсының өзі қартайса да, көңілі қартаймайды.
Жақсы болсаң – жақын көп.
Жақсы адам жолдасынан белгілі.
Бұлттан шыққан күн ащы,
Жаман қатынның тілі ащы.
Жақсы адам елдің ырысы,
Жақсы сөз жанның тынысы.