meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Ұлың үйленсе — ырысың,
Қызың орын тапса — өрісің.
Құс балапаны үшін тұзаққа түседі,
Адам баласы үшін азапқа түседі.
Бесік баласы
Бес түлейді.
Бала жетіге келгенше
Жерден таяқ жейді.
Өкпелегіш балақай
Өз сыбағасынан құр қалар.
Ағадағы мал — аспандағы мал,
Інідегі мал — ін түбіндегі мал,
Баладағы мал — даладағы мал.
Кіші баланың ұятын
Үлкен бала көтереді.
Бала ішегін
Шұбатып жүріп ойнайды.
Тентек баланы теке сүзеді.
Анасын көріп қызын ал,
Аяғын көріп, асын іш.
Ата даңқымен қыз өтер,
Мата даңқымен бөз өтер.
Қазанға тиме, қарасы жұғар,
Балаға тиме, бәлесі жұғар.
Мал балада қалды,
Бай далада қалды.
Атадан жақсы ұл туса,
Елінің қамын жейді;
Атадан жаман ұл туса,
Елінің малын жейді.
Балалы үйдің ұрлығы жатпас.
Боранды күні бала құтырар,
Желді күні ит құтырар.
Жақсы бала қонаққа үйір,
Жақсы тай атқа үйір.
Қыз «қуыршақ» дейді,
Бала «құлыншақ» дейді.
Келіннің сөзі кетпендей,
Баланың сөзі батпандай.
Жылайын деген бала,
Әкесінің сақалымен ойнайды.
Өз балаң,
Өзекке тепсең де кетпейді;
Кісі баласы,
Кісендесең де тұрмайды.
Үш баланы өсіргенше,
Үш шаһар апат болады.
Баласы бардың өңі ойнар,
Балтасы бардың қолы ойнар.
Қарға баласын «аппағым» дейді,
Кірпі баласын «жұмсағым» дейді.