meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Жорға жолға түспесе,
Жол ұрады.
Ер жолға түспесе,
Қол ұрады.
Ер жапа көрмей,
Опа көрмес.
Ер қадірін іс түскенде білерсің,
Етік қадірін қыс түскенде білерсің.
Қаһарман бір рет өледі,
Қорқақ мың рет өледі.
Ер жігіт —
Етек, жеңі кең жігіт.
Ердің ұялғаны — өлгені,
Еменнің майысқаны — сынғаны.
Өзін өзі білген ер бақытты.
Өзін өзі билеген ел бақытты.
Қасқырдан қорыққан
Тоғайға бармас.
Қасқыр қарызын терісімен төлейді.
Жолбарыс жұлқынса,
Жонынан от шығады.
Бөрі арығын білдірмес,
Итке сыртын қампайтар.
Арыстан күшігін тістеп сүйеді.
Қасқырдың ауызы жесе де қан,
Жемесе де қан.
Ер жігіт елдікі.
Ебелек желдікі.
Тәуекел тас жарады,
Таяқ бас жарады.
Жора, жолдас не керек,
Жауға бірге шаппаса,
Арғымақ мініп не керек,
Жабыдан озып артпаса.
Кезенген жаудың кезінен сақтан,
Сойқандының сөзінен сақтан.
Күміс тозса — күл,
Жігіт арыса — құл.
Жол жарасты көрінер
Ылдиы мен өрімен,
Қол жарасты көрінер
Қолбасшы батыр ерімен.
Оқтаулы мылтық
Мың күн тұрса, өзі атылады.
Оқтаулы мылтық
Мың күн атылмайды,
Бір күн атылады.
Аянкестің белгісі —
Арықты да «жар» дейді.
Еркетайдың белгісі —
Кең дүниені «тар» дейді.
Елге ел қосылса — құт,
Желге сел қосылса — жұт.