meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Оймақ пішсең де,
Ойлап піш.
Әр нәрсеге асық болғанша,
Бір нәрсеге машық бол.
Бір жақсы қыз,
Екі жаман ұлға татиды.
Қыз кетсе — қуаныш,
Тұрақтаса — жұбаныш.
Қыз жоқ жерде — қызық жоқ.
Апасы киген сәукелені,
Сіңлісі де киеді.
Теңін тапсаң — тегін бер.
Жетім қыздың жеңгесі көп.
Қызғаншақтың қызы
Күйеусіз қалады.
Үкісіз қыз болмас,
Тікенсіз гүл болмас.
Ұл баланың
Үй күшік болғаны жараспайды,
Қыз баланың
Қыдырма болғаны жараспайды.
Қызыңды құтты орынға қондырғанша күт,
Ұлыңды отау иесі болғанша күт.
Қызым, қызым, қыз кісі,
Қызыма келді жүз кісі,
Жүз кісінің ішінен
Таңдағаны бір кісі!
Күйеу — жолдасымен,
Қыз — жасауымен.
Таза сабаның қымызын іш,
Мейірбан ананың қызын ал.
Жақсы қыздың жасауын
Жақын-жаран жасайды.
Жаман қыздың жасауын
Сұран-тілен жасайды.
Қызды сөкпе,
Тұзды төкпе.
Сақау қыз
Май сұраймын деп,
Шай сұрайды.
Қыздың аңқауынан сақта,
Ұлдың жалқауынан сақта.
Сұлу гүлдің сарғайып
Солар кезі болады.
Сұлу қыздың әр тайып,
Оңар кезі болады.
Қырын алған жігітті
Қыз қасынан ит қабар.
Астың дәмін тұз келтірер,
Ауылдың сәнін қыз келтірер.
Қыз ауыр ма, тұз ауыр ма?!
Қыздың көзі қызылда.
Қызды ауылдың иті жатпас.