meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Өзбек — өрістес ел,
Қырғыз — қоныстас ел.
Қарақалпақ — қарындас ел,
Түрікпен — тамырлас ел.
Көппен көрген — ұлы той.
Көп алғысы көгертер.
Көп қорқытады,
Терең батырады.
Көпке тентек —
Құдайға шет.
Көпті сөккен — көгермес.
Көпті жамандаған —
Көмусіз қалар.
Жоргаң қатты болса,
Төске сал,
Ісің ақ болса,
Көпке сал.
Тамшыдан тама-тама дария болар.
Көпке топырақ шашпа.
Құдайға жазсаң жаз,—
Көпке жазба.
Шөп те болса, көп болсын.
Көп қараса, жоқ табылар.
Мешіттің азаншысы болғанша,
Халықтың қазаншысы бол.
Ашыққан не жемейді,
Ашынған не сөйлемейді.
Жесір қатын ер болар,
Жетім бала ел болар.
Ел иесіз болмайды,
Сөз жүйесіз болмайды.
Бұрынғыны айтпай,
Соңғы еске түспейді.
Әсем мінез аққуды
Айдын шалқар көлде көр.
Жаны сұлу аруды
Жадырай қонған елде көр.
Оттың қасынан от жақпа,
Елді бұзады.
Құдық қасынан құдық қазба,
Жерді бұзады.
Қарын қамын ойлаған —
Қаралықтың белгісі
Халық қамын ойлаған —
Саралықтың белгісі.
Жетесіз бала «жерден алдым» дейді,
Жетілген бала «елден алдым» дейді.
Жемісті ағаш,
Жерге иіліп тәжім етеді.
Жетелі жігіт,
Елге иіліп тәжім етеді.
Жұртпен жүрген жүдемес.
Арқанның ұзыны жақсы,
Әңгіменің қысқасы жақсы.