meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Өз аузына ие болмаған:
Астындағы биесінен айрылған,
Жетегіндегі түйесінен айрылған.
Тікен кірсе жаныңа,
Тілмен сылап аларсың.
Тікенектің зардабын
Гүлмен бұлап жазарсың.
Хан сырын білгеннің,
Қаны төгіледі.
Орыс бар жерде — қоныс бар.
Есітпеген — елде көп.
Иті семіз, малы арық —
Жер азғыны,
Ынтымағы болмаса,
Ел азғыны.
Ел көркі — мал,
Өзен көркі — тал.
Көшпелі елде аласың болса,
Көше-көше қасыңа келер.
Елдің ерлігі ерінен танылар,
Елдің байлығы жерінен танылар.
Көлден кетсе жалбыз мұң,
Елден кетсе жалғыз мұң.
Ел ағасыз болмас,
Көл жағасыз болмас.
Білек түр де еңбек ет,
Етек түр де елге жет.
Ынтымақты елге ешкім батпас,
Ынтымақсыз елдің таңы атпас.
Қатардан ассаң да,
Халықтан аспақ жоқ.
Тозар елдің — жанжалы бітпес,
Озар елдің арманы бітпес.
Кең киім тозбайды,
Кеңесті ел азбайды.
Ел қалаған ұл, қыздар —
Ел көгінде жұлдыздар.
Өрісті жол — елге жеткізер,
Өзен, су — көлге жеткізер,
Соқпақ — жолға жеткізер.
Жол молға жеткізер.
Қалыптан безсең де,
Халықтан безбе.
Сенде болсын, менде болсын,
Менде болмаса, елде болсын.
Туған жер – тұғырың,
Туған ел – қыдырың.
Елінен безіп, елсізде өлгеннің
Екі көзін қарға шұқиды.
Ел іші — алтын бесік.
Елде болса ерінге тиеді,
Ауылда болса, ауызға тиеді.