meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Көптік қайда болса,
Тоқтық сонда болады.
Көптің ауызы —
Темір талқы.
Көптен қулық артылмас,
Көзді дария сарқылмас.
Өзім білем деген жігіттің
Басына ойран салғаны;
Көп біледі деген жігіттің
Басына қорған салғаны.
Ел айрылса — көбіне,
Жол айрылса — теңіне.
Кеңесті ел — кемімес.
Көп ұнатса,
Көк тоқтыңды сойып бер.
Сыйынғаннан сүйенгенің
Күшті болсын.
Нарды сөкпе,
Нанды теппе.
Көп дәнекер
Көлді де бекітер.
Аздың атасы бір,
Көптің батасы бір.
Қолы ұзын сүйгенін алады,
Қолы қысқа тигенін алады.
Көбікті төкпе,
Көпті сөкпе.
Көштен бөлінсең де,
Көптен бөлінбе.
Мың ұрғанды жын ұрады.
«Көп біледі» деген күледі,
Өзім білем деген өледі.
Сынасуға жараған,
Сыйласуға да жарайды.
Жұртқа қолыңды жайғанша,
Жұрттан жұрқа терген артық.
Бетеге, жусан — бел көркі,
Білімді ұл, қыз — ел көркі.
Халықты дана қосады,
Қатын мен ерді бала қосады.
Өсер елдің баласы
Қозысын күтіп қой қылар,
Өспес елдің баласы
Қозысын сойып, той қылар.
Қартайған ата марқаяр —
Қанатын жазып қызы өссе,
Қартайған ата марқаяр —
Халыққа жағып ұлы өссе.
Жер бауыры суық,
Ел бауыры жылы.