meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Ауырып тұрдың,
Аунап тұрдың.
Ауырып, жазылған жан олжа,
Жоғалып, табылған мал олжа.
Керең — адамның аузына қарар,
Соқыр — кісінің дауысын бағар.
Тыймаған ауызда пәле бар.
Тұмау аяғы— құрт,
Тұман аяғы— жұт.
Аш кісі — ұрысқақ,
Ауру кісі — тырысқақ.
Басы ауырып,
Балтыры сыздамағанның
Ештеңемен ісі жоқ.
Тұр-тұрдан хабар келсе,
Ұйқыдан маза кетеді.
Басы аманның — малы түгел.
Төр төбесінде отырып,
Теріс сөйлегеннен түңіл
Есік алдында отырып,
Ерсі сөйлегеннен түңіл.
Жігіт жауда өлер,
Шешен дауда өлер.
Сақина — сәнге жатпас,
Айқай — әнге жатпас.
Ақын өлең айтпайды, жантайған соң,
Адам келмес үйіңе мал тайған соң.
Біреу қасып айтады,
Біреу басып айтады,
Біреу жаны ашып айтады.
Көргенінен көз ақы алады,
Сөйлегенінен сөз ақы алады.
Әділ сөздің зілі жоқ,
Көп көзінен өткен істің міні жоқ.
Әзіл айтсаң да,
Әділ айт.
Көңілдегі құпияңды —
Көзің айтып қояды,
Көп сөйлеген күпілдеп —
Сөзің айтып қояды.
Дуасыз ауызға,
Судыраған сөз бітер.
Жылан мінез жауызға
Жеп қойғандай көз бітер.
Кедейге өлең айтқан да — шығын.
Шешеннің сөзі — ортақ
Шебердің бөзі — ортақ.
Ақынның хаты өлмейді,
Батырдың аты өлмейді.
Сөзі ырайлының —
Жүзі шырайлы.
Аузын бағып айтқанның — аузы күймес,
Отын бағып жаққанның жеңі күймес.