meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Аяқ — арғымақ.
Қол — азамат.
Көз — жанат.
Сөз — қанат.
Ар, намысы бар жігіттің
Жолдасы бар жолында.
Ар, намысы жоқ жігіттің
Ұяты бар қолында.
Жасық жолдастан
Жыңғыл таяқ артық.
Сөз анасы — құлақ
Жол анасы — тұяқ.
Су анасы — бұлақ.
Көз анасы — шырақ.
Алысқа сілтейтін —
Асыл — мұрат.
Жаманмен жолдас болсаң,
Жаласына қаласың,
Наданмен жолдас болсаң,
Бәлесіне қаласың.
Батыл жігіт жол бастар,
Ақын жігіт той бастар.
Әңгіме жолдан қалдырар,
Жолсыздық ұрыға алдырар.
Ұлы жол,
Үйіңнің табалдырығынан басталады.
Қабаған ит келер ырысты қайырар,
Қарау қатын жолдасыңнан айырар.
Жорға мінген,
Жортақы мінгенмен жолдас емес.
Жолдасы жақсы — жолды болар,
Жолдасы жаман — қолды болар.
Себепсіз сергелдең жоқ.
Есек болса, ерттеуші табылар.
Көз көргенді көңіл тілейді.
Мал сақтама, ар сақта.
Ел намысы – ер намысы.
Ер жігітке өлімнен ұят күшті.
Жол қадірін, жүрген біледі.
Тапқан қуанар,
Таныған алар.
Жоқ іздеген
Жоғалғанды табады.
Бір күндік жолға шықсаң
Үш күндік жол азық ал.
Жолдасы көптің —
Жорғасы көп.
Аттылы, жаяу келеміз баяу.
Жол анасы — із,
Ер анасы — түз.