meta charset="utf-8"> Қазақша портал

Бөлім: «Мақал-мәтелдер жинағы»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Жаманға жалынғанша,
Жат та жаныңды қарман.
Ашыққаннан, құныққан жаман.
Жуастан жуан шығады.
Тышқан ініне ене алмай жүріп,
Құйрығына қалжуыр байлайды.
Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазар.
Мешкейдің өзі тойса да, көзі тоймайды.
Жарамсақтанған ит жатқанша таяқ жейді.
Аузы күйген үрлеп ішеді.
Сауысқаннан сақ бол.
Қарап жатқан жыланның құйрығын баспа.
Аузың толған қан болса да,
Дұшпанның алдына төкпе.
Шөлмек мың күн сынбайды,
Бір күн сынады.
Аспанға қарай оқ атпа,
Өзіңнің түсер басыңа.
Ежелгі жауда елдік жоқ.
Жау қайда деме, жар астында,
Бөрі қайда деме, бөрік астында.
Жау құтырса, шаңырағыңа қобыз тартар.
Дұшпан күле кіріп,
Күңірене шығар.
Қастағы сояу көзді аңдиды.
Жыланның өзі өлсе де,
Құйрығы өлмейді.
Көп жорытқан жылан, аяғын көрсетер.
Көп жорытқан ит, күшәлаға жолығады.
Алыстағы жаудан, аяқ астындағы дұшпан жаман.
Алысқан жауға арқанды көрсетпе.
Күрілдеп келген жаудан,
Күлімдеп келген жау жаман.