meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Ері даңқты болса,
Елі антты болса,
Әруағы артып жүреді,
Жауы аяғын тартып жүреді.
Жібек белбеу — белдің көркі,
Батыр жігіт елдің көркі.
Намысы бар жігіттің
Нар күші бар.
Намысы жоқ жігіттің
Қай күші бар?
Шын жолдас сөзге берік —
Ерге серік.
Сөзде тұру — ерлік,
Сөзді жұту — қорлық.
Қақпақты найзамен ашпас болар,
Күлді қылышпен шашпас болар.
Ат басына күн туса,
Айыл, тұрман садаға:
Ер басына күн туса,
Бастан құлақ садаға.
Той өткен соң дағара,
Жау кеткен соң дабыра.
Бітісі жаман қамысты
Су ішінен өрт шалар.
Жүрісі жаман жігітті
Ел ішінен жау алар.
Жыланды шала өлтірме,
Жауды жақын келтірме.
Ер көтерер өлімді,
Дос көтерер көңілді.
Алыс жолға шығар болсаң,
Алдымен жолдасыңды сайла,
Жаудың алдын алар болсаң,
Алдымен қолбасыңды сайла.
Ақылдан асар амал жоқ,
Батылдар алмас қамал жоқ.
Шамасыз батырлық —
Шарасыз өлім.
Батылдық — батырлықтың сауыты.
Жауды басындырма,
Жақынды ашындырма.
Қос ұл туған қатынды
Ханым десе болады.
Ел қорғаған батырды
Нарым десе болады.
Бөрі аулайтын жігіт
Бөрігінен белгілі.
Жау алатын жігіт
Серігінен белгілі.
Шөлде суыңды сақта,
Соғыста туыңды сақта.
Арзымасқа алдырма,
Аяғыңнан шалдырма.
Арзымасқа алдырып,
Аяғыңнан шалдырып,
Атаңды ұятқа қалдырма.
Байы өлген қатынның беті жара,
Бағы тайған батырдың еті жара.
Пұлыңды берсең, нарға бер,
Жолында жүк қалдырмас.
Қызыңды берсең ерге бер,
Жолдасын жауға алдырмас.
Ақ білектің күшімен,
Ақ найзаның ұшымен.
Шоқпарды сала білмеген,
Өзіне тигізер.
Инені ұстай білмеген,
Көзіне кіргізер.
Дұшпанға тастай қатты бол,
Досыңа балдай тәтті бол.