meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Атың жаман болса,
Қарың кетер.
Балаң жаман болса.
Арың кетер.
Сөздің аласы – жаман,
Оттың шаласы – жаман.
Жаман сөз – жылытады,
Жақсы сөз – жұбатады.
Жаман арба жол бұзар,
Жаман адам ел бұзар.
Азаматтың ақысын,
Азамат қайырар,
Жаман сөз жалпақ,
Жұртқа жайылар.
Жылағанның көзі жаман,
Сұрағанның өзі жаман.
Жаман жігіт – үйкүшік.
Шабан ат дегенше,
Жаман ат десеңші.
Шабан жігіт дегенше,
Жаман жігіт десеңші.
Жаманнан жарты қасық ас қалады.
Әдепсіз өскен адамнан
Тәртіппен өскен тал жақсы.
Жөн білмейтін жаманнан
Жайылып жүрген мал жақсы.
Өзін зорсынып,
Өзгені қорсынған жаман.
Біреуге ор қазба, өзің түсерсің.
Ұл таппас қатын болмас,
Тұрарын айт.
Мал таппас жігіт болмас,
Құрарын айт.
Жақсы әйелдің қолы ұзын,
Жаман әйелдің тілі ұзын.
Олақ қатынның пісірген сүті іріп кетер,
Илеген терісі шіріп кетер.
Жалқау қатынның төсегі
Тал түске дейін жиылмас.
Бардың қатыны өлсе,
Төсегі жаңғырар.
Жоқтың қатыны өлсе,
Басы қаңғырар.
Қатының жақсы болса — шырағың,
Атың жақсы болса — пырағың.
Қатын мен қатын
Құдық басында кездесер,
Су мен отын
Ошақ басында кездесер.
Қарыздан да қатын ал,
Қатының қалар жаныңда.
Екі қатын алғаның —
Өзіңді отқа салғаның.
Ұрыспай айрылған
Ұялмай қосылар.
Аш итке ас берсең,
Анаңа тартқаның.
Жаяуға ат берсең
Атаңа тартқаның.
Керенауды күлісінен білерсің,
Сүр бойдақты жүрісінен білерсің.