meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Бала өз несібесін ала туады.
Бір бала, атаға жете туады,
Бір бала, атадан өте туады,
Бір бала, кейін қарай кете туады.
Жалғыз баласы бардың
Шығар-шықпас жаны бар.
Екі баласы бардың,
Өкпе, бауыр, жалы бар.
Үш баласы бардың
Бұқарада пұлы бар.
Бала ханнан үлкен,
Ашамай нардан үлкен.
Немере етін жеп, сүйегін береді.
Көргенсіз бала — көкірек,
Өнерсіз бала — өкірек.
Ерке бала — екі жылар.
Әкесі бардың ырысы бар,
Інісі бардың тынысы бар.
Әке тұрып бала сөйлесе,
Ер жеткені.
Шеше тұрып қыз сөйлесе,
Бой жеткені.
Баласынан айрылған әке
Таяғына сүйенер.
Атаңнан мал қалғанша.
Тал қалсын.
Әкеден — ақыл,
Анадан — мейір.
Бала анаға аян,
Атаға күмән.
Жас бала құстың көлеңкесіне де тоңады.
Жыламаған балаға,
Емшек бермейді.
Тісі шыққан балаға,
Шайнап берген ас болмас.
Балалы үй — базар,
Баласыз үй — қу мазар.
Бала күлкіге тоймас,
Болбыр ұйқыға тоймас.
Ұл туғанға —
Күн туған.
Итпен ойнасаң — үрерсің,
Баламен ойнасаң — күлерсің.
Ат болатын құлынның,
Бауыры жазық келер,
Адам болатын баланың,
Маңдайы жазық келер.
Жылайын деген баланың
Үш күн бұрын көзі қышиды.
Алты жасар бала атқа мінсе,
Алпыстағы шал
Алдынан шығып атын ұстар.
Балалы үйрек көлден кетпес,
Балалы жесір елден кетпес.
Болатын елдің баласы
Бірін бірі:
«Батыр!»дер.
Болмайтын елдің баласы
Бірін бірі:
«Қатын!» дер.