meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Қой егіз тапса,
Шөптің басы айыр туады.
Қасқырдың ойлағаны — арамдық.
Қойдың ойлағаны — амандық.
Еркек қой бұралқы болмас.
Жаман қой ісегінде қартаяды.
Қарақұрт жесе
Қой семіреді.
Жаман жасаққа жарамайды,
Желінсау қосаққа жарамайды.
Арық қой — тырысқақ,
Аш адам — ұрысқақ.
Семіздің аяғы сегіз.
Семіздікті қой көтерер.
Ақсақ қой жатып семірер.
Ісек қойдың басы үлкен,
Саулық қойдың жасы үлкен.
Екі қошқардың басы
Бір қазанға сыймас.
Қойдың сүті — қорғасын.
Малды бақсаң қойды бақ,
Май кетпейді шарадан.
Ит асырасаң сырттаннан
Қой бермейді қорадан.
Жақсылық етсең, жарты етпе.
Жақсыны көріп —
Жан семіреді.
Ақылды кісіні аяла,
Ақымақ кісіні аяма.
Жақсылық ұмытылмас.
Өгіздің өзі қартайса да,
Мұрыны қартаймайды.
Жақсының өзі қартайса да,
Көңілі қартаймайды.
Жақсы ай менен күндей,
Жақсылығы жанның бәріне бірдей.
Жақсы кісі өлмесін,
Жамандықты көрмесін.
Жақсы — елдің мақтаны,
Жұпар гүл — жердің мақтаны.
Жігіт жақсысын —
Сұлтан дейді,
Ит жақсысын —
Сырттан дейді.
Жақсы жастан шығады,
Темір тастан шығады.
Жақсының жаттығы жоқ.