meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Жақсы өзін қосып сөйлейді,
Жаман босқа бөсіп сөйлейді.
Жақсыны жаман десең, аққудай мойнын созады,
Жаманды жаман десең, аяғынан тозады.
Жақсыны сыйласаң есінен кетпейді,
Жаманды сыйласаң есігіңнен кетпейді.
Жақсының жаны - жаннат.
Жақсының жаты болмайды,
Жаманның ұяты болмайды.
Жақсының жүрген жері - базар,
Жаманның жүрген жері - азар.
Жақсының қадірі өлгенде білінер,
Жақсы аттың қадірі мінгенде білінер.
Жақсының өзі өлгенмен, сөзі өлмейді.
Жақсылық ағаш басында, жамандық аяқ астында.
Жақсылыққа жақсылық - әр кісінің ісі дүр,
Жамандыққа жақсылық - ер кісінің ісі дүр.
Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы.
Өзгеге жасаған ізетің - өзіңе жасаған құрметің.
Кешірім - ізгіліктің белгісі.
Келісіп пішкен тон келте болмас.
Татулық - табылмас бақыт.
Туған жер - тұғырың,
Туған ел - қыдырың.
Ел қадірін көрген біледі,
Жер қадірін жүрген біледі.
Жақсы байқап сөйлер,
Жаман шайқап сөйлер.
Жақсы жатырқамайды, аңқау алдамайды, әңгі тыңдамайды.
Жақсыда жаттық жоқ,
Жаманда жақындық жоқ.
Жақсы жерге жатсаң, жақсы түс көрерсің.
Жақсы көргенін мақтап жүрер,
Жаман көргенін даттап жүрер.
Жақсы іске келді, жаман асқа келді.
Жақсыға қылған жақсылық, өмірінше тозбайды,
Жаманға қылған жақсылық, бір күнгідей болмайды.
Жақсы көпке құлық қылмайды, азға зорлық қылмайды.