meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Күле кіріп,
Күңірене шыққаннан сақтан,
Күн шығып тұрып
Құя жауғаннан сақтан.
Жақсыны жамандасаң
Аруағы тасады;
Жаманды жамандасаң,
Құты қашады.
Жаман ағайын
Бар болсаң
Көре алмайды.
Жоқ болсаң
Бере алмайды.
Жаны жайсаң жігіттер
Дария шалқар көлмен тең:
Жан аян кескен жігіттер
Ел қонбаған шөлмен тең.
Қарға қаңқылдаса,
Қысты шақырады.
Қаз қаңқылдаса,
Жазды шақырады
Жақсы жүрген жерін
Мақтап жүреді,
Жаман жүрген жерін
Даттап жүреді.
Айыратын жаман бар,
Қосатын жараң бар,
Барын ішпейтін сараң бар,
Жасырып ішетін арам бар.
Жақсының сөзі кепіл,
Жаманның өзі кепіл.
Жаман байыса,
Жақынын танымас.
Даңқ қуған далама қалады,
Мақтан қуған масқара болады.
Қыңыр істің қырық жылдан соң да
Қиығы шығар.
Жаман есепші
Жанынан төлейді.
Іші тарлық — сараңның ісі,
Жалақорлық — жаманның ісі.
Азар болса, жақын жаман,
Шабан болса, атың жаман.
Шайпау болса, қатын жаман.
Құтырған әкім
Құдыққа түкіреді.
Жаманға айтқан ақыл,
Жапанға атқан оқпен тең.
Жақсыдан жаман туады,
Бір аяқ асқа алғысыз;
Жаманнан жақсы туады,
Адам айтса нанғысыз.
Жаман мақтанса қатынын сабар.
Жақсыға жанас,
Жаманнан адас.
Жаманмен жолдас болсаң,
Кесірі жұғар,
Жақсымен жолдас болсаң,
Несібі жұғар.
Жақсы әке жаман балаға,
Қырық жылдық ризық.
Ескіге жаңа — өлшеуіш,
Жаңаға жақсы — өлшеуіш.
Жақсыға шаң жуымас,
Жаманға жан жуымас.
Басыңа іс түссе,
Жақсы көмек етеді,
Жаман күліп өтеді.