meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Базарға әркім барар,
Өзінің керегін алар.
Қасқырда қас қылмайды жолдасына.
Саудагерде иман жоқ,
Арын сатады,
Өтірікшіде иман жоқ,
Жанын сатады.
Саудагер базарын сатады,
Делдал ажарын сатады.
Әкімің әділ болмаса
Жұрт бұзылады;
Саудаң әділ болмаса
Нарық бұзылады.
Үйдегі есепті
Базардағы нарық бұзар.
Алдамасаң — базар жоқ.
Иттен сүйек қарыздар.
Саудагер құнықса,
Сақалын күзеп сатар.
Ақшалының қолы ойнар,
Ақшасыздың көзі ойнар.
Ақша ашпайтын құлып жоқ.
Алтын базарында бағалы.
Сатушыны алушы ұтады.
Малдың нарқын иесі айтпас,
Базар айтар.
Сәудегер бөзін мақтайды,
Үйші тезін мақтайды.
Бай бір жұттық,
Батыр бір оқтық.
Жаңа байыған,
Жақынын да танымас.
Жарлы — жомарт,
Бай — нәмарт.
Бармын деп мақтанба,
Жоқпын деп қорланба.
Күні біткен жалшы,
Көнекті сырттан сұрайды.
Бар болсаң — аспа,
Жоқ болсаң — саспа.
Бар, барын айтады,
Жоқ зарын айтады.
Жуан созылғанша,
Жіңішке үзіледі.