meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Жалғыз атты базардан қалмас.
Жалғыз атты, тойға да бармас,
Тойдан да қалмас.
Қашаған ат қасқырға тап болады.
Ұрыншақ ат ұрыға тап болады.
Асаудың теппесе
Ақысы кетеді.
Жыланның шақпаса
Ақысы кетеді.
Аттың жалында,
Атанның қомында.
Аласаны атқа санама,
Азаматты жатқа санама.
Атыңның басын алыпсың да,
Жорғасы қалып па?
Атыңның жемін таусыпсың да,
Дорбасы қалып па?
Құлын биең құнға кетті ме,
Тайлы биең таласқа түсті ме?
Кезекті суыңды сұмырай ішті ме,
Қолыңмен неге от көсейсің?
Жеңіңді неге жерге төсейсің?
Жабыны жауға мінбе жалды екен деп,
Жаманмен жолдас болма малды екен деп,
Баласын қазан аттың бақпай қойма,
Жем түсіп аяғына қалды екен деп.
Жылқының
Мінсең — үсті жел,
Ішсең қымызы — бал,
Жесең еті — бал.
Асауға ноқта,
Жүйрікке — тұмар.
Жүйрік ат — бірде ат,
Бірде — қанат.
Тұяқты тұяқ жібермейді.
Атын бергісі келмеген
Елге қарайды,
Құсын бергісі келмеген
Жерге қарайды.
Аттан түссең де,
Тұғырыңнан түспе.
Жақсы ат — көлік,
Жаман ат — өлік.
Ат қартайса
Жасқаншақ болады
Ер қартайса,
Мақтаншақ болады.
Атың болмаса,
Аяғыңа жалын,
Аяғың болмаса,
Таяғыңа жалын.
Айдың ізін ай басар,
Аттың ізін тай басар.
Жігіттің жігіті —
Түсінде жылқы көреді.
Жел мінезді жылқы мал,
Желеді де кетеді.
Ат қартайса,
Есекпен достасады.
Адам қартайса,
Төсекпен достасады.
Ақсақ атқа — алтын таға.
Жүйрік атқа,
Жел қамшы.
Тұлпар - құлыннан,
Батыр- баладан.
Атқа мінгеспе,
Мінгессең, үндеспе!