meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Қашпақ болсаң, зымыра.
Талап — талмас қанат.
Есік көргенді алма,
Бесік көргенді ал.
Іздеген мұратына жетеді.
Жаны сұлудың
Тәні сұлу.
Ақымақтың ала-құласы болмайды.
Опаға барған — ағарар,
Жосаға барған — қызарар.
Еркенің көзі жасты,
Етегін бұзау басты.
Тауда туған құлынның
Екі көзі таста,
Ашаршылықта туған баланың
Екі көзі аста.
Өзек қуа ағады,
Өзен судың саласы.
Алыстан сәлем береді,
Әдепті елдің баласы.
Қайтып кірер есікті
Қатты серппе.
Өтірікші алдымен
Өзін алдар.
Тек жүрсең,
Тоқ жүрерсің.
Ұлың өссе,
Ұяттымен ауылдас бол,
Қызың өссе,
Қылықтымен ауылдас бол.
Тасты бассаң, кетілер,
Сазды бассаң, жетілер.
«Сіз» деген әдеп,
«Біз» деген көмек.
Баланы жастан,
Келінді бастан тәрбиеле!
Сумен ойнама, батарсың,
Отпен ойнама, жанарсың.
Ойнақтаған бота
От басады.
Еркенің көзі кеппес,
Жорғаның тері кеппес.
Алдияр,
«Алдияр» десең, дандияр.
Есіктен орын тапсаң,
Төрге озба.
Ұялмаған бұйырмағанды ішер.
Бар, барын жейді,Ұятсыз арын жейді.