meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Ашаршылықты көп көрген
Өзі тоймай «мә» демес,
Жетімдікті көп көрген,
Үш шақыртпай «ә» демес.
Жаманға айтқан ақылың —
Далаға атқан оқпен тең.
Талабы жоқ жас ұлың —
Жалыны жоқ шоқпен тең.
Әкең өлсе өлсін,
Әкеңді көрген өлмесін.
Атадан бала туар
Атасының жолын қуар.
Әкенің жақсылығы жездедей-ақ.
Жаман да болса ұрпақ қалсын,
Ошағыңда отың жансын.
Атадан жақсы ұл туса,
Есіктегі басын төрге сүйрер.
Атадан жаман ұл туса,
Төрдегі басын жерге сүйрер.
Ата — бәйтерек,
Бала – жапырақ.
Атаның өспес ұлы
Өнбес дауды даулайды.
Аталы ұл — қожалы құл.
Атасыз ұлдың ауызы үлкен.
Атасы тұрып, ұлы сөйлегеннен без,
Анасы тұрып, қызы сөйлегеннен без.
Жақсы әке жаман балаға,
Қырық жыл азық.
Баланың бас ұстазы — ата-ана.
Бала өсірген ата-ана
Бала болып ойнайды.
Бала оқытқан ұстаздар
Бала болып ойлайды.
Әкеден безген ұл болмас,
Анадан безген қыз болмас.
Әкенің қадірін,
Балалы болғанда білерсің.
Ананың салған жолы бар,
Ананың тіккен тоны бар.
Атасы жоқ — мас жетім,
Анасы жоқ — қас жетім.
Сайына қарай — саласы,
Әкесіне қарай — баласы.
Әкеге баланың алалығы жоқ.
Атаңда болғанша,
Алақаныңда болсын.
Бала —
Ананың бауыр еті, көз нұры.
Мылқаудың тіліне анасы түсінеді.
Ананың алды — ақ жайлау.